ФАКУЛЬТЕТ ДЕКАНЫ

Егемен еліміздің білім, ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар көп. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы болар жастарға тәлім-тәрбие беру жолында ұзақ жылдары бойы аянбай тер төгіп келе жатқан сондай жандардың бірі – Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Бахтияр Аспандиярұлы Найманов.

Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз болады. Олар: адал еңбек, мінсіз ақыл және таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді.
Ш.Құдайбердіұлы.


Осы қасиеттерді өз бойына дарыта отырып, оларды білім ордасында жастар бойына сіңіретін де, өрбітетін де ұстаз болса керек. Осындай ұстаздарды даярлайтын республикамыздағы байырғы жоғары оқу орындарының бірі – Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты. Байырғы дейтініміз, ол - 1962 жылы ашылған жоғары оқу орны.
Бұл институттың бай тарихы бар. Бастапқыда факультеттер жекелеген кафедралардан бастау алады. Айталық, физика-математика факультетінің негізі математика және физика кафедрасы болса, кейіннен бұл екеуі жеке кафедра болады. 1968 жылы факультет құрамында жоғары математика (меңгерушісі А.М.Даткаев), элементарлық математика (меңгерушісі Д.Қ.Жоламанов), жалпы физика (меңгерушісі В.В.Кириллов) және теориялық физика (меңгерушісі Ф.К.Бойко) сияқты төрт кафедра жұмыс істейді.
Бұдан былайғы әңгіме осы факультеттің бір түлегі жайында болғалы отыр. Ол - елуінші жылдары Ресейдің Новосібір облысына қарасты Қарасуық ауданындағы Қарасарт орта мектебінің оқушысы болған Бахтияр Аспандиярұлы Найманов. Мектеп қабырғасында оқып жүргенінде оның суреті «Оқу озаттары» тақтасында үнемі ілініп тұратын. Ол жоғары сыныптарда математика, геометрия және физика пәндеріне деген зеректігімен өзін басқа оқушылардан ерекше көрсете білді. Ал мектепті бітірер кезде математика пәнінің мұғалімі, бертін облысымызда тоғызқұмалақ ойынын насихаттаушы Исатай Көкешұлы Қапаев оған ұстаздық жолды таңдауды ұсынады.
Мұны құп алады да, сол кезде жаңадан ашылған Павлодар педагогикалық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнында өзі қалаған математика мамандығын үлкен құлшыныспен игере бастайды. Институттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Студенттердің ғылыми-тәжірибелік конференцияларында жасаған мазмұнды баяндамалары арқылы оқытушыларының көзіне түседі. Мұғалім болу жолындағы арманы орындалып, институтты үздік бітіріп шығады да, осында математика пәнінің оқытушысы болып қалады. Жас оқытушы алған теориялық білімін енді практика жүзінде іске асыруға тырысып бағады. Дәріс оқуды тәжірибелі ұстаздарынан үйренеді. Ғылыми жұмысқа деген икемділігін байқатады. Оның осындай тынымсыз еңбегі мен табандылығына, парасаттылығы мен өзінің атқарар міндетіне деген адалдығына үнемі назар аударып жүрген ұстазы, факультет деканы Ғафур Мұқанұлы Мұқанов оған ғылым жолына түсуге кеңес береді.
Міне, содан бері аға оқытушы, кафедра доценті, физика-математика факультеті деканының орынбасары, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде физика-математика факультетінің деканы, ПМПИ-де сырттай оқыту факультетінің деканы, 2007 жылдан бері физика-математика факультетінің деканы қызметтерін бүгінгі күннің талаптарына сай атқарып келеді.
