ТӘРБИЕНІҢ ТАЯЗДЫҒЫ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЙДІ Балалардың компьютерге тәуелділігі етек алып бара ма?

 

Бүгінгі күні балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі қоғамдағы ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Әсіресе, көпшілікті алаңдататын жайт – балалардың қаңғыбастыққа бой алдыруы. Ал күн-түн демей, үйінен безіп, көше кезіп жүрген жасөспірімдердің бұл әдетінің себебі неде? Отбасындағы тәрбиенің осалдығы ма, әлде жүрген ортасы кінәлі ме?.. Бәлкім, басқа да себептер бар шығар...

Заң органдары мен осы салаға жауапты өзге де мекемелер аяғын шалыс басқан жеткіншектерді дұрыс жолға салу мақсатында түрлі шаралар қолдануда. Соған қарамастан, кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылық әрекеттер әлі де толастар емес.

 

ЖЕТКІНШЕКТЕРДІ ЖЕЛІКТІРГЕН НЕ НӘРСЕ?

Бейресми деректер бойынша елімізде жыл сайын 100 мыңнан астам бала ата-анасы бола тұра, олардың қарауынсыз қалуы салдарынан қаңғыбастыққа салынады екен. Бір қызығы, Қазақстанда ата-аналарының қарауынсыз қалған мұндай балалардың ресми статистикасы жүргізілмейді.

Өкініштісі, қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қаңғыбастықтың алдын алуға заң органдарының да қауқары жетпей отыр. Әрине, аталған мәселемен күресу - полиция қызметкерлерінің құзырындағы ғана міндет емес. Бұған алдымен ата-ана, мектеп және барлық қоғамдық ұйымдар мен мекемелер атсалысулары керек.

Бұдан біршама жыл бұрын вокзал маңында немесе аялдамаларда, дүкендер мен базарларда қайыр сұрап, қарнын тойғызып жүрген қаңғыбас жеткіншектерді көп кездестіретінбіз. Қазір ондай тілекшілердің қарасы сирегенімен, күні-түні қаладағы компьютер клубтарын жағалап, тіпті сонда түнеп жүрген жеткіншектер қатары азаймай отыр. Бұл жөнінде жақында облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің мұрындық болуымен өткен «Түнгі қаладағы балалардың қауіпсіздігі» атты дөңгелек үстел шарасында сөз болды. Аталмыш департамент мамандарының айтуынша, бір ғана Павлодар қаласында 16 компьютер клубы жұмыс істейді. Олардың жұмыс тәртібі заң бойынша кешкі сағат 21.00-де аяқталып, есіктері жабылуы қажет. Алайда арнайы тексеру нәтижелері аталған компьютер клубтарының көбі тәулік бойы жұмыс істейтінін анықтаған. Ал мұндай клубтардың әрқайсысында 10-15 жас аралығындағы жеткіншектер екі көздері қызарып, құмарлары қанғанша түнімен түрлі атыс-шабыс ойындарын ойнайды екен. Бір клубта шамамен 20-ға жуық бала отырады. Ол аз болғандай, әлі оңы мен солын дұрыс танып-білмеген жасөспірімдерді қызықтырып, күнделікті өзіне «клиент» етуді көздеген клуб қызметкерлері оларға тегін энергетикалық сусындар ұсынатыны белгілі болған. Мамандардың пікірінше, энергетикалық сусындар баланың ұйқысын ұрлап, бойын сергек сезінулеріне ықпал ететін көрінеді. Ондай сусындардың денсаулыққа тигізер зияны да шаш етектен. Психолог маман Светлана Гладышева: «Компьютер - қазіргі заман жетістігі. Бірақ, біз оны орнымен пайдалана білуіміз керек. Ал жеткіншектердің түнімен компьютерден бас алмауы – қоғам үшін үлкен қасірет деп санаймын. Өйткені, балалардың бар қызығушылығы компьютерге ауып, барлық жан-тәнімен ондағы дүниеге берілгенде  сыртқы ортадан, жан-жағында болып жатқан оқиғадан бейхабар қалады. Соның салдарынан есте сақтау қабілеті төмендеп, ой-өрісі таяздайды. Ондағы қатыгездік сипаттағы ойындарды ойнап,  соған еліктейді. Сондай-ақ, бала компьютердің алдында ұзақ отырғандықтан, көзінің көруі нашарлап, қол-аяғы мен омыртқасы ауырады, еңбек ету қабілеті шектеледі. Сол үшін  әрбір ата-ана баласының болашағын ойлап, алаңдауы қажет», - дейді.

