Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы Аналитикалық ақпарат орталығына қарасты «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья», «Регион.kz» облыстық газеттері біріге отырып, «Аймақ айнасы» веб-порталында интернет-конференция ұйымдастырды. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын Ертістің Павлодар өңірінде жүзеге асыру» тақырыбында өрбіген шараға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Кәшкенова Хелуа Қазымқызы қатысып, оқырмандар қауымынан келіп түскен сауалдарға онлайн режимінде жауап берді.
Шараның өтетіні туралы газет бетінде алдын ала жария етілген болатын. Сол арқылы оқырмандар өз сұрақтарын алдын ала «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья», «Регион.kz» газеттерінің редакциялары, «Аймақ айнасы» ақпараттық порталы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолдау мүмкіндігіне ие болды.
Мемлекет басшысы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттерін жүктеді. Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі болып табылады. Лайықты еңбек орнымен қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы болары анық. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін маңызды құжатта жүктелген міндеттер негізінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданған болатын. Аталмыш стратегиялық бағдарлама бірнеше бағыттар бойынша жүзеге асырылмақ.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста 23 мың жұмыссыз, 98 мың өзін өзі жұмыспен қамтушы және аз қамтылған 33 мың азамат тұрады. Осы санаттағы тұрғындардың еңбек нарығында өз лайықты орнын табуларына қолғабыс жасайтын аталмыш бағдарлама бойынша ауқымды істер қолға алынуда. Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін аймағымызда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыруда дайындыққа байланысты ұйымдастыру шаралары өткізілді. Бағдарламаны іске асыру мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құрылды. Комиссия құрамы Павлодар облысының өкілдік және атқарушы органдар, өңірлік жұмыскерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс ұйымдарының өкілдері қатарынан қалыптасты. Арнайы құрылған орталықтарда 113 маман қызмет ететін болады. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 225 жұмыс беруші талап еткен мамандықтар бойынша бағдарламаға қатысушыларды кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыруды ұйымдастыру үшін 49 кәсіптік білім беру мекемесінің тізім жасалды. Қыркүйек айында даярлық курстарына 953 адам кіріспек, ал 1810 тұрғын тамыз айында қайта даярлықтан өтуге ниеттенген екен. Олардың барлығы шәкіртақы, жол жүру мен уақытша тұрғылықты жерге арналған жәрдемақымен қамтылатын болады. Облыстың 949 азаматы бағдарламаның екінші, яғни ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша өз істерін дамытуға ниет білдіруде.
Қарлығаш:
- «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша өзімнің айналысып жүрген кәсібімді әрі қарай дамыту мақсатында шағын несие алуға болатыны туралы естігенмін. Несие алу шарттары қандай?
Жауап:
- Егер сіз табысы аз адамдар, жұмыссыздар немесе өз бетінше жұмыспен айналысушылар санатына жатсаңыз, онда бағдарлама бойынша немие алуға мүмкіндігіңіз бар. Шағын несиені қайтару мерзімі 5 жылдан аспайды. Ол республикалық қазынадан жергілікті атқарушы органдарға қайтарымдылық, қамтамасыз ету, жеделділік және ақылы болу қағидаттары негізінде ұсынылады. Несиенің нысаналы мақсаты – жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру. Ол тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын мүлік алуға берілмейді. Ең жоғары сомасы - 3 миллион теңге. Айта кетерлігі, республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органға берілетін бюджеттік несиенің сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады. Несие бойынша жылдық ең жоғары тиімді пайыздық ставканы өңірлік комиссиямен келісе отырып, уәкілетті өңірлік ұйым белгілейді. Қазіргі кезде оны анықтау шаралары аймақтық облыстық комиссияның еншісінде. Дегенмен, несие алуға ниет білдірген азаматтың кепілдікке қоятын мүлкі болмауы мүмкін. Осындай жағдайда несиелік серіктестік құрып, несие алуға болады. Бұл серіктестік шағын несие алушыға кепілдеме беруші болып табылады. Бұл іспен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы айналысады.
Ернұр:
- Бағдарлама аясында ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамыту бағыты туралы білгім келеді. Осы жайында нақтырақ айтып берсеңіз.
