Жар салуға тұрарлық жағымды жаңалық! Қарашаның ортасынан бастап облысымызда тұңғыш рет спутниктік телехабарлар көрсетіле бастады. Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев отандық телеөнімдерді шалғай ауылдарға дейін жеткізетін озық тәжірибені қолданысқа енгізуге байланысты Меморандумға қол қойған болатын. Пилоттық жобаға сәйкес, республика бойынша алғашқы болып сандық телехабарлар көру мүмкіндігі біздің ауылдарымыздың тұрғындарына бұйырды.
Жедел түскен мәліметке сүйенсек, қазірде заманауи телехабарларды жеткізетін арнайы құрал-жабдықтар Екібастұз қаласы ауылдық аймағына жататын Ақкөл, Өлеңті ауылдарында (барлығы 20 құрал), Лебяжі ауданының Баймолдин, Тақыр, Тереңкөл (жалпы саны 21), Шарбақты ауданындағы Шегірен, Есілбай ауылдарында (24 құрал) орнатылды. Облыс жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы М.Сұлтанбековтың айтуынша, қарашаның 20-сынан кейін кезек Ертіс ауданының ауылдарына келіп жетеді. Бұдан әрі игілік Ақтоғай, Железинка, Қашыр, Успенка және тағы басқа да аудандарға жеткізіледі.
Жалпы алғанда, телехабар тарататын құрал-жабдықтар 600 тұрмысы әлсіз отбасына тегін орнатылып беріледі. Бұл үшін бюджеттен қаржы қарастырылған. Спутниктік желі орнатылған ауылдардың басқа тұрғындары құрал-жабдықты жеке қаражатына сатып алады. Орнатушы фирмаларға ол үшін алдымен 13 мың теңге төленеді. Кейін тағы құралдарды қазақстандық арналарға бағыттап-баптау үшін қосымша тоғыз мың теңге қажет болады. Сонда тұрғындар жалпы сомасы 22 мың теңгені қалтасынан шығарады.
Бас маманның сөзіне қарағанда, қосылғандарға әзірге 21 қазақстандық арнаны тегін көру мүмкіндігі беріліп отыр. Кейін арналардың қатары 37-ге дейін жетеді деп күтілуде. Одан басқа, тілек білдіргендер ақылы телеарналарды да тамашалай алады.
Ең бастысы, қазір пилоттық жоба бойынша облысымызда отандық телеарналар көруге жол ашылды. Бұған дейін аймақ басшысының аудандарға сапары кезінде шалғай жатқан ауылдардың тұрғындары біздің елдің емес, шетелдің телехабарларына телміріп отыратындарын айтқан еді. Енді, міне күрмеулі мәселенің шешімі табылуда. Айтпақшы, спутниктік телехабарлар қазақстандықтарға ғана емес, сондай-ақ Павлодар облысымен қоңсы жатқан Омбы, Новосибирь облыстары мен Алтай өлкесін мекендейтін қазақ ағайындарымыз да көре алады деген сөз бар.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