Облыстық ішкі істер департаментінің кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі бөлімнің аға инспекторы Бибігүл Қамзина қалтасының қамы үшін ел ертеңі болар жеткіншектердің болашағына балта шапқан қаладағы бірқатар компьютерлік клубтарға және баласын өз бетімен қараусыз қаңғытып жіберген ата-аналарға айыппұл салынып, шара қолданғанын айтады. Алайда, бұл жаза мәселені бірден шешіп тастаған жоқ. «Түнгі қаладағы балалардың қауіпсіздігі» атты дөңгелек үстел шарасының осы келеңсіз жайтқа қарсы күрес мақсатында ұйымдастырылғаны соның дәлеліндей.

ҚР Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің деректері бойынша елімізде сағат 10.00-ден бастап 24.00-ге дейін жұмыс істейтін 700-ге жуық компьютер клубы бар болса, оның ішінде 50-ден астамы тәулік бойы жұмыс істейді екен. Атап өтерлігі, әр күн сайын оларға 7500-ден астам бала (2 мыңнан астамы - 7-12 жастағы, қалғандары - 12-18 жастағы балалар) барып, қатыгездік, қорқыныш, кісі өлтіру көріністері бар ойындарды ойнайды екен. Ал үйінде компьютерлерде отыратындар саны қаншама?  Бұл - басқа әңгіме.

Осы ретте айта кетерлігі, республикалық психиатрия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандары клубтарға баратын 12-13 жастағы оқушылардың                  80 пайызының физиологиялық биоырғағы бұзылғанын, 10 пайызының жүйкесі жұқарғанын және әрбір бесінші оқушының басы ауырып, нашар ұйықтайтынын анықтаған. Осылайша, компьютердегі ойындардың қызығына түсіп, өз үйінен безіп, «қаңғыбастар» қатарын толықтырып жүрген жеткіншектердің бұл көрінісін ғалымдар «Компьютерлік тәуелділік» деп атайды. Ең қорқыныштысы, ғалымдар «Компьютерлік тәуелділік» - ішімдік пен нашақорлыққа тәуелділікпен пара-пар екенін алға тартады.

 

«ТЕКСІЗ ТЕНТЕКТЕР» ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?

ХХІ ғасырдың басты жетістігі – ақпараттық технологияның дамуы. Бүгінде мұндай замана жетістіктерінің қызығын бесіктен белі шықпаған баладан бастап еңкейген кәріге дейінгілердің бәрі көруде. Кей жағдайда оның пайдасынан гөрі зиянының басым болып жататыны өкінішті. Сол үшін оның тізгінін қай жаққа қарай бұру адамзат баласының өз қолында болмақ. Міне, осы мәселеге келгенде, көпшілік, әсіресе жеткіншектердің ұтылып жататыны шындық. Қара жәшікке телміріп, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған «Компьютерге тәуелді» балалардың басын айналдырып алған ғасыр сырқаты да осы. Атап айтар болсақ, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, ұрлық, қаныпезерлік, қаңғыбастық, көргенсіздік, жүгенсіздік, тағысын тағылар... 

