ЖАҢА ҮЛГІДЕ ЖАБДЫҚТАЛҒАН БОКС ЗАЛЫ

спортшыларды биік белестерге бастайды

      Мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында облыс орталығында мамандандырылған бокс залы пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-ның бас директоры Данбай Шухрат және Бейжің Олимпиадасының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Бақыт Сәрсекбаев және тағы басқалары қатысты.

 

      Мұндай заманауи үлгіде барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған бокс залын біздің спортшыларымыз көптен бері армандаған еді. Облыс әкімінің ұйытқы болуымен бұрын қолданылмаған ғимарат бокс федерациясына беріліп, кейін оған осы спорт түріне демеушілігімен танылған іргелі кәсіпорын - «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ күрделі жөндеу жүргізіп берді. Әмбебап спорт орнының жалпы аумағы 470 шаршы метрді құрайды, оның ішінде былғары қолғап шеберлерінің аренасы, жаттығу залы, сауна және т.б. қажетті бөлмелер орналасқан.
      Аймақ басшысы бокс залының ашылу салтанатында мұнай-газ кешені қызметкерлерін құттықтап, мұнай өңдеушілердің бүгінде спорт саласын дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті.
      -Осыған дейін біздің өңірімізден бес халықаралық спорт шебері, отыздан астам үздік спортшы шығып, атағымызды аспандатты. Алғашқылардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Р.Вахитов бар. Жас таланттардың алдағы уақытта да облысымызды ғана емес, елімізді де әлемдік деңгейде таныта беруіне жаңа бокс залы үлкен мүмкіндік береді деп сенемін. Соңғы кезде облысымызда 9 спорт кешені бой көтеріп, 17 жасанды алаңша жабдықталды. Барлық мектептерде тек оқушыларға ғана емес, барлық тілек білдірушілердің келуіне жағдай жасалған. Бірер айдың ішінде үлкен теннис орталығы да ашылады. Бұл – Елбасының тапсырмасын орындау деген сөз. Президентіміз биылғы Жолдауында 2020 жылға дейін спортпен халқымыздың 30 пайызы айналысуы қажет деген болатын. Қазір облысымызда бұл көрсеткіш 20 пайызды құрайды, - деді Бақытжан Әбдірұлы.
      Павлодар жерінде үздік үлгіде жабдықталған бокс алаңы тұңғыш рет пайда болды. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Р.Вахитовтың айтқанындай, бұған дейін боксшыларға спортпен жертөлелерде шұғылдануға да тура келген еді. Ендігі жерде облыстың бокстан ұлттық құрама командасының шеберлік шыңдайтын, заманға сай жабдықталған спорт мекемесі бар.

      Павлодарлықтардың қуанышын бөлісуге Қазақ елінің байрағын Қытайдың Бейжің жерінде желбіреткен атақты боксшы Бақыт Сәрсекбаев та бөлісуге келген екен. Ол жергілікті спортшыларды осындай залдың пайдалануға берілуімен құттықтап, Олимпиада чемпиондары осындай спорт орындарынан шығады дегенді айтты.
      Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры Д.Шухрат облыс әкімі Б.Сағынтаевқа жаңа бокс орталығының жобасын таныстырды. Бүгін беріліп отырған бокс залы – спорт кешенінің бір бөлігі ғана. Алдағы жылы зауыт үш қабаттан тұратын, ішінде екі бокс алаңы, 50 орынды көрермен залы, 20 спортшыға арналған қонақ үй бөлмелері орналасатын орталықты салып шықпақ. Аймақ басшысы жаңа ғимараттың құрылысы келер жылғы Астана күніне дейін аяқталатын болса, жаңа бокс орталығында Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында спорттық сайыстар ұйымдастыруға мүмкіндік болатынын айтты. Мұнайшылар құрылысты осы мерзімде аяқтауға уәде берді. Осылайша, Павлодар жерінде бұрын-соңды болмаған, барлық талаптарға сай келетін жаңа спорт орны бой көтермек. Бұл біздің боксшыларымыздың сайыстарда жоғары деңгейде көрінуіне септігін тигізеді деп үміттенеміз.

* * *

      Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Павлодар қаласының әкімі Бақытжан Жоламанов «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ-ында болып, салтанатты шараға қатысты. Мұнай өңдеушілерді мерекемен құттықтаған Бақытжан Төлеужанұлы еңбекте үздік көрінген мамандарға қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының марапаттарын зауыттың бас директоры Данбай Шухрат табыстады.
      Өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Павлодар мұнай-химия зауыты өндірістің қатты қалдықтарын орналастыратын жаңа алаңның ашылу рәсімін өткізді. Қалдықтар алаңы осыдан отыз жыл бұрын зауыт салынған тұста пайдаланылған құм кенішінің негізінде жасақталған. Осыған дейін келісім бойынша қалдықтарды орналастыру үшін басқа кәсіпорындарға жылына 25 млн. теңгеге дейін шығындалып келген зауыт жаңа алаң салу арқылы екі мәселені шешуді ұйғарыпты. Оның бірі – қаржы үнемдеу болса, екіншісі – экологиялық кодекс талаптарын орындау. Мамандардың айтуынша, қазылған орлардың ішіне тасталатын мұнай өнімдері мен құрылыс материалдарының қалдықтары «Tefond» полиэтилен қаптамасымен залалсыздандырылады. Кейін қалдықтардың беті өсімдіктер өсетін құнарлы топырақпен жабылады. Сөйтіп, қалдықтар жер асты суына да, ауа қабатына де ешқандай зиянын тигізбейді. Құм кенішін зауыт 7-10 жыл пайдаланады деген болжам бар. Жұмсалған шығынды небары үш жыл ішінде ақтайтын болады. «Ертіс» өңіраралық экология департаментінің бастығы Марат Шөкиннің айтуынша, зауыттың мұндай инвестициялық салымы көлемді табиғат қорғау шарасына кірісуі - басқаларға үлгі боларлық, құптарлық іс. Жалпы, биыл мұнай-химия зауыты экологиялық іс-шараларға 500 млн. теңгеден артық қаржы жұмсауды жоспарлаған.
     Павлодар қаласының әкімі Б.Жоламанов алдағы уақытта өндіріс көрсеткішін ұлғайтып, қала қазынасына түсіретін салықты өсіру жолында зауыттықтарға табыс тіледі.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30