балалар үйлерін аралады
«Қанатты әйел–3» халықаралық жәрмеңкесі аясында Павлодар қаласында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. «Миссис Қазақстан–2010» байқауының жеңімпазы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей Мичурин ауылында орналасқан облыстық балалар үйі мен №2 мектеп-интернатына ат басын тіреп, ондағы тәрбиеленушілердің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Оған сонымен қатар «Миссис Қазақстан–2010» республикалық сайысында облысымыздың намысын қорғаған Айгүл Ахматуллина мен Диляра Алина және облыстық байқаудың қатысушылары Люция Дудина, Әсемгүл Нұрғалиева да қатысты.
Ата-ата қамқорынан айырылған балаларға қайырымдылық көрсету мақсатында «Миссис Қазақстан – 2010» байқауына сатылған билеттер қаражатына өңіріміздің екі бірдей балалар үйіне бағалы сыйлықтар тарту етілді. Гүлназ Әлімгерей Мичуриндегі балалар үйіне DVD ойнатқыш пен шаңсорғыш және Павлодар қаласының №2 мектеп-интернатына музыкалық орталық сыйлады.
Гүлназ Әлімгерей Алматыда өткен «Миссис Қазақстан» байқауында бас бәйгені ұтып, әлемдік дода өтетін Сеулге жолдама алғаны баршаға мәлім. Екі баланың анасы бүгінде әлемдік сайысқа дайындық үстінде екен. Ол Оңтүстік Корея жерінде өтетін дүниежүзілік келіншектер сайысында халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында ұлттық нақыштағы киім киетінін де жасырмады.
- Қазіргі заманның қыз-келіншектері үй шаруасына да, бала тәрбиесіне де, түздегі қызметіне де үлгеруі керек. Сол қасиеттердің бәрі бүгінгі қыз-келіншектердің бойынан табылып жатқанына қуаныштымын. Әйел мен отбасының қоғамдағы рөлін арттыру, сондай-ақ қамқорлық мақсатын да көздеген бұл байқау жақсы бастама деп білемін. Бүгінгі қайырымдылық іс-шарасы – осының айғағы, - дейді Гүлназ Әлімгерей.
Балалар қуанышында шек жоқ. Балалар үйінің өнерпаз ұлдары мен қыздары алғыс ретінде тамаша концерттік бағдарламасын ұсынып, өнерлерін ортаға салды.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

