АНА ТІЛІНІҢ АЯСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСПЕК Омбыда қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы ашылды

Еліміз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын игі істермен қарсы алуда. Соның бір дәлеліндей таяуда Ресей Федерациясындағы Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы салтанатты түрде ашылды. Павлодар және Омбы облыстарының басшылығымен келіссөз жүргізу нәтижесінде дүниеге келген ұшқыр жоба шет елдегі қандастарымыздың ана тілімізді жетік меңгеріп, салт-дәстүрімізді тереңнен түсінуге мол септігін тигізеді. Орталыққа С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті әдістемелік және қаржылай қолдау көрсетеді.

Орталықтың ашылу рәсіміне С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер мен павлодарлық өнерпаздар қатысты. Өңірден барған бастамашы топ жергілікті қазақтардың ыстық ықыласына бөленді. Ашылу салтанатына жиналған қауым алдымен павлодарлық өнерпаздардың өнерін тамашалады. Аталған университеттің бірінші  проректоры Владимир Половинко мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын қазақ тілі мен мәдениеті орталығының тұсауын салтанатты түрде кесті.

- Омбы өңірінде қазақ тілі орталығын ашу біздің университеттің талайдан бергі мақсат-міндеттерінің бірі еді. Осы бағытта 2010 жылдан бастап жұмыстар қолға алына бастады. Енді, міне, соның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Бұл - алдымен, екі ел арасындағы мызғымас татулықтың нышаны. Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясымен тек экономика саласында ғана емес, мәдениет, әдебиет, өнер саласында да етене араласып жүреді. Біте қайнасқан берекеміз бен бірлігіміз тағы да жақындай түсті. Қазақ тілі және мәдениеті орталығын ашуға қол ұшын созған Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ұжымына барша қазақстандықтар атынан алғысымды білдіремін. Әлі талай келелі бастамалар мен айшықты істердің куәсі болатынымызға кәміл сенемін,- деді Ерлан Мұхтарұлы. Орталықтың жұмысына жеміс тілеген ол Ф.Достоевский атындағы ОМУ-дің ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Владимир Струнинге С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің құрметті докторы атағын берді. Салтанатты шарада сөз алған Ф.Достоевский атындағы ОМУ-дің бірінші проректоры В.Половинко қос білім ордасының арасындағы достықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

  - Қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы Омбы қазақтарын біріктіруші орта болатынына сенімдімін. Енді мұнда қазақ тілін меңгерген азаматтардың арасында семинар-сабақтар ұйымдастыратын боламыз. Ана тілін білмейтін жастарды, әсіресе, ауылдық жерлердегі ұл-қыздарымызды көптеп тартуды жоспарлап отырмыз. Аллаға шүкір, қазақ тілінен сабақ беретін мамандар баршылық. Егер кемшіліктер болып жатса, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің көмегіне жүгінеміз. Келе жатқан 1 Мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен барша павлодарлықтарды құттықтаймын. Екі ел арасындағы уыздай ұйыған ынтымақ жалғаса берсін,- деді Омбы облысындағы аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті Әнуарбек Жүнісов.

Шара соңында қазақтың ұлттық тағамдарынан мерекелік дастархан жайылды. Әсем ән шырқалып, қазақтың қара домбырасы күмбірледі.

 

көпшілік қуанышқа бөленді

Бүгінгі таңда Омбы облысында жүз мыңнан аса қазақ тұрады. Соның қырық пайыздан астамы ғана қазақ тілінде еркін сөйлейді. Сондықтан, қандастарымыз көптеп шоғырланған жерде қазақ тілділер ортасын қалыптастыру заңдылық. Осы бағытта арнайы ашылған орталық ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуда орасан зор роль атқармақ.

Негізінде, орталық өз жұмысын былтырғы жылы бастаған болатын. Енді, міне, ресми түрде ашылу рәсімі өтті. Оған Омбы облысындағы қазақ автономиясы жастарының көшбасшысы Бауыржан Тынысов жетекшілік жасайтын болды. «Мұндай маңызды жұмысқа жетекшілік ету маған жүктелген сенімді көрсетеді. Сондықтан, барымды салып, қазақ тілінің кең етек жаюына өз үлесімді қосамын. Орталық құрылғалы бері мұнда Омбыда тұратын қазақтар көптеп келуде. Ана тілін үйренуге ынта-жігер танытып жатқан жастар да жетерлік. Туған жердің тарихын, салт-дәстүрін меңгеруді мақсат еткен жастармен қоян-қолтық жұмыс істеудің өзі ғанибет. Орталыққа арналып жеке бөлме берілді. Енді қазақ жастары бас қосып, Қазақстан жайлы сыр шертісуге мүмкіндік алады. Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының ашылуы жолында ерен еңбек еткен Ерлан Мұхтарұлына айтар алғысым шексіз»,- деді ол.

Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың айқын нышаны іспеттес орталықта С.Торайғыров атындағы ПМУ-де жарық көрген тарихи, әдеби кітаптар қойылған. Орталық бөлмесінің төрінде қазақ тарихында әділдігімен әрі шешендігімен есімдері сақталған Төле, Әйтеке, Қазыбек билердің суреттері мен нақыл сөздері ілінген. Сондай-ақ, екі ел президенттерінің қол берісіп, құшақ жайысқан  суреттері де осында қойылған. Мұнда қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік көп. Қазақ тілінің әліппесі, мемлекеттік рәміздеріміз, еліміздегі ірі қалалар жайлы деректер де көптеп ұсынылған. Қазақтың деректі, тарихи, көркем фильмдері де бар. Орталық толықтай компьютер құрылғыларымен жабдықталған. Жетекшісі Б.Тынысов енді интернет желісін қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Орталыққа келіп, қазақ тілін меңгеріп жүргендердің бірі – Данагүл Сәбитова мен Сәния Есенова. Ф.Достоевский атындағы ОМУ-де білім алатын қыздардың болашақ мамандықтары - тарихшы. «Өзге елдің тарихын білу үшін алдымен өз атамекеніңнің тарихын жетік меңгеру керек. Ол үшін бізге қазақ тілі мен мәдениеті орталығы көп әсер етпек»,- дейді олар.

- Былтырғы жылы қазақ тілі орталығы құрылғалы жатыр дегенде қатты қуандық. Сүйінші хабарды ести салысымен тіл үйренушілердің тізіміне жазылдық. Бұл ретте С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Айман Зейнуллина бізге көп нәрсе үйретті. Қазақ әліпбиінен бастап, ақын-жыраулардың шығармаларын жаттатып, төл тарихымызды меңгеруге тамаша жағдай жасады. Осыдан кейін қазақ жеріне деген қызығушылығымыз арта түсті. Жазғы демалыс уақытында Астана, Павлодар қалаларында болдым. Барлық жерден қазақ халқына тән қонақжайлылықты сезіндім,- деп өз таңданысын жеткізді С.Есенова.

Омбыдағы қазақ жастарына ана тілінен сабақ берген Айман Файзоллақызын сөзге тартқанымызда: «Қазақ тілін үйренуге алғаш ниет білдіргендердің барлығы зерек жастар. Туған елінің тарихына деген қызығушылықтары да зор. Бір жыл  ішінде жиырма қазақ баласы ана тілінде емін-еркін сөйлесуге мүмкіндік алды. Мұндай игі бастамалар жалғасын тапса, қазақ тілінің келешегі де зор болмақ»,- деді.

 

Елдар ҚОНАЕВ,

ҚР-ның Омбы облысындағы консулдық мекемесінің басшысы:

- Екі ел арасындағы достық пен әріптестік қарым-қатынасты арттыра отырып, түрлі салада байланысты нығайтуды қазіргі уақыттың өзі талап етіп отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші шілдесінен бастап Кедендік Одақ толыққанды жұмысын бастайды. Ресей мен Қазақстан арасында 2013 жылы бірегей экономикалық кеңістік құру көзделіп отыр. Қазақ тілін меңгерудің маңыздылығы осы тұста арта түспек. Сондықтан қазақ тілі мен мәдениеті орталығының ашылуы өте орынды. Бұл екі мемлекет үшін де тиімді болмақ. 

 

Елена ГОРКУН,

РФ сыртқы істер министрлігі төрағалығының Омбы облысындағы өкілі:

- Ресей Қазақстанды стратегиялық әріптесі деп санайды. Сондықтан Омбыда қазақ тілі мен мәдениеті орталығын ашу туралы жоба бірден қолдауға ие болды. Оның дүниеге келуі - болашақта үлкен жолдарға бастайтын сенімді қадам. Игі шара біздің ел тарапынан Қазақстанға деген көзқарастың дұрыстығын айғақтайды. Омбыдағы қазақ жастарында қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс бар. Қазақстаннан ертеректе көшіп келгендер өз орталықтарында ана тілі мен мәдениетін үйренулерін қалайды.

 

Хамит АХМЕТОВ,

Омбы қаласында тұратын қандасымыз:

- Омбы қаласында қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы ашылады деген хабарды радиодан естідім. Содан кейін, Қазақстан Республикасының Омбы облысындағы елшілігінен мән-жайды сұрадым. Павлодар қаласынан келген қандастарымды көргеннен кейін бойымды ерекше бір қуаныш биледі. Шыны керек, мұндағы қазақтар өз ана тілдерін ұмытып барады. Сондықтан, бұл орталықтың ашылуы - заман талабы. Осынау игі шараға мұрындық болған барша азаматтарға шексіз ризашылығымды білдіремін.

 

Алтынай ЖҮНІСОВА,

Омбы облысындағы «Мөлдір» Сібір қазақтары орталығының жетекшісі:

- Орталықтың ашылуы біз үшін зор мәртебе, ерекше қуаныш. Омбыдағы қазақтар Павлодар облысымен етене тығыз қарым-қатынаста. Үнемі айшықты істердің басында жүретін С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Енді «мөлдірліктер» және қазақ тілі мен мәдениеті орталығының жастары бірігіп, белсенді қызмет атқаратынына сенімім мол. Орталық қазақтардың бас қосатын құтты орнына айналса екен.

 

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН:

Мемлекеттік тілдің дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жіті көңіл бөліп отыр. Өзге мемлекетте тұрып ана тіліңді меңгеру, оны сақтау, ұлттық тарихыңды білудің еш артықтығы жоқ. Ең бастысы, жұдырықтай жүректе қазақ тіліне, өнеріне, мәдениетіне, тарихына деген ыстық ықылас пен ниет, шынайы сезім болса болғаны. Омбы қазақтарынан дәл осы қасиеттерді айқын аңғаруға болады.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Сәуір 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 30