- Дүниеде менен бақытсыз жан жоқ шығар... Небары үш жасымда ата-анамнан айырылып, жетім қалдым. Мені нағашы әжем бауырына басты. Оның айтуынша, әкем мен шешем бір тойдан қайтып келе жатып жол апатына ұшырапты. Мас күйінде көлік жүргізген әкем сол жерде өмірмен қоштасады. Ал анам байғұс екі аяғынан айырылып, әкемнің жылына жетпей күйіктен көз жұмды. Екі ортада ботадай боздап мен қалыппын. Әлі есімде, кішкентай кезімде оларды қатты сағынып, көл-көсір болып жылайтынмын. Сонда әжем: «Ботам, сен жылағанмен әке-шешең тіріліп келмейді. Әжеңнің жүрегін ауыртпайын десең, көз жасыңды көрсетпе. Тағдырдың жазуына амал бар ма? Сайтан су қос құлынымның түбіне жетті ғой...», - дейтін үкілеп. Бұдан кейін мен әжеме көрсетпей, көз жасымды бұлап алатынмын. Уақыт өте келе бәрі де біртіндеп ұмытыла бастады.
Кейін ер жетіп, ел қатарлы оқу оқып, жұмыс істеп, тұрмысқа шықтым. Енді бақытты күн кешемін бе деп жүргенде, жолдасым маскүнемдікке салынды. Сол үшін жұмысынан айырылды. Күнде ішіп келіп шаңырағымыздың шырқын бұзып, көршілер мен ағайын-туыстың да мазасын алды. Соңғы кездері маған қол көтеретінді шығарды. Оның ақырған дауысынан бесіктегі сәбиім шошып оянатын болды. Маскүнем әкесінің кесірінен баламды дер кезінде емдете алмай, ауруын асқындырып алдым. Мұндай қиындыққа тап болатындай не жазығым бар еді?! - деп бастады әңгімесін ауруханада кезек күтіп отырып кездейсоқ танысқан бір келіншек екі көзі мөлтілдеп.
Осылайша, маскүнемдіктің салдарынан ай мен күннің аманында аянышты күн кешіп, сүрінген, бүлінген тағдырлар аз емес.
«Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын...», - деп ұлы Абай айтқандай, бүгінгі қоғамда тамағы тоқ, жұмысы жоқ, тепсе темір үзетін, қол-аяғы балғадай азаматтар мен «ана» деген ардақты атты арқалап жүрген нәзік жандар арасында маскүнемдікке салынып кеткендер көп. Тіпті, қаймағы бұзылмаған ауылдық жерлерде де ермегін сайтан судан іздеп, ақыл-естен жұрдай болып жүргендер жиі кездеседі. Бұл – бүгінгі күннің боямасыз көрінісі.
ҰЛТ БОЛАШАҒЫ - ҰРПАҚ ҚОЛЫНДА!
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстан маскүнемдікке салынған азаматтар санының көптігі жағынан әлем бойынша алғашқы ондықтың қатарында тұр екен. Әрине, бұл - дабыл қағатын жағдай. Осыған қарап, егемен елдің ертеңі үшін алаңдауға негіз бар. Себебі, мамандардың пікірінше, алкогольдік ішімдіктер адам ағзасын улап қана қоймай, түрлі ауруларға шалдығуына себепкер болады. Статистикалық деректер бойынша елімізде ішкілікке салынудың салдарынан жыл сайын 28 мыңға жуық адам бауыр, жүрек-қан тамырлары, асқазан жарасы, ми инсульті тәрізді дерттерді асқындырып алып, жарық дүниемен қоштасады екен.
Ғалымдар маскүнем әке-шешеден туған бала да өскенде арақ-шарапқа әуес болатынын анықтаған. Сірә, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп халқымыз тегін айтпаған-ау... Арнайы зерттеулер маскүнемдер отбасында туған балалардың басым бөлігінің денсаулығы нашар, қабілеті төмен болатынын дәлелдеген. Мәселен, француз дәрігерлері маскүнемдікке салынған он отбасында дүниеге келген 57 балаға зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, 25 бала сәби кезінде шетінеген, 5 бала тырысқақ ауруына, 5-уі ауыр ми ісіктеріне шалдыққан. Сондай-ақ, 12 баланың ақыл-есі кем болып туса, қалған 10 баланың ғана денсаулығы салыстырмалы түрде дұрыс дамығандығы белгілі болған.
