Павлодар қаласында Астананың туған күніне орай облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауы өткен болатын. Аталмыш сайыста Май ауданының намысын Саты ауылының әдіскері Рүстем Бағымжанов қорғады. Байқаудың мақсаты – сегіз қырлы, бір сырлы, білімді де білгір жігіттерді танытып, оларды болашақ ұрпаққа үлгі ету, жастарды ұлттық сезім және адамгершілік, имандылық сияқты асыл қасиеттерді бағалауға, сондай-ақ, бойларына сіңіре білуге тәрбиелеу Иманжүсіп, Қажымұқан, Біржан сал, Ақан серілерімізге тән ежелден батырлық, тапқырлық, парасаттылық, сұлулық, батылдық сияқты мінездерді бүгінгі қазақ жігіттерінің бойына дарыту.
Сайыстың алғашқы күнінде «Аударыспақ» және «Теңге алу» ойындары өткізілді. Ал екінші күні жарыс қалалық саябақта жалғасты. Мұнда жігіттер «Елдің атын ер шығарар» - таныстыру бөлімі, «Қазақша күрес», «Көңілі ояу, көзі ашық» - сұрақ –жауап бөлімі, «Ел сенсе, ел батыр», «Шеңберге ату», «Кір тасын көтеру», «Жігітке жеті өнер де аз» бөлімдері бойынша бақ сынасты. Рүстем «Аударыспақ» сайысында алдына жан салмай, жеңіп шықса, «Теңге алуда» екінші болды. Одан басқа бөлімдерде де өзін жақсы қырынан көрсетті. Мұны жиналған қауымның ыстық ықыласынан аңғардық. Жалпы қорытынды бойынша, Р.Бағымжанов екінші орын иегері атанып, дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Алтынбек Бектұрұлы басшылық ететін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері Рүстемге келешекте бұдан да биік белестерге жете берсін деген тілек білдіреді.
Р.ДОЛГОЛЕВЕЦ,
аудандық «Мәдени ойын-сауық орталығы»
директорының міндетін атқарушы.

