ҰЛТЖАНДЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

 

 

«Адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата, 
жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»
Абай ҚҰНАНБАЕВ.
 
 

«Ұлт болам десең, бесігіңді түзе!», - деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, егемен елдің ертеңі болар бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, туған Отанының патриоты етіп тәрбиелеу-баршаға ортақ  міндет. Осы бағытты бетке ұстаған облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің ұжымы жақында «Тәрбиеге ортақ көзқарас» деген тақырыпта ата-аналар форумын өткізді. Оған облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті, білім беру басқармасы, «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы, облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен 500-ден астам ата-ана шақырылды. Шара басталмас бұрын қатысушылар мектепішілік «Мұрагер» ұлттық аспаптар оркестрінің концертін көріп, «Қол еңбегінен – ой еңбегіне...» деген тақырыпта ұйымдастырылған оқушылардың қолөнер көрмесін тамашалады. 
Алқалы жиында әр тарап өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Атап өтерлігі, бала тәрбиесіне бағытталған мұндай ауқымды шара облыс тарихында тұңғыш рет орта мектептің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. 
 
 
ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕРСІҢ...
«Қоршаған әлеммен байланыстыратын бар жақсылық - ол менің отбасым»,-деп ұлы Абай айтқандай аталмыш форумда алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының, ата-ананың рөлі жан-жақты сөз болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Гүлбарам Науразбаева қазіргі таңда мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстың алшақтап кеткенін айтты. «Әр бала дүниеге келген сәтінен бастап ес біліп, ер жеткенге дейін ата-анасынан үлгі алады. Олардан жақсы мен жаманды, мейірімділік пен қатыгездік түсінігін үйренеді. Ал бала сабаққа барғаннан бастап мектеп тәрбиеші болады. Кейбір үлкендер мектепке сеніп, үйде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Бұл дұрыс емес. ҚР-ның «Білім туралы» Заңында: «Ата-аналар - алғашқы педагогтар» деп жазылған. Сол үшін біздің ата-аналар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Мектептерде екі жақтың бірігуімен балалар тәрбиесіне бағытталған шаралар көптеп ұйымдастырылғаны жөн. Сонда ғана түрлі бағыттағы психологиялық тренингтер, педагогикалық кеңестер мен басқа да бірлескен жұмыстар арқылы жеткіншектер арасындағы мәселелерді оңай шешуге болады», - деді ол өз сөзінде. Баяндамашының сөзіне қарағанда, жасөспірімдердің қылмыстық жауапкершілікке тартылуына көбінесе ата-ана тарапынан бақылаудың болмауы, өмірлік тәжірибенің жоқтығы себеп болады екен. Өкініштісі, соңғы кездері кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қыз балалардың қылмыс жасау оқиғасы көп тіркелуде. Мәселен, облыстық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша өткен жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылған 439 жасөспірімнің 50 пайыздан астамы қыздар болған. Осы ретте форумға қатысушылар тарапынан «Қыз бала - болашақ ана, отбасының ұйытқысы» екені және сол үшін ата-аналар қауымы халқымыздың «Қызға қырық үйден тыю» қағидасын қатаң ұстанғандары жөн деген пікір айтылды. 
Жалпы, бала тәрбиесі туралы сөз еткенде, бар жауапкершілік алдымен ата-анаға жүктелетіні шындық. Иә, ата-ана - бала тәрбиесіндегі негізгі тұлға. Сондықтан да, ата-аналар баланың аяқ алысына, мінез-құлқына, жан дүниесіне терең үңіліп, отбасындағы тыныштық пен мейірімділікті сақтаулары керек. Алайда бала тәрбиесі үшін мектеп пен мұғалімнің де атқарар рөлі зор. Бұл жөнінде өз пікірін білдірген аталмыш лицей-мектептің ұстазы Светлана Бастемова: «Баланың жеке тұлғасының дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Бірақ, көп жағдайда ата-аналардың жұмысбасты болуына байланысты уақытының жетіспеушілігінен бұл мәселе кенже қалып жататыны жасырын емес. Сол үшін тәрбиеге деген жауапкершілік мектеп жағынан басымырақ болуы керек. Өйткені, мектеп – қоғамның, отбасының және өзінің өзара тәрбиелік іс-қимылын үйлестіруші қоғамдық институт», - деді. 
Баланы ақылды, есті етіп тәрбиелеу - отбасы мен мектептің бірлесіп істеген жұмыстарына тікелей байланысты десек, артық айтқандық болмас. 
 
