ҚОРҒАНСЫЗ СӘБИЛЕРГЕ АТА-АНА ЖЫЛУЛЫҒЫ ҚАЖЕТ

 

 

     Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразиялық университетінде республикалық «Қуан, сәби» атты акция шеңберінде балалық шақ достарының кездесу кеші өтті. Шараның ұйымдастырылуына облыс әкімдігі мен облыстық саясаткер әйелдер клубы мұрындық болды. Аталмыш акцияға облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
     Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты - жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларына орналастырып, оларды бауырына басқысы келетін жүрегі жұмсақ адамдарға мүмкіндік жасау. Сондықтан да болар, аталмыш кездесу кешіне түрлі себептерге байланысты тағдыр тәлкегіне тап болған балалардың жан дүниесін түсініп, қолдау көрсете алатын жанашыр жандар шақырылды. Қонақтардың құрметіне ақ дастархан жайылды. Жиналғандар алдында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова балғындардың барлығы бақытты болуға лайық екендігін айтып, оларға қолұшын беру - әр адамның қоғам алдындағы абыройлы міндеті екенін жеткізді. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина да акцияға қатысушыларға ақ жол тілеп, егемен еліміздің қаршадай ұл-қыздарының мұхит асып, шет мемлекеттерге кетуіне жол бермей, олардың өз Отанынан жылы орнын тауып, бақытты ғұмыр кешулері үшін көпшілік болып күресу керектігін тілге тиек етті.
      Шараға жетім балаларды асырап алған мейірімді ата-аналар да келіп, өзгенің баласын тәрбиелеудегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Жат жандардың аялы алақанынан бақытын тапқан балғындар да жаңа шаңырақтарының шаттығы жайлы сыр шертті. Қуантарлығы, патронаттық отбасыларында тұрып жатқан барлық балалар ел қатарлы бақытты да бейбіт күн кешуде екен.
    Қонақтар назарына облыс орталығындағы интернаттық мекемелерде тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тыныс-тіршілігі жөнінде бейнекөрсетілім ұсынылды. Сонымен қатар көгілдір экран арқылы өздеріне қамқор бола алатын отбасыларына оралғысы келетін жүздері жабырқау жеткіншектердің үкілі үмітке толы тілектері жолданып, өмір деректері жайлы мәліметтер баяндалды.
    Бүгінгі күні облысымыздағы балалар мен сәбилер үйлерінде және интернаттық мекемелерде шамамен 700-дей жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балғындар тәрбиеленуде екен. Олардың әрқайсысы өз отбасын тауып, ата-ана мейірімділігіне бөленуді армандайды. Бейкүнә бүлдіршіндердің бұл тілегін орындау үшін облыстық саясаткер әйелдер клубының мүшелері қолдарынан келген барлық жағдайды жасауда.
    -Шараға қатысып, қорғансыз балаларға көмек қолын созғысы келетін қамқор жандар үшін әрдайым жол ашық. Егер мұндай азаматтар бола қалса, облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласуларына болады. Осы акция аясында жетімін қаңғытпаған, жесірін жылатпаған ұлы халықтың текті ұрпағы өмірі күрсіндірген балғындардың көз жасын көріп отырып, бей-жай қалмас деген үміттеміз, - дейді акцияны ұйымдастырушылар. Сондай-ақ, олар алдағы уақытта бұл шараны аймағымыздың барлық өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.


Нұржайна ШОДЫР.

 

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31