Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Баянауыл ауданы орталығында болып, жергілікті ақсақалдармен кездесті. Осындай жүздесуді қазақтың қасиетті дәстүрінің бірі деп санайтын аймақ басшысы ел ағаларымен ақ дастарқан үстінде кеңінен әңгімелесті.
Облыс басшысы үлкен істердің ұйтқысы болып жүрген ел ағаларының еңбектері ерекше екенін атап өтті. Ұрпақтар сабақтастығының мәні мен мағынасына ерекше маңыз бере сөйледі. Кездесуге жиналған қариялар өңірімізде бүгінге дейін атқарылған қыруар шаруалар жайынан құлағдар болды.
-Үлкендердің ұлағатты сөздері өмірге өлшем, жұмысқа жәрдем болатындығы белгілі. Бүгінгі күні мемлекет ел азаматтарының кәсіпкерлікпен айналысып, табыс табуына қолдан келгенше көмектесуде. Әсіресе, ауылдықтарға арналған шағын несиелеу бағдарламалары көптеген игіліктердің бастауы болатындығы шын. Осы мүмкіндіктерді уақытында пайдаланып қалған жөн. Бұл мәселелер бойынша сіздер секілді өмірлік тәжірибесі мол ел ағалары кейінгі ұрпаққа ақыл қосып, жақсы істерге ынта тудырады деп сенемін,-деді облыс әкімі.
Баянауыл ауданында жас мамандарды баспанамен қамтуға айрықша назар аударылып жатқаны белгілі болды, биыл мұнда 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Алайда, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтардың саны аз. Осы бағытты дамытуға мемлекеттен бөлінетін қаражаттан несие алуға небары 38 адам ғана өтініш білдіріпті. Бақытжан Әбдірұлы еліміз бойынша жүзеге асып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының игіліктері мол болатынына тоқталды. Оның шеңберінде ауыл шаруашылығында қолға алынып жатқан тың жобалар бар. Облыс орталығын арзан азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында аз жұмыс жасалған жоқ. Павлодар ауданына қарасты Черноярка алқабы қазір биліктің қарауына алынды. Ондағы картоп пен көкөніс егуге жарамды 5 мың гектар жердің бүгінге дейін 2 мың гектары ғана пайдаланылып келсе, биылдан бастап ол толықтай іске қосылатын болады. Көкөніс өсірушілер бұдан былай су тапшылығын бастан кешпейді. Алқаптағы 8 су насосының барлығы жаңартылды. Көкөністі сақтау мәселесі де біртіндеп шешілуде. Биылғы жыл соңына дейін жалпы сыйымдылығы 20 мың тонна заманға сай көкөніс қоймалары салынады. Облыс тұрғындары күнделікті пайдаланатын азық-түлік тауарларының бағасы билік бақылауында.
Осымен бірге аймақ басшысы Баянауыл ауданындағы мал шаруашылығының жағымды даму үрдісіне ие екендігін тілге тиек етті. Ендігі кезекте етті мал шаруашылығын алға бастыру міндеті қойылып отыр. Бұдан басқа бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші қазіргі күні облыста 75 пайызды құрап отырғаны, ал алдағы екі-үш жылда бұл мәселе толықтай шешілетіні айтылды. Сондай-ақ Майқайың кентіндегі қазақ мектебіне болашақта жаңадан мектеп үйі салынып берілетіні хабарланды.
Аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Мұрат Рахметов ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жоғары, өз алдарына жасаған тірліктері бар екенін жеткізді. Облыс әкімінің Баянауыл ауданына деген ерекше ықыласы мен қарияларға деген ілтипаты үшін Бақытжан Әбдірұлына аудан тұрғындары атынан алғысын жеткізді. Баянауыл ауданына осыдан бір жыл бұрын жаңадан әкім тағайындалған. Ақсақалдар аймақ басшысының бұл шешімі дер кезінде жасалған дұрыс кадрлық саясат болғанын, жаңа басшымен қазіргі күні тізе қосып жұмыс істеп отырғандарын баяндады. Он мыңға жуық халқы бар Майқайың кентіндегі ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Әбенов өзі тұратын елді мекеннің тыныс-тіршілігі жөнінде әңгімелеп, жетістіктерді атап өтті.
Биыл аудандық «Баянтау» газетінің шыға бастағанына 80 жыл толады. Көрікті өлкенің айнасына айналған басылымның редакторы Шәкрат Шалбай мүмкіндікті пайдаланып газет мерейтойына облыс басшысын құрметті мейман ретінде шақырды.
Облыс әкімі баянауылдық жұртшылық қана емес, бүтіндей аймақ тұрғындары үшін қуанышты жаңалық барын айтты. Бақытжан Әбдірұлының сөзінше, еліміздің әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Жәния Әубәкірова, Айман Мұсаходжаева, әнші-композитор Төлеген Мұхамеджанов және басқа да әншілердің қатысуымен алдағы жазда Жасыбай көлінің жағасында үлкен концерт ұйымдастырылмақ. Аймақ басшысы оған «Жасыбай жұлдыздары» деген атау да беріп үлгергенін жеткізді. Аталмыш маусымдық кезеңде мұндағы демалыс аймағына келушілердің саны көп болады. Концертті ұйымдастыруға қомақты қаржы бөлініп, қазір жұмыстар жасалып жатыр. Міне, осы жұлдыздар шеруін пайдаланып, «Баянтау» газетінің 80 жылдық мерейтойын сол кезде өткіземіз, деді аймақ басшысы. Қариялар қауымы бұл жаңалыққа қуаныш білдіріп, аталмыш шара аудан үшін дүбірлі той болатыны анық деп риза болысты.
Кездесу соңында Бақытжан Әбдірұлы ардагерлерге денсаулық, көңілдеріне қуаныш, өмірлеріне қызық та ұзақ ғұмыр тілеп, Наурыз мерекесімен құттықтады.
М.ҚАПАНҰЛЫ,
Баянауыл ауданы.