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ 
 

Қазіргі таңда ғасырлар қойнауында жатқан ұлттық тәрбиені, адамгершілік асыл қасиеттерді қалыптастыру маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осы ретте ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тағдыры мен болашағы мектептегі жас буынның тәлім-тәрбиесіне байланысты екені анық. Сондықтан, әр мектеп балаға сапалы білім берумен қатар ұлттық бағыттағы саналы тәрбие беруге де назар аударуы тиіс. Аталмыш форумда бұл тақырыпта сөз алған облыстық мұсылман әйелдер лигасының төрайымы Зара Қожахметова: «Ата-бабаларымыздың ғасырдан ғасырға мирас болып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып сынды рухани құндылықтары қазақ халқының ұлттық педагогикасының негізі деп есептеймін. Әл-Фараби өз заманында «Балаға білім бергеннен бұрын тәрбие беру керек. Тәрбиесі жоқ білімі бар адам қасіретке ұшырайды» деген екен. Ғұламаның бұл қанатты сөздері білімнің негізі тәрбиеде жатқандығын тағы бір мәрте айшықтап отыр. Бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесі үшін мектеп, ата-ана және қоғамның алар орны зор», - деді. 
Осы орайда отбасы мен мектептің жас ұрпақ алдындағы жауапкершілігі ортақ екенін атап өткен орынды. Себебі, білім мен тәрбиені бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. 
Ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындату жолында тер төгіп жүрген дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің мұғалімі Құралай Шериязданова: «Тәрбие мен білім - егіз» демекші, қазіргі таңда әр ұстаз оқушыға сапалы білім берумен қатар, тәрбиенің де нәрін сусындатуы шарт. Өз басым осы білім ордасында ұстаздық қызмет еткеніме үш жылдан астам уақыт өтті. Мектебімізде әр оқушыға біліммен қатар ұлттық тәлім-тәрбие беруге зор мүмкіндіктер жасалуда. Өзім мектепішілік «Зерде» атты қоғамды басқарамын. Айта кететін жайт, біздің мектепте халқымыздың ертеден келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиесі мен салт-дәстүрін насихаттауға, жастарды еңбекке баулуға ерекше көңіл бөлінеді. Негізінен, мектебімізде өзгеге үлгі болар тұстар көп. Менің ойымша, алдымен қазіргі қазақстандық жас өскіннің өткенімізді, терең тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды біліп өсуіне жағдай жасау керек. Сонда ғана қазақтың нағыз көргенді, ибалы, патриот ұл-қыздары өсіп шығады, - дейді. 
Ата-бабаларымыздың, небір даналарымыздың ақыл-өсиеттері, ежелден келе жатқан салт-санасы мен әдет-ғұрпындағы дәстүрлі тарих тағылымдарын өмірге үйлесімді пайдалану – бүгінгі ұл мен қызға берілетін тәлімді жетілдірудің тиімді жолы. Сол үшін жас ұрпақ бойына инабаттылықты, мейірімділікті, бір-бірін сыйлау, құрметтеу сынды адамдық асыл қасиеттерді дарытуға көпшілік болып атсалысу - ортақ міндет. Ең бастысы, тәрбиесіз білім, білімсіз тәрбиенің берілмейтінін ұғынған жөн. Форумға жиналғандар да осындай ой түйді. 
 
