Бұрнағы күні Павлодар қаласы Усолка мөлтек ауданында қалалық балалардың тіс емдеу емханасы филиалының тұсауы кесіліп, пайдаланылуға берілді. Бразилиялық заманауи құрылғылармен жабдықталған емхана бір ауысымда 150 бүлдіршінге стоматологиялық қызмет көрсетуге негізделген.
Майра көшесінің бойындағы 47-үйде бой көтерген қалалық балалар стамотологиялық емханасының ашылу рәсіміне Павлодар қаласының әкімі Бақытжан Жоламанов қатысып, ақ желеңді тіс дәрігерлеріне жемісті еңбек тіледі. Мерекелік шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Күзеков, Қазақстан тіс дәрігерлерінің ұлттық қауымдастығы Павлодар облыстық филиалының президенті Е.Елемесов және қала тұрғындары қатысты.
- Облыста тіс емдеу қызметін көрсету бойынша 50-ден астам жекеменшік емхана бар. Бүгінгі күні қаламызда балалар тіс емханасының филиалының ашылуы – үлкен жетістік. Балалар денсаулығын қорғау саласының дамуына үлесін қосатын бұл мекеме қазіргі заманғы озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Лермонтов көшесінде орналасқан облыстық стоматология күніне 300 адамға қызмет көрсететін болса, бұл филиал 150 адамды қабылдап, тіс емдеу қызметін атқармақ. Яғни облысымызда балалар тісін емдеу көрсеткіші бір жарым есеге артады. Бұл арқылы облысымыздың кішкентай тұрғындарының барлығы емдеумен қамтылатын болады, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ардақ Күзеков.
Аталмыш емханада Усолка және Дачный мөлтек аудандары мен жақын маңда тұратын 16 000 балаға білікті тіс дәрігерлері тегін стоматологиялық көмек көрсетпек. Емхана құрылысына қалалық бюджеттен 76 миллион теңге қаражат жұмсалған.
Балғындардың тіс ауруларын емдеу үшін емханада терапиялық, хирургиялық және тазарту жұмыстарын жүргізу кабинеттері бар. Сондай-ақ алдағы уақытта ауыз қуысы тазалығы кабинеті ашылып, тіс ауруларын алдын алу және сауықтыру бойынша қызмет көрсетілетін болады.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.