«Осы жылдары институтты бірнеше ректор басқарды. Солардың ішінде білім ордасын 20 жылдай басқарған, бұл жоғары оқу орнын бүкіл Кеңес Одағына танытқан физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Тасболат Қасенұлы Шаяхметов пен биология ғылымының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Жасұлан Құдайбергенұлы Шаймарданов институттың қалыптасуына, оның материалдық-техникалық базасының нығаюына, оқу-тәрбие жұмысының сапасына, оқу үдерісіне ақпараттық технологияны енгізуге, сондай-ақ, білім ордасын ғылыми дәрежелері бар кадрлармен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлді. Институттың бірқатар түлектері Мәскеу, Ленинград, Новосібір және Алматы қалаларында аспирантурада оқып, кандидаттық диссертацияларын қорғады, – дейді Бақтияр Аспандиярұлы сол бір кезеңді еске алып.
Шын мәнісінде, факультет түлектерінің ішінен ғылыммен дендеп айналысқандар да болды. Айталық, Г.К.Ахметова (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры), А.М.Мүбәраков (Инновациялық Еуразия университетінің ақпараттандыру жөніндегі проректоры), К.А.Нұрымжанова (ПМПИ педагог кадрларының біліктілігін арттыру аймақтық орталығының директоры) және А.Қ.Нұрғалиева (ПМПИ психология-педагогика факультетінің деканы) докторлық диссертацияларын қорғаса, Б.А.Найманов, Е.А.Тұяқов (ПМПИ математика кафедрасының меңгерушісі) және Т.Ш.Салықбаева (ПМПИ физика кафедрасының меңгерушісі) – ғылым кандидаттары.
Осы жылдары физика-математика факультетін ойдағыдай бітіріп, қазіргі кезде мемлекеттік басқару органдарында жауапты қызметтер атқарып жүргендер де аз емес. Олар: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Қ.А.Нұрпейісов, Лебяжі ауданының әкімі С.К.Әбсалықов, облыс балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Г.Ә.Науразбаева, облыс әкімі аппаратының жетекшісі А.Д.Әбдіқалықов және т.б.
Декан факультеттегі ардагерлер мен жас оқытушылардың сабақтастығын тиімді үйлестіре білуде.
«Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – жүректің батылдығы», – деп, ақиық ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, оқытушылардың жас буыны профессорлар Н.Қ.Машрапов пен Т.И.Кадькалованың, доцент Н.Ж.Хайруллинаның озат тәжірибелерінен үлгі-өнеге алуда.
«Білім ордасындағы іскер ұйымдастырушы, білікті ұстаз және студент жастардың ұлағатты тәрбиешісі атанып жүргендердің бірі – Бахтияр Аспандиярұлы, – дейді философия ғылымының кандидаты, профессор Қабиден Фатқоллаұлы Зағыпаров. – Өзі бітірген жоғары оқу орнында көп жылдар бойында жемісті де қажырлы еңбек етіп келе жатқан бірден-бір ұстаз. Осы аралықта бірқатар басшылық және қоғамдық қызметтерді үлкен абыроймен атқарып келеді. Қазіргі кезде факультет деканы әрі профессор ретінде жаңаша дүниетанымдағы өмірге білікті де жоғары кәсіби мұғалімдер даярлау ісіне терең білімі мен күш-жігерін барынша жұмсауда. Оны профессор-оқытушылар құрамы әрқашан мақтаныш тұтады».
Профессор айтса айтқандай, Бақтияр Аспандиярұлының мұрат-мақсаты студент жастарға терең білім, заманға сай тәлімдік тәрбие беру арқылы ел үшін аянбай еңбек етер, алдыңғы буынға лайықты ізбасар мамандар даярлап шығару болса, осы мақсатта әр оқу жылы факультетке облыс мектептерінен талапкерлерді тартуға ұжым мүшелерін ерекше белсенділігімен жұмылдыра білуде. Егер, бірінші курсқа 2009-2010 оқу жылында 232 студент қабылданса, үстіміздегі оқу жылында 245 студент қабылданды. Олардың 98-і мемлекеттік грант бойынша оқуда. Факультет студенттерінің жартысынан астамы қазақ тілінде білім алуда.
Осы факультетте мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты бірқатар мәселелер өз шешімін табуда. Факультет кеңесі отырыстары қазақ тілінде, кафедралар отырыстары қазақ және орыс тілдерінде жүргізілсе, оқытушылардың дені бір-бірімен қазақша амандасып, хал-жағдайларын да осы тілде сұрасу үлгісін көрсетіп жүр.
