Алдағы сенбі түнінде, 23 сағат 56 минутта, Май ауданындағы Май станциясына «Денсаулық» пойызы келеді.
Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның бірлескен «Денсаулық» пойызы жобасы еліміздің шалғайдағы тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Биылғы 1 шілдеде бұл пойыз Астанадан жолға шығып, шығарып салу салтанатына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысқан болатын.
Бір атап өтерлігі, соңғы үлгідегі технологиялармен, медициналық аспап-жабдықтармен қамтамасыз етілген, еліміздің білікті дәрігерлері тартылған бұл доңғалақ үстіндегі емхана теміржолшыларды ғана емес, жергілікті тұрғындарды да қабылдап, медициналық байқаудан өткізеді.
Пойызда амбулаториялық операцияларды жүргізуге, толық медициналық тексеріс жасауға барлық жағдай жасалған. Мәселен, рентген сәулесі үшін қажетті осы заманғы рентгенологиялық жабдықпен, компьютерлік томографиямен жарақтандырылған. Процедуралық ем, диагностикадан (УЗИ-диагностика, эндоскопия) өткізетін бөлмелер, диагностикалық зертхана бар. Жобаға медицина саласындағы бірінші және екінші жоғары дәрежелі білікті дәрігерлер қатысуда. Терапевт, балалар дәрігері, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог сияқты мамандар кеңес береді. Сондай-ақ тұрғындар осы заманғы зертханалық-аспаптық тексерістен өтуге, жоғары білікті кеңестер алуға, шағын хирургиялық операция жасату мүмкіндігіне ие болады.
«Денсаулық» пойызы Май станциясында 55 сағат 50 минут болғаннан кейін 16 тамызда Көктөбе станциясына тоқтайды. Айта кету керек, «Денсаулық» пойызы әр станцияда екі тәуліктей болады. Келесі аялдама – Ақсу-2 станциясы, (18 тамыз).
20 тамызда «Денсаулық» пойызы Шарбақты ауданындағы Маралды станциясына келеді. 22 тамызда Құрқамыс станциясында аялдайды.
25 тамызда Қалқаман, 26 тамызда Майқайың станцияларында болады.
Осыдан кейін Шідертіде (28 тамыз), Бозшакөлде (30 тамыз) қызмет көрсетеді.
Әртүрлі жағдайлармен жоғары білікті дәрігерлерге қарана алмай жүрген тұрғындар осы денсаулықты жақсарту мүмкіндігін пайдаланып қалуы керек. Бұған жергілікті әкімдіктер жете көңіл бөліп, емделушілерді пойыздың келетінін толық хабардар етіп, шалғайдағы тұрғындардың дәл уақытында межелі жеріне жетуін ойластырған жөн.
«Денсаулық» пойызының жолға шығып, қызмет көрсетуі елімізде халық денсаулығын жақсарту жолындағы шарапаты мол игілікті іс екені анық.
Ө.РҮСТЕМОВ.

