Ағымдағы жылдың сәуір айының 20-шы жұлдызынан бастап мамыр айының 20-шы жұлдызына дейінгі аралықта «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ұйытқы болуымен «Бір Ел, бір Елбасы» атты шығармашылық байқау өткізілген болатын. Шараның шартына сәйкес, оған республикамыздың барлық облыстарындағы орта мектептердің 9-11 сыныптарында оқитын ойы озық, шығармашылық қабілеті зор жүздеген оқушылар қатысты.
Жақында аталмыш байқаудың қорытындысы жария етілді. Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік атанып, «ең үздік» деп танылған шығарма иелері Астана қаласына шақырылып, сый-сияпатқа ие болды. Атап өтерлігі, жеңімпаздардың қатарында Павлодар облысының да ұландары бар. Олар – Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мектебінің 10-сынып оқушысы Нұргүл Темірова және дарынды балаларға арналған №3 гимназияның 11-сынып оқушысы Қуат Қойшыбаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық деңгейде өткізілген байқаудың басты мақсаты - жас ұрпақтың бойындағы ұлтқа, Отанға деген патриоттық сезімдерін асқақтату, сондай-ақ оларды күн сайын нұрланып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікті сақтаудағы және елді дамытудағы игі істерінен үлгі алуға баулу. Сондықтан да болар, бұл байқауда жүрегі «елім» деп соғып, Елбасы ұстанған салиқалы саясатты жас болса да жақсы түсінген нағыз зерделі патриоттар бақ сынады. Әр бала өз шығармаларында елдің өткені мен бүгіні жайлы ой толғап, Елбасының көрегендігінің арқасында қол жеткен жетістіктер мен ұлттар бірлігі жайында сыр шертті.
Республикалық «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясының өкілдері әр облыстан жеңімпаз атанған жас қаламгерлерді Елорда төріне арнайы шақырып, екі күндік саяхат сыйлады. Еліміздің әр түкпірінен Астанаға барған жас буын ондағы бейбітшілік және келісім сарайында, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің музейінде, Қазақстан Республикасының Парламент үйінде, «Думан», «Мега» орталықтарында және басқа да қызықты орындарда болып, белгілі саясаткерлермен, ғалымдармен кездесті. Сонымен қатар барша жеңімпаз аталмыш партияның арнайы дипломдарымен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған шығармашылық байқаудан сүрінбей өтіп, республика алдында Павлодар өңірінің намысын қорғап келген қос жерлесіміз - Нұргүл Темірова мен Қуат Қойшыбаев қалам тартқан шығармаларының мазмұны жайында әңгімелеп, ару Астанадан алған әсерлерімен бөлісті.
Жастайынан шығармашылыққа жаны жақын, саясатқа санасы қабілетті Нұргүл Темірова аталмыш байқауға ұсынған мақаласында: «Қазіргі таңда Қазақстан - экономикалық, әлеуметтік, саяси-демократиялық тұрғыдан жедел даму жолына түскен, сондай-ақ әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі болып саналатынын көреміз. Әрине, мұндай жетістік өздігінен келе қоймайды. Оған қоғамдағы азаматтық бейбітшілікті, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, ұлтаралық қатынастардың тиімді тұтқаларын жасауға орай бағытты дұрыс таңдап алудың арқасында қол жеткізілді. Осындай тарихи міндеттерді шешуде біздің тарихи тұлғаларымыздың, жаужүрек хан, қолбасшыларымыздың жолын қуған, елдің сүйініші болған халқының «қара ағаштай панасы» - Нұрсұлтан Әбішұлы басты рөл атқарады. Ол-ұлттық тарихтағы жаңа дәуірдің қалаушысы, келбеті әрі бұл тарихтың үлкен бөлігі. Билік басына келген сәтінен бері келеңсіздіктерге жол берген жоқ. Елбасының бүгінгі күні халық игілігіне жарастырып жасап жатқан істері оны әр түрлі қырынан танытады. Ең алдымен ол-стратег, саясаткер», - деп Президенттің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алар орны мен атқарған айшықты істері туралы жан-жақты сөз етеді. Мектеп қабырғасында оқып жүргеніне қарамастан мемлекеттік саясатты танып-біліп, ел тарихын терең меңгеруге құлшынған Нұргүлдің ұстаздары оның болашағынан үлкен үміт күтеді.
Ал аталмыш байқаудың тағы бір жеңімпазы Қуат Қойшыбаев өз мақаласында егемен елдің дамуы мен елдегі сан түрлі ұлттар арасындағы мызғымас достық жайлы жазған екен. Ол: «мен үшін бұл шығарманы жазу оңайлыққа түспеді. Мақаланы жазбас бұрын Елбасымыз, мемлекетіміз туралы жарық көрген көптеген жақсы кітаптарға көз салдым. Соның нәтижесінде, Президентімізді бұдан да терең танып біліп, оның нағыз ұлы тұлға екенін түсіндім. Тіпті, келешегіме үлкен сабақ алдым десем де болады», - дейді.
Осылайша, «Бір Ел, Бір Елбасы» деген тақырыпта мазмұнды мақала жазып, ұтқыр ойларын ортаға салған жас қаламгерлердің еңбегі еленіп, туған өлкеге көтеріңкі көңіл-күймен оралды.
Жас ұрпақты өз Отанының патриоты болуға баулып, жастайынан елдің саясатын дұрыс түсінуге, мемлекеттік маңызды бар істерге үн қосуға шақырған осындай шараны ұйымдастырушыларға ата-аналар мен ұстаздар қауымының айтар алғысы шексіз.
Нұржайна ШОДЫР.

