Бұған дейін хабарлағанымыздай, үстіміздегі жылдың 7 шілдесі күні Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Аналитикалық ақпарат орталығына» қарасты «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» облыстық газеттерінің қатысуымен «Аймақ айнасы» (aimak-ainasy.kz) ақпараттық порталында «Талапкер-2011» деген тақырыпта интернет-конференция өтті.
Оған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихат депутаты Ерлан Мұхтарұлы Арын қатысып, оқырмандар сауалына онлайн режимінде жауап берді.
«Аймақ айнасы» порталының жүгіртпе жолында хабарлағанымыздай, аталмыш шараның жазбаша нұсқасын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
ТЕМІРХАН:
- Сіз басшылық етіп отырған университетте бір отбасынан 2 немесе одан да көп студент ақылы топта білім алған жағдайда қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Жауап:
- Осы университетте ақылы білім алатын студенттер үшін бірнеше жеңілдік түрі бар. Мәселен, сіз айтқандай, бір отбасынан екі бала қатар білім алатын болса, оның біреуі 50 пайыз жеңілдікпен оқиды. Сондай-ақ, үздік оқитын студенттерімізге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ең дұрысы, студенттер өздері оқитын кафедраларына келіп, университет ұсынған мүмкіндіктер туралы біліп тұрғандары жөн.
МӘДИ:
- С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің журналистика факультетіне грантқа түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден шамамен неше балл алу керек және республикалық, облыстық пән олимпиадаларындағы жетістіктердің оқуға түсуге көмегі тие ме?
Жауап:
- Өткен жылы журналистика мамандығына қалалық талапкерлер 100, ал ауыл балалары 98 балмен оқуға түсті. Негізінен, Қазақстан тарихы мен қазақ тілі пәнінен алған балдар есептеледі. Сонымен қатар, оған қосымша екі шығармашылық емтихан бар, яғни қазақ тілінен сөйлем талдау және шығарма жазу. Осы екі емтиханның әрқайсысынан 25 балдан 50 балл алуға болады. Ал республикалық және облыстық олимпиадалардан жетістіктері бар түлектер жазбаша емтиханнан босатылады. Тағы бір айта кетерлігі, әке-шешесі жоқ немесе аз қамтамасыз етілген отбасының балалары үшін аудан әкімдері тарапынан грант бөлінуі мүмкін.
НҰРБОЛАТ:
- Бірыңғай ұлттық тестілеуден 89 балл жинадым. Таңдау бойынша алынған пәнім – физика. Грант иегері атануыма мүмкіндік бар ма? Егер, бар болса, қандай мамандықты таңдағаным жөн?
Жауап:
- Нұрболат, сен таңдаған физика пәні техникалық мамандықтарға түсуіңе негіз болады. Әрине, бәрін конкурс нәтижесі шешеді. Бірақ, мемлекеттік білім грантына қол жеткізе алмаған жағдайда ақылы білім алуыңа болады. Сөз басында айтып кеткендей, біздің университетте ақылы білім алатын студенттерге көп жеңілдіктер қарастырылған. Тіпті, 2-курстан кейін грантқа ауысып кетіп жататын үлгілі жастарымыз да баршылық.
НҰРСҰЛУ:
- Мен жуырда Алматы қаласындағы бір жоғары оқу орнын бітіріп, «Информатика» мамандығы бойынша диплом алдым. Өзім Павлодар қаласында туып-өскендіктен, енді осында магистратураға оқуға түскім келеді. Алайда, бұл жақта «өз» түлектеріне бүйрегі бұрылып кете ме деген күмәнім де жоқ емес. Десе де, бағымды сынауға бел байладым. Сол үшін құжаттарды қашан тапсыру керек және мұнда оқу мен жұмысты қатар алып жүруге мүмкіндік бола ма?
Жауап:
- Бірден айта кетерлігі, біздің университетте студенттер мен талапкерлерді тұрғылықты жеріне, бітірген оқу орнына қарап алалау, кемсіту деген жоқ. Емтихан кезінде арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істейді әрі республикадағы ешбір жоғары оқу орны магистратура гранттарын үлестіру ісіне қатыса алмайды. Сондықтан, бұл жағынан ешқандай кедергілер болмайды. Әрине, білімді жастардың біздің университетте оқығанын қолдаймыз, қуанамыз. Оқу орны – барша студентке ортақ орда. Ал магистратураны сырттай оқуға болмайтындықтан, магистранттарға жұмыс істеуге рұқсат бермейміз. Нұрсұлуға айтарым, алдағы он күннің ішінде құжаттарыңды әкеп, тапсыра бер. Біздің университеттің магистранты атануыңа тілектеспін!
