Жаз мезгілін балалардың тағатсыздана күтетіні белгілі. Нағыз демалыс жаз айларында болады емес пе?! Баланың жетік өсіп-дамуы үшін қоршаған ортасының да әсері зор. Сондықтан да, бүгінгі таңда балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін өңірде бірқатар жұмыстар жүзеге асуда.
Жуырда Тереңкөл ауылдық округінің әкімі аппаратымен бірлесе Тереңкөл ауылы Целинная көшесінің тұрғындары сенбілік ұйымдастырып, өз күштерімен балаларға жаңа ойын алаңын тұрғызды. Аталған жаңа ойын алаңы әткеншекпен, айналма құралдарымен және басқа да балалар ойынына арналған заттармен жабдықталған. Алдағы уақытта қосымша құралдармен толықтырылады деп жоспарлануда. Ойын алаңын түрлі-түсті сырлармен әсемдеп, безендіруді кәсіпкер С.Кутовой, ал балалар ойнайтын алаңға құм төгуді кәсіпкер В.Ященко мойнына алды.
Балалар алаңының ашылуы - ел ертеңі болар балғындарымыз үшін жасалған игілікті шара. Осындай игі істер өзге ауылда немесе өзге көшелерде де ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Г.АМРИНОВА.

