
Павлодар қаласының құқық қорғаушыларының қатары толықты. Жергілікті ішкі істер органдарына жаңадан жас қызметкерлер алынды. Олар облыс орталығындағы Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Қанаш Қамзиннің ескерткіші алдында салтанатты түрде ант қабылдады.
Соңғы жылдары еліміздің құқық қорғау саласында орын алған өзгерістер, заң талаптарының күшейе түсуі ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жүктелетін мақсат, міндеттердің еселене түсуіне алып келді. Олардың қызметіне деген бақылау да күшейді. Бүгінде әр полицейдің жұмыс барысындағы іс-әрекеті, басқан қадамы қатаң қадағаланады. Сондықтан қызметке жаңадан алынған жастар да осы үдеден шыға білуі тиіс. «Біз олардан өз жұмысын адал атқаруын күтеміз. Берілген тапсырмаларды жедел, сапалы орындап, өздеріне артылған міндеттерді абыроймен атқарып шығады деген үміттеміз. Ал бүгінгі шара жастарға Отан алдындағы борышын жете түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ өздері аяқ басқалы отырған қызметтерінің мән-маңызын, жауапкершілігін сезінуде де салтанатты ант қабылдау рәсімінің маңызы зор» - дейді Павлодар қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Талғат Садықов. Аталмыш шараның Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында, Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің ескерткіші алдында ұйымдастырылып отырғандығы да тектен-тек емес. Себебі жас құқық қорғаушылар бүгінгі бейбіт күнде Отан тыныштығы, халық қауіпсіздігі жолында талмай еңбек етуге әзір, батыр бабаларымыздың жолымен келе жатқан ұрпақ.
Жалпы облыс орталығының ішкі істер органы қырықтан астам жас полицеймен толықты. Шара барысында олар салтанатты түрде ант қабылдап, адал қызмет ететіндері жөнінде серт берді. Бір атап өтерлігі, бұл жастар бір жыл бойы арнайы дайындықтардан, сынақ мерзімінен өткендер. Солардың бірі Лебяжі ауданының тумасы Талғат Жайлаубаев. 2008 жылы әскери борышын абыроймен өтеп келген ол үйіне оралысымен көп ойланбастан ішкі істер органдарында қызмет етуге шешеді. «Себебі бұл менің бала кезден бергі арманым еді. Бүгін міне сол арманым орындалып, зор қуаныш үстіндемін. Енді өзіме артылған сенімді ақтау үшін бар күш-жігерімді жиып, жұмыс істеуге әзірмін» - дейді Талғат.
Енді жас полицейлер алдында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті тұр. Сондай-ақ олар қазірдің өзінде жедел іздестіру шараларына, қылмыстық істерді тергеу және тағы басқа көптеген жұмыстарға жұмылдырылмақ.
Салтанатты ант қабылдау рәсіміне жаңадан қабылданған қызметкерлердің ата-аналары, ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Соңғылары, өз кезегінде жас ұрпаққа ақыл, кеңестерін айтып, ауыр да абыройлы қызметтерінде сәттілік тіледі.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.
Суреттерді түсірген Т.Нұрғазы.

