Сенбі күні Павлодар қаласында кезекті әлеуметтік дүкен ашылды. Дачный шағын ауданындағы Қамзин көшесі, 351-інші үйде орналасқан «Алатау» әлеуметтік дүкеніндегі азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрмысы төмен отбасылар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар үшін қолайлы.
Өткен аптаның ортасында қала басшысы Бақытжан Жоламанов жергілікті мәслихат депутаттары алдында есеп берді. Онда әкім негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасына тосқауыл қою мақсатында қалада 11 әлеуметтік сауда орны жұмыс істейтінін айтқан болатын. Тауар өндірушілер мен сауда үйлері иелерімен өзара меморандумдарға қол қойылып, өнімдерді тікелей тауар өндірушіден жеткізуге баса мән берілуде.
Аталмыш бағыт бойынша жұмыстар жалғасын таба беретініне уәде еткен қала әкімі сөзінде тұрды. Бұл жолы шағын аудандардың арасында алғашқы болып Дачный ықшам ауданының тұрғындарына мүмкіндік туды. Енді ондағы әлеуметтік жәрдемге мұқтаж отбасылар мен зейнеткерлер «Алатау» дүкеніне жиі бас сұғатын болады.
Қала әкімінің орынбасары С.Байсейітов әлеуметтік дүкенді салтанатты түрде ашқан соң, жиналған сатып алушылар ішке лап қойды. Барлығы сауда сөрелеріндегі азық-түлік және тұрмыстық өнімдердің бағаларына көңіл аударды. Павлодар қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы С.Базарбаевтың айтуынша, мұнда шаруа қожалықтарынан тікелей жеткізілген сүт және ет, жұмыртқа өнімдері қаланың басқа да сауда орындарына қарағанда 20 пайызға арзан. Сатушылардың сөздеріне қарағанда, төмен бағалар тек ресми мекемеден тексерулер келген кездерде ғана емес, басқа күндері де қарапайым жұртшылық үшін қойылады.
Қала әкімдігінің қызметкерлері жергілікті биліктің ұйытқы болуымен ашылған әлеуметтік дүкендердегі тауарлардың бағалары үнемі бақылауда болатынын айтып отыр. Жыл аяғына дейін облыс орталығында тағы да бірнеше әлеуметтік дүкен ашылады деп күтілуде.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