Жауап:
- Бағдарламаның бұл бағыты ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу бойынша жүзеге асырылатын болады. Оған ауыл кәсіпкерлері және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар адамдар қатыса алады. Осы бағыт шеңберінде мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілетін болады: шағын несие беру, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, консультативтік қызмет көрсету және кәсіпкерлік негіздерін оқыту. Шағын несие туралы жоғарыда атап өткен болатынбыз. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобалар үшін қолданыстағы жүйелерді жетілдіру, оның ішінде жолдарға, жылумен және сумен жабдықтауға, телефон және электр желілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды салуды меңзейді. Аталған құрылымның дамуын қаржыландыруды жергілікті атқарушы органдар белгілі бір техникалық талаптар немесе заңнамада белгіленген тәртіппен бизнес-ұсыныстар негізінде жүзеге асырады.
Арман:
- Бағдарламаға қатысқым келеді. Бұл үшін қандай мекемеге баруым керек? Оны жүзеге асыру мерзімі қандай?
Жауап:
- Ниет еткен тұрғындар өздерінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдіріп, қажетті құжаттарды тапсыру керек. Сол арқылы жұмыспен қамту орталығымен әлеуметтік келісімшарт жасалынады. Әлеуметтік келісімшарт дегеніміз – жергілікті жұмыспен қамту органдары мен бағдарламаға қатысушылар арасында жасалатын, тараптардың әлеуметтік қызметтерді көрсету (жергілікті билік органдары) және пайдалану (бағдарламаға қатысушылар) бойынша өзара міндеттемелерін көздейтін келісім. Бағдарламаны іске асыру мерзімі және кезеңдері үшке бөлінеді. І кезең – 2011 жыл (пилоттық), ІІ кезең – 2012 – 2015 жылдар және ІІІ кезең 2016 – 2020 жылдарға арналған
Ажар:
- Бағдарламаға қатысу шарттары қандай?
Жауап:
- Өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатыса алады. Бағдарлама келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту, олардың жұмысқа орналасуына, сондай-ақ, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
Жанар:
- «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған ауыл тұрғындарына өз бизнесін бастауға мүмкіндік береді деп естігенмін. Мен – жұмыссызбын. Өз ісімді бастауға қандай мүмкіндіктер бар?
Жауап:
- Бағдарламаға ауыл кәсіпкерлері және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар тұрғындар қатыса алады. Егер де сіз аталған азаматтар санатына жататын болсаңыз, бағдарламаға қатысуға толық мүмкіндік бар. Әсіресе, ауылда жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын әйелдерге бағдарламаға қатысудың басым құқығы беріледі. Осы бағыт шеңберінде мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрлері көрсетілетін болады. Атап айтсақ, шағын несие беру, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, консультативтік қызмет көрсету және кәсіпкерлік негіздерін оқыту.
Айгүл:
- Бағдарламаның бірінші бағытына кімдер қатыса алады және оларға қандай қолдаулар көрсетіледі?
Жауап:
- Бұл бағытқа өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандар қатыса алады. Басым мүмкіндіктер ауылдық жердегі жастар мен әйелдерге берілетіні белгілі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға тоқтала кетсек, осы бағыт шеңберінде бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар көрсетіледі, шәкіртақы төленіп, тегін біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына жолдау, оқитын адамдарға (оқу орнына дейін және кері жол жүруіне, сондай-ақ жатақханада тұруына немесе тұрғын үйді жалға алумен байланысты шығындарды өтеуге) субсидия беру, лайықты бос жұмыс орындарын іздеу, жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік еңбек орындарына орналасуға жәрдемдесу сияқты қолдаулар көрсетіледі. Сонымен қатар, жалақыны ішінара субсидиялау мен психологиялық бейімдеу шаралары да мемлекеттік қолдау түріне жатады.
Елена:
- Бағдарламаның үшінші бағытына кімдер қатыса алады?
Жауап:
- Бұл бағыт Қазақстан Республикасы азаматтарының экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларын көздейді. Бағдарламаны іске асырудың үшінші бағытына қатысудың басым құқығын ауыл жастары иеленетін болады. Осы бағытқа қатысушылар бірқатар критерийлерге сәйкес келуі қажет. Олар өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыз немесе аз қамтылған азаматтар қатарында болуы шарт. Сондай-ақ, экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерде тұрып, айлық жиынтық табысы бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысына шаққанда ең төмен күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.