НАРТАЙ:
- Ерлан Мұхтарұлы, мен сізге өз жерлестерімнің атынан шексіз алғыс айтқым келеді. Жуырда ғана ауылға барып, Исабек хазіреттің кесенесінің құрылысы салынып жатқанын көрдім. Ол - осы құрметке лайық, қасиетті адам. Өзіңіз бас болып қолға алған ісіңіз сауаптан болсын!
Жауап:
- Рахмет! Исабек Ишан хазіреттің кесенесі Мәшһүр атамыздікі секілді аймағымыздағы киелі де көркем нысандардың бірі болады деп сенемін. Қазір құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Бұл қайырымды істің жүзеге асуына Мұхит Омаров, Әбілқақ Түгелбаев, Жұмабек Қамзин сынды облысымыздың беткеұстар абзал азаматтарының да зор үлес қосқанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, өзімнің ұжымымдағы барлық педагогтарға, қызметкерлер мен студенттерге алғыс айтамын. Олар да қолдау көрсетуден аянған жоқ.
МАРАТ:
- Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде ой тастағым келеді. Кезінде Майқайың жері алтын шығаратын өлке еді. Өзім де сонда он шақты жыл еңбек еттім. Алайда, ел мақтанышы болған осы кентіміздің бүгінгі жайы алаңдатады. Меніңше, мұнда жаңа мектеп салатын уақыт жеткен сияқты...
Жауап:
- Майқайыңда жаңа мектеп салу ісі жоспарда бар. Облысымызда 5 білім ордасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға республикалық бюджеттен 84 миллион теңге бөлінді. Сондықтан, алаңдамаңыз, амандық болса, бір-екі жылдың ішінде майқайыңдық балалар жаңа мектепте білім алатын болады.
ОЛЬГА:
- Бір кездері С.Торайғыров атындағы ПМУ-де қытай тілін оқытатын курс болған екен. Болашақта қайтадан осындай курс ашыла ма және магистратураға түскісі келетін студенттерді мемлекеттік тілде дайындайтын арнайы курстар бар ма?
Жауап:
- Біз осы жылдың қараша айында Конфуций институтының қытай тілін оқыту орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Ал магистратура мен докторантураға түсетін үміткерлер үшін мемлекеттік және шет тілдерін оқытатын курс бар. Бұл жөнінде толығырақ мағлұмат алу үшін университетке барып, 253-ші кабинеттен мағлұмат алуыңызға болады.
АЖАР:
- Мен 2009 жылы бухгалтерлік есеп негіздері мамандығы бойынша бакалавр бітіргенмін. Қазір колледжде жұмыс істеймін. Магистратураға грантқа тусуіме бола ма, егер болса қандай талаптар қойылады?
Жауап:
- Сіз 6М050600-Экономика, 6М050700-Менеджмент, 6М051100-Маркетинг, 6М050900-Қаржы мамандықтары бойынша магистратурада оқуға құқығыңыз бар. Магистратураға түсу үшін түлектер екі емтихан тапсырады: шет тілі және таңдаған мамандығы бойынша. Біріншi емтиханды, яғни шет тілін міндетті түрде мемлекеттік комиссия қабылдайды. Сондай-ақ, барлық кезеңде қабылдау ережелері қатаң сақталынады. Емтихан нәтижелерімен бірге дипломның орташа балы мен ғылыми еңбектер есепке алынады.
ЖӘНИЯ:
- Ұлттық бірыңғай тестілеу шарасынан орыс тілін қоспағанда 64 балл ғана алдым. Сіздің ойыңызша, грантқа үміткерлік мүмкіндігінен айырылып қалған жоқпын ба? Сондай-ақ, ауылдық түлектердің жоғары оқу орындарына түсуіне жеңілдік бар ма?
Жауап:
- Қазақстан Республикасының түлектерді жоғары оқу орындарына қабылдау ережелеріне сәйкес, ең төменгі көрсеткіш 50 балл болып табылады. Сенің грантты ұтып алуың таңдаған мамандығыңа байланысты. Негізінен, жылдан-жылға грант саны өсуде. Бәлкім, бағың жанып кетер, үмітіңді үзбе. Егер, ауыл мектебінің түлегі болсаң, міндетті түрде 30 пайыз квотаға ие боласың. Бұл ретте барша ауылдық түлектерге конкурсқа құжат тапсырған кезде комиссия мүшелеріне ауыл мектебін бітіргендіктеріңді ескертуді ұмытпаңдар дегім келеді.
РАМИЯ:
- Мен - Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студентімін. Бірақ, қазір отбасылық жағдайыма байланысты Павлодар облысына келдім. Сіз басқарып отырған университетте білімімді жалғастырсам ба деймін. Ол үшін не істеуім керек? Қандай да бір шекттеу бар ма?