Бұл істе Қазақстанның болашағы мемлекеттік тілінде екенін сөздерімен де, нақты істерімен де дәлелдеп, осы тілді жоғары мектепте қолдануға лайықты үлес қосып жүрген физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Т.С.Сабыров, доценттер А.Қ.Алпысов пен Т.Қ.Қойбағарова сияқты оқытушылар аз емес. Бірнеше оқытушы пән оқулықтарын қазақ тілінде шығаруға атсалысуда.
Студенттермен мемлекеттік тілде өткізілетін іс-шаралар да ауқымды. Факультет кафедраларында мемлекеттік тілді білуге деген құштарлық пен оған деген құрмет айқын сезіледі. Оқытушылар тілді өз беттерімен үйренуге көмектесетін тілашарлармен және түрлі электрондық оқулықтармен жұмыла жұмыс істеуде.
«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» және «Мемлекеттік тілде сөйлеу – біздің азаматтық парызымыз» тақырыптарындағы кураторлық сағаттар тәрбиелік жағынан тартымдылығымен ерекшеленеді. Әрбір кафедра бойынша тіл үйрету әрі тіл ұстарту, қазақ тілінің байлығын таныту, халқымыздың салт-дәстүрлерімен таныстыру жағынан тартымды, қолданған әдіс-тәсілдері тиімді, тәлімі мен тағылымы мол іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Осындай мақсатты жұмыс, студенттердің ұлттық құндылықтарға деген ынта-ықыластарын арттыра түсу, сол арқылы адамгершілікке, имандылыққа және инабаттылыққа баулу нәтижесінде студенттер қазақ тіліне деген қызығушылықтарын да танытуда. Айталық, институтішілік «Тіл – татулық тірегі» және «Ана тілі аруы» байқауларында С.Ларцев пен Г.Жұқабаева бастаған бірнеше студент жүлделі орындарға және көтермелеу сыйлықтарына ие болды.
Бақтияр Аспандиярұлы алпыстың асқарына шығып, жетпістің белесіне қадам басса да, өзі сүйген ғылымға да, шәкірт тәрбиесіне де баса назар аударып келеді. Жылдар бойы бірқатар шәкірттерін ғылымға баулыды, қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстырды. Талай-талай талантты жастарды тәрбиелеп, үлкен кеңістікке шығарды.
Ғылымға және жоғары педагогикалық оқу орнының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақ КСР-і Білім министрлігінің және Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озаты» және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің қүрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталуы – оның осыншама жылдардағы қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Ол үлкен ұжымы мен өз отбасын адамгершілік пен елжандылыққа тәрбиелеуде. Жұбайы Болды Ақылқызы екеуі жұмыстарына қатысты мәселелерден отбасылық шаруаларға дейін қазақ тілінде шешудің уақыт талабы, ұлт мұраты екеніне мән беріп, ұл-қыз тәрбиелеп, немерелерінің қызығына бөленуде. Ұлы Арманға, қызы Әсемгүлге, немерелеріне нағыз қазақылықтың үлгісін көрсете білуде. Әсемгүлі – әке жолын қуған ұстаз, математика кафедрасының аға оқытушысы. Үлкен немересі – қазақ балабақшасының тәрбиеленушісі. Бұл отбасындағы немерелермен және балалармен қарым-қатынас тілі – ана тілі, қазақ тілі.
Институтымыздың торқалы мерейтойы – елу жылдығы қарсаңында ұдайы ізденіс үстінде жүретін, қарамағындағыларға заманауи талаптар қоя білетін, адам жанын терең сезінетін, әрбір оқытушының, әрбір студенттің тағдырына бейжай қарамайтын үлкен жүректі Бақтияр Аспандиярұлына зор денсаулық, сарқылмас күш-жігер тілей отырып, бәсекеге қабілетті, «мектептің жүрегі» саналатын мұғалімдерді даярлау ісінде табыстан-табысқа жете беріңіз демекпіз.

 


Ульян МАҚҰЛ,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық
 институты іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бөлімінің бастығы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30