Асқар:
- Бұл бағдарлама аясында экономикалық әлеуеті жоғарылау өлкелерге қоныс аударуға мүмкіндік бар. Бұл рас па? Оған қатысу үшін не істеуім қажет?
Жауап:
- Егер адам экономикалық әлеуеті төмен елді мекенде тұратын болса немесе қатысушыны бағдарламаның бірінші және екінші бағыттары шеңберінде жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, жергілікті жұмыспен қамту органына қоныс аударуға өтініш бере алады. Аталған орган құжаттардың бағдарламаның үшінші бағытына қатысуға іріктеу критерийлеріне сәйкестігін қарайды, өтініш берушілермен қоныс аударудың ықтимал жолдарын келіседі және көшетін жеріне қарай құжаттарды өңірлік немесе аудандық (қалалық) комиссияға жолдайды. Қоныс аудару бір облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға немесе басқа облыс аумағына жүзеге асырылуы мүмкін. Әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын жергілікті жұмыспен қамту органы бақылайды.
Иван:
- Қандай мамандық түрлеріне сұраныс бар?
Жауап:
- Бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде кәсіби даярлық, қайта даярлау және біліктілікті арттыру бірқатар мамандық түрлері бойынша ұйымдастырылады. Сұранысқа ие мамандықтар қатарында техник-электрик, техник-программист, электромеханик, бухгалтер, аудармашы, бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметін сараптау бойынша экономист, ветеринарлық фельдшер, техник –құрылысшы, күтім бойынша кіші медбике, техник-металлург, шаштараз-модельер, суретші-модельер, аспаз, КИП және А санатындағы ұста, кран машинисі, автокөлік жөндеу ұстасы, токарь, электр құрылғыларын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері және тағы басқалар.
Жанарбек:
- Көші-қон бағдарламасы бойынша өзге жерлерге қоныс аударғандарға тұрғын үй беріле ме? Берілсе, оның шарттары қандай?
Жауап:
- Иә, тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Қоныс аударуға байланысты субсидиялар көшу және алғашқы бейімделу шығындары өтемінен тұрады. Субсидияның мөлшерін саралау келесідегідей жоспарланады: отбасылар бір аудан шегінде қоныс аударған жағдайда – отбасы басшысына – 10 АЕК және отбасы мүшелеріне – 5 АЕК, отбасылар облыс шегінде қоныс аударған жағдайда – отбасы басшысына – 25 АЕК және отбасы мүшелеріне – 15 АЕК. Қоныс аудару субсидияларды тағайындау мен жалдамалы тұрғын үй беруді жүзеге асыру үшін бағдарлама қатысушысы жергілікті жұмыспен қамту органына барып, өтініш білдіруі керек. Әлеуметтік келісімшарт шарттарына сәйкес қатысушы 6 ай ішінде субсидия сомасын өтейді. Содан кейін жергілікті органдар қатысушының бағдарламаға одан әрі қатысу мүмкіндіктерін қарастырады.
Айжан:
- Бағдарламаға қатысушы кәсіптік білім алғаннан соң жұмысқа орналаса алмай қалған жағдайда не істеуі керек?
Жауап:
- Бағдарламаға қатысушы кәсіптік оқуды оқығаннан кейін жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмаса, оған бағдарламаның екінші немесе үшінші бағыттарына қатысу ұсынылады.
Шара барысында 35 сауал келіп түсті. Интернет-конференция ұйымдастырылған «Аймақ айнасы» порталына республикамыздың он төрт облысы мен Ресей, Украина, Беларусь, Германия, Литва, Үндістан және Ұлыбритания елдерінің азаматтары кіріп, облысымыздағы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу қарқынымен танысты. Атап өтерлігі, онлайн режимінде өткен шара барысында өз сауалдарын қойған азаматтардың 91 пайызы – Қазақстан тұрғындары. Оқырмандар қауымы Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Кәшкенова Хелуа Қазымқызына жолдаған сауалдарына тұшымды жауап алды.
А.ӘДІЛБЕК.