Мұндай жағдайдан кейін маскүнем адамы бар отбасында дүниеге келген бейкүнә сәбилердің болашағына үмітпен емес, күдікпен қарамасқа амал жоқ. Әсіресе, «ұрпақтың саулығы – ұлттың саулығы» деген қағиданы ұстанған елімізде бүгінгі күні маскүнемдікке салынған жастар қатарының жыл сайын көбейіп бара жатқаны өкінішті. Отандық наркологтардың айтуынша, соңғы үш-төрт жылда маскүнемдікке бет бұрған балалардың саны 10 есеге артқан. Осыдан кейін «бұл жастардың болашағы қандай болмақ?» деген ойға батасың...
Алкогольдік өнімдердің салдарынан талай шаңырақтардың шырқы бұзылып, бақытсыздыққа тап болуда. Сонымен қатар, жастар арасында кісі өлтіру, өзіне өзі қол жұмсау сынды қайғылы оқиғалар мен қылмыстық әрекеттер де жиі тіркелуде. Айталық, Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, өткен жылы өңірде 18703 қылмыстық әрекет тіркелсе, олардың 9811-і, яғни тең жартысы маскүнемдерге тиесілі екен. Ол аз болғандай, ащы суға тойып алған ақымақтардың кесірінен болған жан түршігерлік оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күн құрғатпай естіп жататынымыз да жасырын емес. Тіпті, жол-көлік апаты оқиғаларының да елу пайызы ішімдіктің салдарынан болатыны анықталған. Осылайша, бүгінгі бейбіт күнде біздің қоғамда түрлі бақытсыздық оқиғалары орын алуда. Нарколог мамандар осының бәрі елімізде алкоголь өнімдерін шамадан артық тұтынудан туындаған мәселе екенін айтады.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда бір жыл бойы сатылатын арақ-шарап өнімдерінің мөлшері жан басына шаққанда әрбір адамға 12 литрден келеді екен. Халықаралық сараптау нәтижесі бұл көрсеткіш 8 литрден асқан жағдайда, ондай елдің болашағы қауіпті екенін алға тартады. Осыған орай, мемлекетімізде маскүнемдерді сауықтыру шаралары жүргізілуде. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметі бойынша, былтыр аймақтағы 9 мыңнан астам араққа тәуелді маскүнемнің 417-і толық емдеу курсынан өткен. Бірақ, бұл қоғамға қотыр болғандардың азы ғана. Ал аталғандардың санына қосылмай, тасада жүргендер қаншама? Өкінішке қарай, елде ондайларды есепке алып, адам қатарына қосуға қолұшын беріп жатқан мемлекеттік органдардың әрекеті белсенді емес.
Мамандардың сөзіне қарағанда маскүнемдікке салынатындардың үштен бірін психологиялық ауытқуларға ұшырағандар құрайды. Ал қалғандары мас болғанды мақтан көретін еліккендер мен бардың қадірін білмейтін желіккендерге тиесілі.
АЩЫ СУ АР-ҰЯТТАН БЕЗДІРЕДІ...
Елімізде ішімдікке салынған маскүнемдерді дұрыс жолға салатындай ешбір жаза жоқ. Ішіп жүріп оқыстан полиция қызметкерлерінің қолына түсіп қалғандар ғана айықтырғыштың ар жағында бір түнегеннен арыға бармайды. Міне, біздің елде маскүнемдер үшін қолданылатын ең қатал жаза түрі осы. Тек араққа сылқия тойып алып, жазықсыз жандарға жапа шектіргендер ғана заң жүзінде тиісті сыбағасын алады.
