ҚАЛАМГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

      Өткен дүйсенбіде Баянауыл ауданының орталығында аудандық «Баянтау» газетінің редакторы Шакрат Шалбайдың шығармашылық кеші өтті.
       Осындай шараның ұйымдастыруының себебі бар. Жақында Баянауыл аудандық газетінде 50 жыл еңбек етіп келе жатқан Ш.Шалбай Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» белгісіне ие болды. Аудан әкімі Ернұр Айткенов бас болып, қаламгердің осы жетістігін мерекелеп өтуді жөн көрді. Шығармашылық кешке ауылдық округтердің өкілдері, қуаныш иесінің дос-жарандары, туған-туысқандары көптеп жиналды.
      Шығармашылық кеште Шакрат Шалбайдың өмір жолы және баспасөздегі қызметі, алған үкімет наградалары туралы мол дерек берілді. Солардың ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің орны бөлек, шоқтығы биік.
      Құттықтаушылардың алды болып сөз алған аудан әкімі Е.Айткенов ардагер журналистің Баянауыл аудандық газетінде елу жыл тұрақты да жемісті қызмет етіп, аудан өмірінің шежіресін жазғанын атап айтты. Алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілеп, сый-сияпат көрсетті.
Шакрат Шалбаймен он жылдай редакцияда бірге қызмет атқарған, бүгінде аудандағы білім бөлімінде басшылық қызметте жүрген А.Лекеров әріптесінің шығармашылық қызметінің ерекшеліктері туралы жарасымды әзіл-қалжыңын араластырып, баяндама жасады.
      Келесі құттықтау сөзі 1993 жылы «Баянтау» газетінің кезекті санында жарияланған «Жан жылуы» деген очерктің кейіпкері, қазіргі аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұрат Рахметовке берілді.
    Кенді өңір Майқайың кентінен де қуанышқа ортақ болуға асыққан жандар бар. Осындағы алтын комбинатының басшысы И.Богачев, ақсақалдар алқасының төрағасы М.Әбенов, тағы басқалар кеншілер өмірі туралы жиі жазған Ш.Шалбайға алғыс айтып, сый-құрмет көрсетті.
     Есімі көпке әйгілі баянауылдық ардагер ұстаз, ақын Зекебай Солтанбаев, Шакрат очеркінің кейіпкері болған Н.Жаминов, әріптесі Б.Есманов, аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі Ә.Салықов, «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Сүлейменов, Баянауыл ұлттық паркінің директоры Қасен Темірболат, тағы басқалар осы қуанышқа ортақ екендіктерін жеткізіп, игі тілектерін арнады.
     Ардагер журналисті марапатымен құттықтауға арнайы келген «Аналитикалық ақпарат орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Н.Тышқанова, Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің редакторы Ю.Поминов, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің шолушысы Ө.Тастемханов аға әріптесін Қазақстанның құрметті журналисі атануымен құттықтады.
      «Ән – көңілдің ажары» дегендей, шығармашылық кеш ән мен күйге толы болды. Жергілікті өнерпаздар Ш.Шалбайдың өлеңіне жазылған әндерді тамылжыта шырқады. Халықаралық байқаулардың дипломанты Кенжеболат Түсіпбаевтың орындауындағы халық әні «Япурай» «құлақтан кіріп, бойды алды». Жаяу Мұса атындағы өнер мектебінің жас маманы, республикалық «Дельфи» ойындарының жеңімпазы Динара Шашимова «Бөгелек» күйін шеберлікпен орындады. Сахнаға «Баян әуендері», «Беу, жігіттер» әншілер ансамбльдері шығып, әсем әндерімен кештегі көтеріңкі көңіл-күйді еселей түсті. Көрермендер белгілі әнші Жәнібек Мәліковті жылы қарсы алды.
      Кеш соңында сөйлеген Шакрат Шалбай өзінің еңбегін жоғары бағалап, қошеметтеген оқырман қауымға ризашылық сезімін білдірді.
       Қорыта айтқанда, журналистің қиын да қызықты еңбегін құрметтеп, жетістігін кең көлемде атап өткен бұл кеш келген жұртқа жақсы әсер қалдырды. Кеш егемен еліміздің іргесі бекіп, шаңырағы биіктей түсуі жолында қалам күшімен ортақ іске өз үлесін қосып жүрген журналист қауымның қоғамда алатын орны үлкен екендігін байқатқандай. Қашан да жаңалыққа құштар, алған ісін шығармашылықпен дамытып, нәтижелі ететін таулы да сұлу өңір Баянауыл ауданының жұртшылығы басқаларға игі өнеге көрсетіп отыр. Журналистерді ел болып құрметтеп, қуанышына ортақ болу облысымыздың басқа да аудандарында жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болмақ.


Ө.ТАСТЕМХАНОВ.
Баянауыл ауданы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 27 28 29
30 31