әскери Даңқ музейі
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс орталығында сұрапыл соғыс жылдарындағы жауынгерлеріміздің жанкешті ерліктерінен сыр шертетін деректер, құнды жәдігерлер қойылған жаңа музей бой көтерген болатын. Нысанның ашылғанына бір айға жуық қана уақыт өтсе де қазірдің өзінде оған деген қызығушылық арта түскен. «Бұл заңды құбылыс», - дейді «Замандас» ардагерлер үйінің директоры Қабидолла Шәкәрімов.
Аталмыш музей Мир көшесі бойындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангер сарбаздардың ескерткіші орналасқан саябақ алаңында тұрғызылды. Бұл – тарихи орын. Соғыс жылдарында мұнда вокзал орналасқан. Жерлес жауынгерлеріміз нақ осы жерден майданға аттаныпты. Өкінішке қарай, қайта құру жылдарында бұл орын тоқырап, бос қалған екен. Өткен жылы ескерткіш қайта қалпына келтіріліп, оның жанынан шағын саябақ тұрғызылды. Осылайша, қайта бой көтерген бұл ғимаратта әскери Даңқ музейі орналасты. Ғимарат - сонау соғыс жылдарындағы вокзалдың толық көшірмесі. Соның негізінде салынды.
Музейде соғыс жылдарындағы жерлес сарбаздарымызға қатысты құнды деректер, бірегей жәдігерлер жиналған. Олар облыстық тарихи өлкетану мұражайы мен мұрағат және құжаттама басқармасынан алынған. Аталмыш музейдің жас ұрпақ тәрбиесінде де алар орны ерекше болмақ. «Ұлы Отан соғысы жайлы сөз қозғағанда, көз алдымызға от пен қан кешкен қайсар батыр аталарымыз оралады. Қатары сиреп қалған қарт солдаттар әрдайым ұрпақтың қошеметіне бөленуі тиіс. Облысымызда ардагерлерге деген көмек, қолдау көптеп көрсетілуде. Жастар қауымы да қолынан келгенше аянып қалып жатқан жоқ. Әрине бұл ардагерлеріміздің ерен ерлігі мен еңбегінің өтемі бола алмасы анық. Дегенмен, мұның өзі егеменді елдің еркін ұрпағының қан майданда Отан үшін от кешкен батыр бабаларымызға деген шексіз алғысының бір көрінісі, сый, құрметі емес пе? Музейге келген жастар қауымы батырларымыздың ерліктерін түсініп, сол арқылы бойларына отаншылдық сезімін сіңіріп өспек», - дейді Қ.Шәкәрімов.
Шынымен, жас ұрпақты тарихын құрметтеуге тәрбиелеу - бүгінгі қоғамның басты міндеті. Бұл ретте, музейдің алар орны, маңызы ерекше.
Д.АЙТПАЙ.