Қазіргі таңда кез келген азық-түлік дүкенінде алкогольдік өнімдер емін-еркін сатыла береді. Заң бойынша спирттік ішімдіктерді жасөспірімдерге сатуға, қоғамдық орындарда ішуге тыйым салынған. Бірақ, бұл заң толығымен орындалып жатқан жоқ. Павлодар қалалық жастар мәслихаты төрағасының орынбасары Дамир Бейсенбинов: «Тәртіп сақшыларымен бірге облыс орталығындағы дүкендерге 4-5 рет рейд жасадық. Рейд барысында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге спирттік ішімдіктердің сатылатынын өз көзіммен көрдім. Заңға шекесінен қараған дүкен қожайындарына айыппұл салынды. Әрине, мұнымен мәселе толықтай шешіле қоймасы белгілі. Менің пікірімше, көптеген сатушылар өздеріне қатысты заңдарды әлі де біле бермейтін сияқты», - дейді. Бәлкім, бұл да жөн болар. Бірақ, дүкен ашып, бизнестің қыр-сырын меңгерген қожайын мен сол дүкеннен нәпақасын тауып отырған сатушы заңды да білуі тиіс емес пе?! Әлде, қоғам үшін үлкен қасірет тудыруға себепші болған мұндай жандарға арнап заңгерлік кеңес, адамилық тәрбие беретін курстар ашу керек пе? Қазір қаладағы дүкендерді былай қойғанда, ауылдық жерлерде де өз үйлерінде отырып-ақ тәулік бойы ішімдік сатуды кәсіпке айналдырған саудагерсымақтар қаптап кетті. Ащы судың арқасында қалтасын қампитып жатқандар ел ертеңі үшін бір сәт те болса ойланса игі.
НАДАНДЫҚ ОРҒА ЖЫҒАДЫ...
Бір анығы, біреудің аузына ешкім күшпен арақ құймайды. Сондықтан да, әр адам алдымен өз отбасының тыныштығын, денінің саулығын, айналасындағы жанашыр жандардың алдындағы қадір-қасиетін ойлағаны абзал. Әйтпегенде, маскүнем адамды ешкім де мүсіркеп, сыйламайтыны - бесенеден белгілі жайт. «Өмірдегі ең қадірсіз, ең қасиетсіз адам - маскүнем» деген екен бір данагөй.
Атап өтерлігі, адамзаттың арақ ішуіне шариғатта да тыйым салынған. Бұл жөнінде Құран аяттарында: «Адал нәрселерді жеңдер, ішіңдер, ысырап етпеңдер. Шарап – Жаратқанның харам еткен нәрсесі. Оны пайдалану Алланың тыйымын бұзып, әміріне қарсы шыққанмен тең» делінген. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай депті: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырайды». Демек, ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, алып келген мен алып келгенге бұйырушы және сатып күн көрушіні лағнеттейді. Пайғамбарымыздың хадистерінде:
- Кімде-кім арақ ішсе, оған күйеуге шықпаңдар. Ауырып қалса, көңілін сұрап бармаңдар. Дүниеден өтсе, жаназасына қатыспаңдар.
- Кімде-кім біреудің арақ ішуіне жәрдемдессе, онда ол Исламның бұзылуына жәрдемдескен болады. Егер оған арақ ішу үшін қарыз берсе, онда ол бір мүминді өлтіруге жәрдемдескен болады.
- Арақтан сақтаныңдар, өйткені, ол - барлық жамандықтың кілті, - делінген екен.
Міне, ислам дінінде де арақ харам етілгендіктен ол пендені адамгершiлiктен, иманынан, мейірімділіктен, барлық жақсы қасиеттерден айырады. Ал жүрегінде осындай сезімдері жоқ адамның хайуаннан не айырмашылығы бар?! Осыдан кейін ар-ұяттан жұрдай, имансыз ұрпақтың көбеймесіне кім кепіл?
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда өзге емес, өз қаракөздеріміздің арасында «арақ» атты сайтан судың арбауына әбден кіріп кеткендер аз емес. Олардың санасын билегені сондай, тіпті, ең қуанышты сәттері үшін Жаратқанға шүкіршілік етіп, одан тілек тілегеннің орнына, араққа толы стақандарын көтеріп тұрып, «баянды бақытты, зор денсаулықты, мол табысты, әлемдегі бар жақсылықты» осы ащы судан сұрайтындарын қайтесің? Бұдан кейін, еріксіз замандастарымыздың надан болып бара жатқанына налисың...
Талай тағдырдың күл-талқанын шығарған «маскүнемдік» атты жұқпалы дерттің қоғам қотырына айналып бара жатқанына жаның ауырады... Бүгінгі бейбіт өмірдің бақытты шаңырағын, жарқын болашағын одан құтқарар жол бар ма? Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?
Нұржайна ШОДЫР.