ДЕНІ САУДЫҢ ЖАНЫ САУ!
Әр халықтың алға қойған асыл мұраты-көзі ашық, көкірегі ояу, дені сау ұрпақ тәрбиелеу. Алайда жас буынның адамгершілік қасиеті мен дене тәрбиесі қатар ұштасып жатса, бұл – ұлт болашағы үшін баға жетпес байлық екені сөзсіз. Форумда «Дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесін ұштастырудағы жанұя рөлі» деген тақырыпта баяндама жасаған Павлодар облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментінің директоры Гүлфаз Аубанова баланы адамгершілікке тәрбиелеумен қатар, оның дене тәрбиесімен айналысуына ерекше мән беру керектігін және жас ұрпақтың дені сау, сымбатты болып өсуі үлкен тәрбиені қажет ететінін алға тартты. «Бала үшін әрбір кезең маңызды, әрбіреуінің өз ерекшелігі бар. Әсіресе, жүйке-жүйенің дамуы, яғни мектепке дейінгі кезеңде (3-7 жас аралығында) балаға баса мән беру керек. Осы жылдар аралығында бала әлемді белсене танып, ақыл-есі жетіледі. Бұл жаста ойын рөлі басым болады. Сондай-ақ осы кезеңде олардың зерттеу қызметі артады.  7-11 жас аралығы кіші мектеп жасының кезі саналады. Оқушылар осы жаста не меңгерсе, соны көп жылдар бойы есінде сақтайды. Жеткіншектерде естің жақсаруы, ақылдың жоғарылауы байқалады. Ойынға деген қызығушылық оқу уәжімен алмасады. Ал 7-9 жаста бала еңбек бағасын көріп-таниды. Бұл кезеңде ересек адамдар баланың шығармашылық рухын қолдап, әсіресе дене тәрбиесімен айналысуға үгіттеп, психологиялық көмек көрсету керек. Отбасы мен мектептің өзара әрекетінің проблемасы осы күндері өте өзекті», - дейді ол. Бұл ойды облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Тұңғышбай Баймаханов та қолдап, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру оның жақсы тәлім-тәрбие алуына, үлкеннің айтқанын дұрыс қабылдауына игі әсерін тигізетінін жеткізді. 
Тәрбиенің негізгі мақсаты - дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, патриот жастарды тәрбиелеу десек, баланың әр кезеңдегі ерекшеліктеріне мән беріп, салауатты өмірге бет бұруына ықпал жасау керек. Мұны форумға қатысушылар да мойындады.
 
ҚОРЫТА АЙТҚАНДА:
Сөз басында атап өткендей, облыс тарихында тұңғыш рет орта мектептің мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырған «Тәрбиеге ортақ көзқарас» атты форумда бала тәрбиесіне байланысты сан түрлі ой айтылды. Жалпы, «Тәрбие» ұғымының мағынасы терең, ауқымы кең екені белгілі. Сондықтан да, алқалы жиында ата-ана мен мектеп арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығы, баланы адамгершілік қасиеттеріне баулумен қатар, жас ерекшеліктеріне байланысты дене тәрбиесімен, шығармашылықпен айналысуына да ықпал жасау, ұлттық тәрбиенің алар орны жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ, «Кәсіби бағдар берудегі психологиялық қолдау», «Баланың бойындағы айқын және жасырын қабілеттерін анықтаудағы жанұя рөлі», «Баланың адамгершілік-құқықтық тәрбиесіндегі ата-аналар қауымдастығының рөлі» деген тақырыптарда баяндама жасалып, ата-аналарға ақыл-кеңестер берілді. 
Шараның өтуіне себепкер болған дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің директоры Хабиба Әбілова: «Ата-аналар форумында қарастырылған тәрбие мәселесі бір мектепке немесе мұғалімдерге ғана қатысты емес. Ол-көпшілікке ортақ іс. Баршамызды алаңдатып отырған аталмыш мәселе төңірегінде мектебімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі шара соның дәлелі болса керек. Мектеп ұжымының бастамасымен ұйымдастырылған шара болашақта жалғасын табады деген сенімдемін. Келешекте ата-аналар форумын облыстық деңгейде өткізу жоспарланып отыр», - дейді. 
Жиынға қатысушылар да мұндай шараны бір мектеп қана емес, болашақта үлкен басқармалар қолға алып, облыстық деңгейде мазмұнды өтсе екен деген тілектерін білдірді. 
 
Н.ШОДЫР,
А.ЕСІМХАНОВА.
 
 
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28