Майқайың кентінің тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде
Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі таза ауыз су мәселесі өзінің оң шешімін табуда. Биыл мұнда республикалық «Жол картасы» бағдарламасы аясында орталық су құбырын қайта жөндеу жұмыстары қолға алынған. Алғашқы нәтижелері де жоқ емес.
Естеріңізге сала кетейік, өткен айдың соңында Майқайыңдағы су құбырын жөндеу жұмыстарына қатысты, дәлірек айтқанда, мердігер компанияның салғырттығы жөнінде біраз мәселелер туындаған еді. Атап айтар болсақ, жөндеу жұмыстары бірнеше ай бойы еш ілгерілемей қойған. Нақ сол кезде, аталмыш кент тұрғындары бұл уәждерін Баянауыл ауданына іс сапармен барған облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа айтқан болатын. Артынша аймақ басшысының тікелей араласуымен барлық кемшіліктер дереу түзетілгендігін хабарладық. Онымен қоса, нысандағы жұмыстарға жауапты «Реал-Строй-ПВ» ЖШС-нің директоры Қайрат Тұрсынбаев көрсетілген залалдың өтемі ретінде бірқатар тұрғындардың үйлеріне өз қаржысы есебінен су құбырын тартып беремін деп уәде еткен еді. Енді міне, бір айға жуық уақыт ішінде бұл уәде орындалып отыр.
Жалпы, Майқайың кентіне су құбырын тарту ісі 2012 жылға дейін жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 542 миллион теңге бөлініп отыр. Жылу трассасының жалпы ұзындығы – 35 километр. Биыл жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асуда. Оның аясында, ағымдағы жылдың көктем айында басталған кент ішіндегі су құбырларын қайта қалпына келтіру ісі аяқталуға жақын. Қазір онда су құбырының негізгі магистралін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, ел қазынасынан бөлінген қаржының 50 миллион теңгесі үстіміздегі жылы игерілмек. Ал қалған қаражат алдымыздағы екі жылға (2011 жылға - 255 миллион теңге, 2012 жылға - 237 миллион теңге) қарастырылған. «Біздің мақсат – кент тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Себебі мұндағы жылу құбырлары қырық жылдан бері жөндеу көрмеген. Енді «Жол картасы» бағдарламасының арқасында бұл мәселе оң шешімін таппақ. Жоба белгіленген мерзімге сәйкес жүргізілуде», - дейді мердігер компания басшысы Қ.Тұрсынбаев.
Су құбырын қайта жөндеу жұмыстарына арнайы, заманауи техника қолданылуда. Қазір мұнда отызға жуық жұмысшы еңбектенуде. Олардың басым бөлігі - жергілікті тұрғындар. Майқайың кентінің әкімі Орда Ермекбаевтың айтуына қарағанда, осы арқылы тағы бір өзекті мәселе, жұмыссыздық жайы шешілуде. Жоғарыда аталған нысандағы жөндеу жұмыстарына аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қырықтан астам тұрғындар кәсіп тауып отыр.
Бір атап өтерлігі, мердігер кәсіпорын басшылығы, уәдесінде тұрып, жөндеу жұмыстары жүргізілген Комсомольская көшесінде орналасқан 14 үйге өз есебінен су құбырын тартып берген. Мұндай қуанышқа ие болған тұрғындардың бірі - зейнеткер Елизавета Колчина. «Менің ауыл тұрғындарының өтінішін жерге тастамай, мәселені өз бақылауына алып, көмек қолын созған облыс әкімі Б.Сағынтаевқа айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ мердігер кәсіпорын директоры Қ.Тұрсынбаевқа да ризашылы-ғымды білдіремін», - дейді Елизавета Федоровна.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.



