жиынға қатысушылар осылай деп тұжырды
Халықтың өміріне аса қауіпті жағдайлардың бірі – ядролық қару. Ол - ел тағдырына балта шабатын үлкен кесел. Ал ядролық сынақтарды болдырмау - басты міндет.
Қазақстан Республикасы 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы қаулы қабылдады. Бұл егеменді елдің алғашқы маңызды шешімдерінің бірі еді. Биыл осы құжат арқылы елдің ядролық қарудан бас тартқанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай «Невада - Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы және оның Павлодардағы филиалы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы: экологиялық, радиациялық қауіпсіздік және әлемдегі ядролық қауіпті тоқтату» атты республикалық конференция ұйымдастырды. Конференция мақсаты – қоғамды экологиялық, радиациялық қауіпсіздік, ядролық қарудың таралмауына байланысты жүзеге асып жатқан шаралар жайлы ақпараттандыру және халықтың осы аталған істерге қатысуына жағдай жасау.
Шараға Павлодар, Алматы, Семей, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларынан келген ғалымдар, «Невада - Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының ардагерлері және белсенділері, мемлекеттік емес ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары қатысты. Конференция барысында Семей ядролық сынақ полигоны жерлерінің халық шаруашылығында қолданылуы, өңделген ядролық отынды көмудегі проблемалар, ядролық сынақтан жапа шеккендерді сауықтыру секілді мәселелер қозғалды.
Ядролық қаруға қатысты барлық жағдайларды зерттеп жүрген ғалымдар ғылыми тұжырымдарын ортаға салса, халық қалаулылары мемлекет тарапынан ядролық қаруға қатысты орындалып жатқан және жоспардағы іс-шаралармен таныстырды. Жастар да маңызды конференциядан тыс қалмады. «Қазақстан жастары ядролық қаруға қарсы!», «Бейбітшілік эстафетасы - жастарға», «Бейбітшілік мәдениетін жастар санасында тәрбиелеу» атты баяндамаларда жастардың ядролық сынақтарға қарсы жоспарлары, жобалары сөз етілді.
«Невада - Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының Павлодардағы филиалы төрайымы Гүлнәр Зайырова ядролық сынақтар салдарынан халықтың басым бөлігі сан түрлі ауруларға, қатерлі ісіктерге шалдығып жатқанын, оның осыдан бірнеше жыл бұрын жасалса да, зардабын қазіргі ұрпақ әлі де болса көруде екендігін атап өтті. «Конференция соңында еліміздің экологиясы, халқымыздың денсаулығы үшін қажетті, маңызды жобалар нақтыланды деген ойдамын», - деді Г.Зайырова.
Сонымен қатар, қозғалыс жұмысы және ядролық сынақ полигонының салдары жайында баяндайтын тарихи деректі фильмдер көрсетілді. Жиналған қауым «Жасыл жапырақ» қорының өзі аттас республикалық газетімен танысты. Осы баспасөз бетінде жарияланған мақалалардың мазмұны талқыланды. Әр адам өзін толғандырған экологиялық жағдайға қалам сілтеп, аталған бұқаралық ақпарат құралы арқылы өз ойын ортаға салуына болатыны жайлы да айтылды.
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл - 20 жыл. Осы уақыт аралығында «Невада - Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының жұмысына белсене қатысып, өз үлестерін қосқан мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, медицина саласының қызметкерлері мерейтойлық куәлікпен, медальмен марапатталды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

