Бауырым Алмас Мәрленұлы Насиков былтыр қыркүйек айында ауыр жарақаттанып, 5 қазанға дейін қалалық орталық аурухананың жан сақтау бөлімінде ес-түссіз жатты. Бөлім меңгерушісі Қайрат Серғазин бастаған медицина қызметкерлері бауырымның өмірін сақтап қалу үшін күш-жігерлерін аямады. Облыстық аурухананың нейрохирург дәрігері Рашид Дүйсенбаев ауыр халдегі інімді аяғынан тік тұрғызу үшін үш рет операция жасады.
Бауырымның өмірі үшін күресіп, жанынан табылған осы дәрігерлерге алғысымыз шексіз. Олардың жеңіл қолдарына риза болып, басымызды иеміз. Сонымен қатар бауырымның әріптестері, ол еңбек ететін «ВЖДО» (әскерилендірілген теміржол күзеті) АҚ бастығына, жұмыскерлеріне ризамыз. Олар қан тапсырып, қанатымен су сепкен қарлығаштай Алмасқа қаржылай көмек берді.
Жоғарыда аталған азаматтардың бәріне отбасымыздың атынан алғыс білдіреміз. Жаңа жылда баршаңыздың отбасыңызға бақыт-береке, тыныштық тілейміз. Жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шыға берсін.
Назым НАСИКОВА,
Екібастұз қаласы