Деректерге сүйенсек, күн сайын әлем балаларының 50 пайыздан астамы интернетке кіреді, ал 37 пайызы бос уақыттарын компьютерлік ойындар ойнаумен өткізеді екен. Олардың қатарында қазақстандық балалар да бар. Бұл ретте «балалар неге компьютерге соншалықты құмардеген заңды сауал туындайтыны шарт. Психолог маман Светлана Гладышева: «Компьютер клубтарына кіру бағасы арзан. Мәселен, қалтасында азын-аулақ ақшасы бар кез-келген бала компьютерлік клубқа барып, өз қалауынша интернетте отыра алады. Ал олар дәл сондай сомадағы ақшамен кинотеатрға немесе бассейнге бара алмайды. Сондықтан бос уақыттарын қызықты өткізгісі келетін жеткіншектер компьютер клубтарына барып, кейін оған қалай бағынышты болып қалғанын сезбей де қалады. Бұған қоса, өздерімен бірге өзгелерді де ертіп келіп, еліктіреді», - дейді. Шынымен де, кез келген компьютерлік клубтарға 200-400 теңге беріп, таң атқанша отыра беруге болады екен. Ал мұндай ақшаға кинотеатрларға бару орындалмас арман ғана. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Аяш Мәкенова да бұл пікірмен келісіп, Павлодар қаласындағы кинотеатрларда 13 жастан асқан балалар үшін билет бағасы орта есеппен 600 теңгеден түспейтінін алға тартады. Ал облыс орталығындағы «Кристалл» түнгі клубының жетекшісі Леонид Гречкин қалада футбол, бокс клубтары мен балалардың бос уақыттарын өткізетін орталықтардың аз екендігін, жасөспірімдердің қылмысқа ұрынуларына осы да бір себеп болатынын айтады. Павлодар қалалық жастар мәслихатының мүшесі Батырбек Нұркин: «Бұрын, яғни компьютерлік клубтар болмаған кезде әрбір аулада ойын алаңдары, спорттық клубтар, рухани орталықтар, тіпті, балаларға арналған қызықты спорттық үйірмелер көп болған екен. Сол дәстүрді қазір неге қайтадан жаңғыртпасқа? Неге біз жастарды салауатты өмір салтына баулып, осындай тиімді әрі қызықты шаралар арқылы жақсылыққа тәрбиелемейміз?..» - деп өз ойын жеткізді.

Бұл пікірді көпшілік қостады. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі спорттық алаңдар мен кешендер, клубтар ашылып жатыр. Бірақ, олар жеткіліксіз. Сондықтан да шараға жиналғандар жергілікті билікке балалардың бос уақыттарын өткізетін орталықтар санын көбейту туралы ұсыныс жасайтын болып шешті. Бұл игі бастама жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпегенде, мойынында ауыл балалары сияқты мал жайлау, отын әзірлеу, су әкелу сынды міндеті жоқ қаланың ақсаусақ еркетотайларының мектептен кейінгі бос уақыттарын өткізуі қоғамда үлкен мәселеге айналып тұр. Десек те, осы мәселеге басын ауыртып жатқандар шамалы. Тіпті, ортамызда тентек баласына тәрбие бергеннің орнына оны оңаша қалдырып, бір сәттік жан тыныштығын ойлайтындар да жоқ емес. Бұл - ащы болса да шындық. Бала емес, «пәле» болған мұндай жеткіншектерді «тентек» демей, не дерсің?..

Жалпы, бала тәрбиесінің осалдығына, оның күні-түні үй бетін көрмей, компьютер клубтарын жағалап жүруді әдетке айналдырғанына ең бірінші ата-ана кінәлі десек, қателеспеспіз. Бұл - заң жүзінде дәлелденген ақиқат. Сондықтан да, құқық бұзып, қылмысқа барған тәрбиесіз тентектердің алдымен ата-анасы жауапқа тартылып, бала тәрбиесіне деген салғырттығының салдарынан заң алдында тиісті жазасын алып жатады. Елімізде бауыр еті - баласына дұрыс тәлім-тәрбие бермей, қараусыз, қамқорлықсыз қалдырғаны үшін ата-аналық құқығынан айырылып жатқандар қаншама?..

Мұның соңы жауапсыз әке, мейірімсіз ана, көргенсіз бала, қатыгез қоғамның қалыптасуына әкеліп соқпаса игі... Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

 

Нұржайна ШОДЫР.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31