Кеше Ертістің Павлодар өңірінде Қазақстан Республикасының Павлодар облысы мен Ресей Федерациясының Новосібір облысы журналистерінің форумы жұмысын бастады. Еларалық, соның ішінде аймақаралық журналистердің әріптестік байланыстарын, өзара қарым-қатынастарын нығайтуға арналған шараға РФ Новосібір облысынан 12 адамнан құралған делегация келді. Новосібір облыстық Журналистер одағының төрағасы Андрей Челноков бастап келеген мәртебелі меймандар Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» өткен форумның пленарлық отырысында болды. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, Қазақстан Журналистер Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің Бас редакторы Юрий Поминов, «Республикалық редакторлар клубы» бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Бас редакторы Мұхит Омаров, сондай-ақ қалалық, аудандық ақпарат құралдарының басшылары мен тілшілер қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғалымова көршілес елдің журналистерін Павлодар жеріне келуімен құттықтап, нәтижелі жұмыс тіледі.
- Бүгінде тұтастай елдеріміздің арасында, сондай-ақ облыстар арасында әріптестік қарым-қатынастар сан түрлі бағыттарда өріс алып отыр. Әсіресе гуманитарлық бағыттағы байланыстардың екі тарап үшін де маңызы аса зор. Білім, мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері де мол екенін уақыт көрсетіп отыр. Екі облыс журналистерінің бұл форумы өзінің маңызыдылығымен, тиімділігімен және пайдалылығымен ерекшеленеді. Ақпараттық қарым-қатынастар саласында назар аударарлық тұстар екі тарапта да аз емес. Солардың түйінін шешу үшін осындай басқосулардың тұрақты ұйымдастырылуы ұтымды боларына дау жоқ. Болашақта екі елдің шекаралас облыстарының – Новосібір, Омбы, Алтай өлкесі мен Павлодар облысы ақпарат құралдары өкілдерінің аймақаралық Форумын жолға қою жоспары да көзделіп отырғанын айтқан жөн. Осы басқосуда аталмыш мәселенің мән-жайы да жіті талқыланады, пысықталады деп ойлаймын, - деді облыс әкімінің орынбасары Әлия Қайратқызы өз сөзінде.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Индустриялдық даму, «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру, жұмыспен қамту секілді маңызды жобалар туралы егжей-текжейлі әңгімеледі. Қазақстанның ЕҚЫҰ секілді беделді ұйымға төрағалық етуі, ұйым саммитының Астанада өтетін маңызды жиыны туралы да кеңінен сөз қозғады.
- Әлемді қаржылық дағдарыс қыспаққа алған тұста Елбасымыз Н.Назарбаев ұтымды шешімдер қабылдап, мемлекеттік бағдарламалардың, сәтті қадамдардың арқасында күрделі кезеңнен қиындықсыз өттік. Дағдарысқа қарсы бағдарламалар өз жемісін берді. Бүгінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін еселеу бағытында толайым жұмыстар жүзеге асуда. Осының бәрі еліміздің тәжірибесінің мол екенін айғақтайды, - деді Ә.Ғалымова.
Әрине, кез келген елде болып жатқан оң өзгерістер, игі қамадар жалпақ жұртқа ақпарат құралдары арқылы жария етіледі. Бұл ретте ақпарат құралдарының жұмысы аса жуапкершілік тұрғысынан өрбуі шарт. Көршілес елдердің өкілдері Қазақстан туралы, ондағы табысты да нәтижелі жұмыстар жөнінде сөз етіп жүргені анық. Бірақ оның өзі мардымсыз ғана. Мұны форумның алқалы отырысына Новосібір делегациясын бастап келген А.Челноков мырза да баса айтты.
- Әрине, Қазақстан туралы ақпарат таратқанда басты бағыт ретінде Президенттеріңіздің, Парламенттеріңіздің жұмысы жөнінде айтылады. Өкінішке қарай, жергілікті қарапайым халықтың тұрмыс-жайы туралы материалдар мүлде аз. Болашақта ақпараттық кеңістіктегі осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзара әріптестіктің көкжиегін кеңейту мақсатын ұстанып отырмыз, - деді ол сөз сөзінде.
Қазақстан Журнлаистер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Ю.Поминов еліміздегі журналистік ұйымдардың жұмысы туралы кеңінен әңгімеледі. Облыстың бұқаралық ақпарат құралдарының Ресейдің көршілес өңірлерімен өзара ақпараттық ынтымағын паш ететін бірқатар мысалдарды да алға тартты. Алдағы уақытта оның желісі ширай беруіне екі тарап та ынталы екендігін, осындай басқосулар соның негізі болып табылатынын атады.
Форумның пленарлық отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Идаят Әбдіхалықов ұлттар татулығы мен түсіністігін нығайту бағытында елімізде тындырылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. «Достық үйі» секілді маңызды нысанның ұлтаралық қарым-қатынастың нығаюына тигізіп отырған ықпалын бөле-жара атады.
Басқосуда Новосібірден келген журналистер, сондай-ақ павлодарлық ақпарат құралдарының көкілдері өз ойларын білдірді.
Айта кету керек, Форумның жұмысы бүгін жалғасын тауып, ертең аяқталады. Мәртебелі меймандар жұмыс сапарында Павлодар қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. П.Васильев музейінде, «Қазақстанның электролиз заводында» болды. Сонымен бірге Форум аясындағы жұмыстар Екібастұз қаласы мен Баянауыл жерінде жалғасуда.
- Басты мақсат - әріптестік қарым-қатынасты нығайту. Шара бұл ретте өз мақсатына жетіп отыр. Алдағы уақытта тараптар болып қолға алынған жұмыстар желісі ұлғая түспекші. Былтыр павлодарлық журналистер қауымы Новосібірде болып, халықаралық жиынға қатысты. Енді, міне, әріптестер біздің өлкеге аяқ басып отыр. Мұндай шаралардың берері мен тиімділі аса зор, - деп атап көрсетті «Республикалық бас редакторлар клубы» бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрағасы М.Омаров.
Форумның алқалы жиынында облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғалымова новосібірлік делегацияның басшысы А.Челноковқа облыс әкімінің Алғыс хатын және естелік сыйлығын тапсырды. Өз кезегінде новосібірлік мейман облыс губернаторының естелік сыйлығын облыс әкімінің орынбасарына табыстады.
Сонымен қатар, ресейлік делегация басшысы ақпарат саласындағы жемісті еңбектері үшін «Звезда Прииртышья» газетінің бас редакторы Ю.Поминовқа, «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы М.Омаровқа, «Казахстанская правда» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі С.Горбуновқа түрлі дәрежедегі «Отандық журналистикаға сіңірген еңбегі үшін» ордендерін табыс етті.
Асыл ӘБІШЕВ.