Жауап:
- Біз басқа университеттерден келген студенттерге ешқандай шектеу қоймаймыз. Тек қана сіздің мамандығыңыз осы оқу орнында болса болды, әрдайым есігіміз ашық. Ал мұнда ауысу үшін өзіңіз білім алған университеттің ректорының қолы қойылған құжаттарыңызды алып келіңіз, бірден қабылдаймыз.
ЕРКЕГҮЛ:
- Мен - үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын әрі оралманмын. Басымда баспанам да, тұрақты жұмысым да жоқ. Қызым биыл 11-ші сынып бітіріп, ҰБТ-дан 84 балл алды. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің журналистика мамандығына құжаттарын тапсырды. Ал шығармашылық емтиханының нәтижесі әлі шыққан жоқ. Бұл мамандыққа конкурстың жоғары екенін естідім. Егер, қызым грантқа іліне алмай қалса, сіздің тарапыңыздан көмек бола ма? Оралман жастардың білім алуына үнемі қолдау көрсетіп жүргеніңізді білемін. Жақсылығыңыз Алладан қайтсын!
Жауап:
- Мұндай балаларға қолымыздан келгенше көмектесеміз. Әсіресе, оралмандарға деген көзқарасымыз оң, тіпті, университет тарапынан бірнеше оқу грантын да бөлгенбіз. Сондықтан, бұл талапкер грантқа түсе алмай қалса, 20 тамыз күні тікелей менің қабылдауыма келсін, үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ананың өтінішін аяқасты қалдырмаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік тапсырыста оралмандарға арналған жеке гранттар қарастырылған. Оралман жастарымыз осы мүмкіндіктерді жіберіп алмағандары жөн. Бірақ, конкурсқа қатысуға міндетті.
РУСЛАН:
- Интернеттен елдегі жоғары оқу орындарының саны қысқартылуы мүмкін деген ақпарат оқыдым. Шынымен де солай болып жатса, біз білім алып жатқан университеттің, яғни С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің жағдайы қандай болады?
Жауап:
- Әрине, лицензиялық талаптарға сәйкес келмейтін әрі білім беру саласындағы заңнамаларды сақтамайтын оқу орындары жабылуы мүмкін. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қатаң талап қойып отырғаны өте орынды. Ал біздің университетте барлық талаптар сақталған әрі елдегі беткеұстар беделді жоғары оқу орындарының бірі болғандықтан, ешқандай да қауіп жоқ.
ЖАНАР:
- Мен - Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің түлегімін. Биыл С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің сырттай оқу бөліміне түсіп, жоғары білім алғым келеді. Алайда, келесі жылы сырттай оқу бөлімдері жабылады деп естідім. Бұл шындық па?
Жауап:
- Қазіргі уақытта қолданыста жүрген ережелерге сәйкес, кейбір мамандықтар бойынша сырттай жоғары білім алуға тыйым салынған. Бірақ, сіз педагогикалық мамандықтың иегері болғандықтан, орта кәсіби біліміңізді жоғарылату мақсатында сырттай бөлімге оқуға түсуге құқығыңыз бар.
АНТОН:
- Мемлекеттік оқу гранты бойынша конкурсқа өтініш қабылдау науқаны қашан басталады?
Жауап:
- Мемлекеттік грант бойынша конкурсқа қатысатын талапкерлердің өтініштерін осы жылдың 23-31 шілдесі аралығында қабылдаймыз.
Интернет-конференция барысында оқырмандардан 50-ге жуық сауал келіп түсті. Оның он шақтысы алдын ала облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясына келіп түскен сауалдар болатын. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын барлық сауалға толық әрі қанағаттанарлық жауап берді.
Атап өтерлігі, веб-порталдағы «Талапкер-2011» тақырыбындағы интернет-конференцияның аңдатпасы жарияланған бөлімге бір аптаның ішінде 4500-ге тарта оқырман кірген екен. Олардың қатарында Қазақстаннан-3722, Ресейден-258, Германиядан-34, Үндістаннан-36, Америка құрама штатынан 10 адам бар. Ал интернет-конференция өтіп жатқан кезде, яғни, сағат 11.00-13.00 аралығында 483 адам порталға кіріп, шара барысымен таныс болып отырған. Демек, интернет пайдаланушылардың арасында осы мәселеге қызығушылық танытқандардың көп екендігі байқалады. Интернет-конференция соңында Ерлан Мұхтарұлы қос газеттің тілшілері қойған сауалдарға да тұшымды жауап берді.
«Аймақ айнасы» веб-порталында осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған шара оқырмандар көңілінен шығуда.
Нұржайна ШОДЫР.

