БАНК БАСПАНАДАН АЙЫРА ЖАЗДАДЫ...

 

Бүгінгі таңда қай газетті қарасаң да, банктердің пәтерлерді аукционға қою туралы жарнамасынан көз сүрінеді. Қаншама адам несие төлей алмай, баспанасынан айырылып жатыр. Бұған қарыз алушылардың өздері кінәлі болғанымен, қарыз беруші тарапты да «сүттен ақ, судан таза» деуге болмас. Өйткені көп жағдайда банк менеджерлері қарыз алушының шамасын сараптап жатпай-ақ несие ресімдегенге мәз болады. Олардың несі кетеді, өздеріне тиесілі сыйақыларын алып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Біреулер үйсіз қалып жатса да, банктің ұпайы түгел.

Ж

алпы, банкпен арада болатын келеңсіздіктерге көп жағдайда клиенттің өз құқықтарын білмеуі, заңды түсінбеуі себеп болып жатады. Екінші жағынан, қарапайым жұртқа банктегілердің айтқаны бұлжымас заң сияқты көрініп, соларға толық сенеді. Бірақ банк қызметкерлерінің де қате жіберетін сәттері көп. Жұртшылық алдағы уақытта сондай қатеге ұрынбасын деп және банктердің қитұрқы әрекеттеріне жөнсіз илана бермесін деген ниетпен өз басымнан кешкен төмендегі оқиғаны баяндағым келеді.

2008 жылы жеңгем қайтыс болып, артында кәмелет жасқа толмаған баласы қалды. Көзі тірісінде жеңгем сіңлісі банктен несие алып, кепілзат қажет болғанда, екі бөлмелі пәтерін кепілге қойған екен. Пәтерге мұрагерлік ресімдеген кезде банк қажетті құжаттарды бермей, анасынан айырылған қайғылы баланы әуре-сарсаңға салып қойды. Нотариустың сұрауымен әрең дегенде мұрагерлік рәсімдеуге рұқсат беріп, соның өзінде сан түрлі қағазға қол қойғызып, бірсыпыра ақша шығындаттырды.

Менеджерлерден сұрастырып білсек, жеңгем марқұмның сіңлісі, яғни несие алған адам несиесін өтей алмай отыр екен. Несиеге «КамАЗ» автокөлігін алған оның жағдайы келмей, ай сайын 200 мың теңгеден төленуге тиісті қарыз үсті-үстіне жинала беріпті. Осы кезде банк менеджерлері бізге: «Ең дұрысы, пәтерді сату» деген ұсыныс айтты. Сіңлімнің құжаттарын рәсімдеуге ылғи да өзім жүгіретіндіктен, менеджерлерге: «Пәтерді, мәселен, 10 мың АҚШ долларына сатсақ, сол ақшаның қаншасын банк алып, қаншасы иелеріне қалады?»- деген сұрақ қойдым. «Ақша түгелімен банкке тиесілі»,- деді олар. Бастапқыда: «Мәселені шешудің ең оңай жолыпәтерді сату. Сатсаңыздар, бірталай пайызы иелеріне қалады», - деп алдаусыратқан менеджерлердің енді бұлайша сайрағанына таң қалдым. Адам тағдырына пысқырып та қарамағаны ғой. «Онда несіне сатып алатын кісі іздеп әуре боламыз? Бізге қандай пайда?»- деп едім, менеджер: «Есесіне пәтердің ақысын несие алған адамнан біртіндеп өндіріп ала беретін боласыздар»,- деді.

...Байқаймын, әлдеқандай қағаз, құжат сұрай қалсақ, банктегілер бәрін сөзбұйдаға айналдырып жібереді. Сөйтіп жүргенде екі жылдай уақыт өтті. Несие алушы жақ банк алдындағы қарызынан құтылуға асығар түрі көрінбеді. Бүйте берсе, бара-бара кәмелетке толмаған баланың баспанасыз қалатын түрі бар. Ойланып-ойланып, құзырлы мекемелерге арыз жазып, шағым жасадым. Обалы нешік, олардың әрқайсысы шама-шарқынша сұрау салып, банктегі жағдайды біліп, бізге түсініктеме беруге тырысып бақты. Қай заңның қандай баптарына сүйену керектігін айтқан жауап-хаттардың бәрі «Сотқа жүгініңіздер»,- деген сөйлеммен түйінделіп отырды.

Келген хаттардың мазмұнынан аз да болса бірдеңені ұққандаймын. Ал бұл кезде банк менеджерлері бізді қайта-қайта мазалап: «Қалалық білім бөліміндегі қамқоршылық кеңес арқылы несиеге келісім ресімдеңіздер, себебі пәтердің ендігі иесі кәмелетке толмаған бала ғой. Егер ондай келісімді бермесеңіздер, үйден айырылып қаласыздар. Несие толық төленіп болғанда біз пәтерді кімге қайтаратынымызды білмей қаламыз. Өйткені оны кепілге берген адам дүниеден өтті,- деп, ақылға сыймайтын әңгімелер айтып, бізді шатастыруға тырысып жатты.

