Ұлттығымыздың белгісі – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап қана қоймай, оны өскелең ұрпақ бойына дарыта білуде жатыр. Заман өзгереді, заманына сай қоғамның дамуы да жаңарып, әлемдік тәжірибеге талпыныс жасап ұрпақ да жаңаша бой түзейді. Бұл – заңдылық. Тек қана өзгермейтін бір ақиқат бар. Ол тағы да - ұлттығымызды сақтап қалу.
Самарқанның көк тасын еріткен жаңару мен кешірімге толы жыл басы – Наурыз мейрамында осы бір қанымызға сіңген қазақы қасиеттерді паш етіп қалуға тамаша мүмкіндік туады.
- Тарихи Отанымыздан шалғай жүрсек те, қазақ болып туғанымыз үшін Жаратушымызға шексіз алғысымызды білдіреміз,- деп бастады әңгімесін Омбы қаласындағы Сібір қазақтары мәдени орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісова.
Сөз саптауының өзінен ерекше бір отансүйгіштік сезімнің барын аңғару қиын емес еді. Телефон арқылы болған қысқа сұхбатта қандастарымыздың Наурыз мейрамын думандатып өткізгені жайлы айтып берді.
Омбы облысы Называев ауданы Старинка ауылындағы мереке шымылдығы театрландырылған көрініспен ашылыпты. «Армысың, жаңа күн!» атты бағдарлама шеңберінде ең бастысы Ұлыстың ұлы күні ағайын-туыс бір-біріне деген реніштерін ұмытып, айналасындағыларға ақ ниеттен туатын «ақ мол болсын» деген тілектерін айтысыпты. Ауыл ағалары ізбасарларына салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз жайлы мол мағлұмат беріп, туған жерге деген сағыныштарын ән-жырға қосқаны жайлы естігенде менің де ет-жүрегім елжіреп кеткенін жасыруға болмас.
Он саусағынан өнер тамған апаларымыз маңайына келін-кепшікті жинап, кілем тоқу, ою-өрнекпен көмкерілген құрақ құрау, түрлі әшекей бұйымдар мен сыйкәделер жасаудан байқау ұйымдастырған. Сондай-ақ, дәмі тіл үйіретін ұлттық тағам түрлері молынан жайылып, «ұзынсарыға» деп сақталған астан көпшілікке ауыз тигізуді де естен шығармаған абзал аналарымызға ризашылық білдіргің келеді. Бұл бөлімді «Шығыс жәрмеңкесі» деп атапты.
Қаракөздеріміз көптеп топтасқан бұл елдімекенде ұлттық ойындарға да ерекше мән берілетін көрінеді. Жауырынының жер жастанғанын ар көрген азаматтарымыз қазақ күресі бойынша бақтарын сынаған. Арғымақтың жалынан тартып мінген бозбалалар аламан бәйге, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық ойындарды көрсетіп қана қоймай, олардың тарихы туралы терең тарқатып, түсіндіріп беріпті.
Таңның атысынан іңір батқанша тыйылмаған тойға Омбы облысы көркемөнерпаздары түгелдей қатысқан.
Жүрегі ұлтым деп соққан Алтынай апамыздың айтуынша, бұл күні төл мерекемізге Омбы қазақтарымен «ауылы аралас, қойы қоралас» қоныс тепкен қырғыз, өзбек, тәжік диаспоралары өкілдері де белсене араласып, қызығушылық танытыпты. Думан дүбірі мұнымен шектелмей, облыс орталығында да жалғасын тапқан көрінеді.
Шынында да, шетте жүрген қандастарымыздың көңілі шат екенінен хабардар болғанда бойыңды ерекше бір сезім билейді екен.
- Қоңырау шалып, хабарласуымыздың басты мақсаты - сағынышымызды ғана жеткізу емес, барша отандастарымызды ұлы мерекемен құттықтау еді. Ыстық ықыласымызды жеткізіп, бүкіл қазақстандықтарды бауырыңызға басып құшақтау Сіздерге аманат!- деп аяқтады әңгімесін Алтынай Жүнісова.
Жұмабек Сманов.

