деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов
Кеше Павлодар облысына арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов Павлодар ауданына қарасты Мичурин елді мекеніндегі балалар үйіне барып, ондағы тәрбиеленушілердің жағдайымен танысты.
Соңғы кездері елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге ерекше көңіл аударылып жатқаны мәлім. Соның дәлеліндей, жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қа¬зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, ол бі¬рінші оқылымда мақұлданған болатын. Аталған жаңа заң бойынша енді еліміздегі жетім балалар баспаналы болғанға дейін мемлекеттік тұрғын үй кезегінен шығарылмайды. Ал бұған дейін жетім балалар 30 жасқа толғанша ғана тұрғын үй кезегінде тұрып, осы уақыт аралығында тегін баспана алып үлгермесе, тізімнен шығарылып отырған екен. Халық қалаулыларының ұсынысы бойынша қабылданған жаңа заң барар жері, басар тауы жоқ сандаған жетімдердің болашағына үміт отын жақты.
«Жанашыр жақыны, ата-анасы жоқ, қорғансыз балалар ер жетіп, өз баспанасы болғанға дейін мемлекет оған қолдау көрсетуі қажет. Сол үшін жаңа заң қабылданды. Ендігі мақсат – осы заң талаптарын түсіндіріп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жақсы да жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Сондай-ақ, кейбір аймақтардағы балалар үйлерінде тәрбиеленушілерге зорлық-зомбылық жасау оқиғалары орын алуда. Осы мәселеге байланысты облыстағы балалар үйлерінің қазіргі жағдайын өз көзіммен көріп кеткенді жөн санадым. Байқағаным, мұндағы тәрбиеленушілер үшін барлық мүмкіндік жасалған екен», - деді Мичурин елді мекеніндегі балалар үйінің қазіргі тыныс-тіршілігімен таныс болған Т.Сыздықов.
Халық қалаулысы өз сөзінде жетім балалар үшін баспана мәселесін шешуге болашақта жергілікті билік те қолдау көрсеткелі отырғанын жеткізді.
Аталмыш балалар үйі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Меруерт Қазбаеваның айтуынша, бүгінде мұнда 4-19 жас шамасындағы 98 бала тәрбиеленуде. Атап өтерлігі, олардың 22-сі - тұл жетім, ал өзгесі - ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Оларға мемлекет тарапынан барынша қамқорлық көрсетілуде. Алайда, әттеген-айлар да жоқ емес. Ол – биыл осы мекемемен қоштасатын балалардың келешек тағдыры. Үстіміздегі оқу жылының соңында бұл балалар үйінен 20 тәрбиеленуші түлеп ұшқалы отырса, олардың тек алтауына ғана облыс орталығындағы «Жас ұрпақ» жастар үйінен орын бар. Ал қалған «қорғансыз» түлектердің енді қайдан пана табатыны қиындық туғызуда... Амалы таусылған мекеме басшылары облыстық білім беру басқармасы қолдау көрсетсе, өздеріне тиесілі ескі монша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жастар үйін ашуды жоспарлап отырған көрінеді.
Н.ШОДЫР.