Жоғарыда айтқанымдай, құзырлы органдарға хат жазу барысында, заңды жетік білмегендіктен, мен де қатты қателесіп жүріппін. Мен бұл мәселеге тек баланың тағдыры тұрғысынан қарап, «Кәмелетке толмаған баланы банк неге ескермеген?», «Бала үйсіз қалғалы отыр» деп жаза беріппін. Бірақ оған селт еткен жан болмады, бәрі «Бала бұл үйдің меншік иесі ретінде тіркелмеген екен»,- деп уәж айтты. Әйтсе де, анасымен үй кітабының бір парағында бірге тіркеліп тұрған баланы ешқандай органның да, банктің де көзге ілмегені күлкілі еді.

Бұл істе менің көзімді ашқан адам Л.Лыкова деген адвокат болды. Ол қолымдағы екі жыл бойы тірнектеп жинаған құжаттарыма қарады да, «Бұл жерге баланы қыстырудың еш қисыны жоқ. Бұл жерде сіз мықтап сүйенетін бір жайт бар. Жеңгеңіз бен ағаңыз заңды некеде тұр, яғни ағаңыз да пәтердің меншік иесі болып табылады. Осыған қарамастан, банк ағаңыздың жазбаша рұқсатын алуды қажет деп таппаған екен»,- деді. Заңгердің бұл сөзі бойыма жігер құйғандай болды. Сөйтіп, сотқа жүгінуді шештім. Құжаттарымды құшақтап, жеке меншік заңгерге келіп, талап-арыз жазып беруін өтіндім. Ол да ақыл-кеңесін аямай, қолынан келгенше көмектесті, заңгерлік біліммен қаруландырды. Мұндай жағдайда сот процесіне адвокат жалдау 25-50 мың теңгедей болады екен. Бірақ дау-дамай ұзаққа созылар болса, шығатын шығын көбейе түспек. Кем дегенде 25 мың теңге де, ойлап қарасақ, қыруар ақша. Бірақ барлық таныстарым «сотта адвокатсыз жеңіп шығу еш мүмкін емес» деп қорқытуларын қоймады. Әрі ойланып, бері ойланып, «менің туыстарымның жайын менен артық білер кім бар дейсің? Іс біздің пайдамызға шешілсе де, шешілмесе де, адвокат өзіне тиесілі ақшаны бәрібір алады. Тәуекелге бел байлап көрсем қайтеді?» деген ой келді. Өкінішке қарай, талап-арызды сотқа орыс тілінде беруге тура келді. Өйткені, іс өте күрделі. Оның үстіне, банктегілер қазақшаны қайбір ұға қояр дейсің. «Аудармада ақау кетіп жатса, еңбегім зая кетіп жүрер» деп түйдім іштей. Өзімнің де орысшам қатып тұрған жоқ. Әйтсе де демалыс күндері орталық кітапханаға барып, өзіме қажетті заңдарды парақтап, қазақшасын да, орысшасын да зерделей бастадым.

Сот болатын күн де келіп жетті. Сотта, әрине, көкейде сайрап тұрған ойымды заң тілінде көңілдегідей жеткізе алмаған тұстар болды. Бірақ сот біздің пайдамызға шешілді. ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңының 32-бабы бойынша заңды некеде тұрған уақытта алынған мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі болып есептеледі. Ал ҚР Азаматтық Кодексінің 304-бабына жүгінсек, ортақ меншіктегі мүлікті кепілдікке беру үшін барлық меншік иелерінің нотариус растаған жазбаша рұқсаты керек. Біздің жағдайда банк азаматтардың ҚР Азаматтық Кодексінде, «Неке және отбасы» Заңында көрсетілген құқықтарын белден басқан болып шықты. ҚР Азаматтық Кодексінің 157-бабына, «Неке және отбасы» Заңының 33-бабына сәйкес, ортақ мүлік несиеге қойылғанда жазбаша келісімін бермеген отбасы мүшесі жасалған мәмілені сот тәртібімен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы. Осылайша, сот банкпен арада жасалған келісімшартты заңсыз, яғни жарамсыз деп танып, қазір аталмыш пәтер кепілден босатылды.

Заңгерлік кеңес беріп, бізді дұрыс жолға бағыттаған Лейла Лыкова мен Шолпан Сейсембаеваға, әділетті шешім шығарған судья Г.Тергемесоваға алғысымыз қалай көп болса, бізді алдап пәтерді сатқызбақ болған және анасыз баланың тағдырын тәлкек еткісі келген, сонымен қатар еліміздің заңын аяқасты еткен банк қызметкерлеріне таңғалысымыз соншалықты көп. Айтайын дегенім, қарапайым жандардың банктегілерге әрдайым сене бермегені абзал....

 

Ж.ҚАДЫРОВА,

Екібастұз  қаласы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 26 27
28 29 30 31