ЕТ НЕГЕ ЖЕТПЕЙДІ?

Павлодар қаласы тұрғындарын толықтай етпен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей тұр. Ал сұранысы мол көкөніс өнімдерін өзге өңірлерден тұрақты бағамен жеткізуде «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығы сенімнен шығуда. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында жергілікті кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Серік Базарбаев осылай деп мәлімдеді.

Жалпы, өткен жылы облыс орталығында кәсіпкерлікті дамытуға арналған шаралар жүйелі түрде өткізілді. Соның ішінде бизнесмендерге білім беретін түрлі семинарлар,             бағын ашатын байқаулар ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер Ресейдің көршілес аймақтарында өткен көрмеге барып қайтты. Бюджет берген қаржыға құзырлы бөлім павлодарлық бизнестің дамуынан хабар беретін арнайы жинақ кітап (каталог) шығарған. Бірақ кәсіпкерлік бөлімінің бастығы соншалық құнды дүние ретінде таныстырған жинақтың мазмұны да, безендірілуі де депутат Асқар Бахралиновтің көңілінен шықпады.

- Мемлекеттің қаржысы қайда жұмсалып жатқанын қараңыз. Кәсіпкерлерге көмек құралы ретінде шығарылған каталогқа айықтырғыш мекемесі, АП 162/1 түзеу орны секілді бизнеске түк қатысы жоқ органдардың мекенжайлары беріліпті. «Ақ Отау» мейрамханасы -  ешқандай да АХАЖ (ЗАГС) бөлімі, яғни мемлекеттік орган емес. Қаланың шағын аудандарындағы қала әкімінің өкілі деген де ресми лауазым жоқ. Сапасыз дайындалғаны көрініп тұр. Мазмұны да төмен. Әйтеуір, ақпарат толтыруды мақсат еткен тәрізді. Павлодар жерінің ауыз толтырып айтатын мақтанышы – өнеркәсіп саласын жеке тарау ретінде беріп, жарқыратып көрсету керек еді. Жинақтың суреттері де интернеттен көшіріп алынған, нашар дүниелер, - деді депутат.

Асқар Сағадатұлы баяндамашының көршілес елге сауда миссиясымен барғаны кәсіпкерлер үшін қаншалықты пайдалы болғанын, нәтижесін аңғартатын есепке мән беріп қарамағанын сынға алды.

Экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, депутат А.Жабағин басқа өзекті мәселенің басын шалды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі азық-түлік бағасының қымбаттауын қалай бақылап отыр?

С.Базарбаевтың жауабынша, баға мәселесі - назарда. Мамандар бағаны  негізсіз көтермеу мақсатында дүкен иелерімен түсіндірмелік әңгімелер өткізеді. Қаланың 44 дүкенімен меморандум бекітілген. Бірақ облыс орталығында 1000-нан асатын сауда орны барын ескерсек, бәрін бақылауда ұстау мүмкін емес. Бар күш-жігер былтыр бірінен соң бірі ашылған «Арзандау» «Ертіс», «Шапағат-2» тәрізді әлеуметтік дүкендердің жұмысына жұмсалатыны байқалады. Көкөніс мәселесіне            келсек, өткен жылы іске кіріскен «Павлодарский» сервистік дайындау орталығы сенімді ақтап тұр. Оның жеткізген өнімдері қаланың 75 сауда нүктесіне тұрақты бағамен жіберіледі. Аталмыш орталық күріш, күнбағыс майы секілді өзге өңірлерде қымбат тауарларды қолайлы бағамен әкеліп отыр. Жыл басынан бері 25 тонна қияр мен қызанақ жеткізілді.

Бірақ қаланы етпен қамту мәселесі қазір толық шешілмей тұр. Ет жеткізу бойныша аудандар бекітілген кестенің мерзімін бұзып жатқанға ұқсайды. Сол себепті, қала базарларында еттің бір келісі 1300 теңгеге дейін жеткен. Ал қаладағы санаулы әлеуметтік дүкендерде 1 кг еттің бағасы 850 теңгенің шамасында. Арзан бағалы азыққа асығатын ағайын аз емес. Басқасы былай тұрсын, тіпті, алыпсатарлар да төмен бағалы етті ептеп мұннан арзанға сатып алып, кейін үстінен қосып сатуға ерекше мүдде танытатын болған. Сол себепті, арзан бағалы өнімдерді шектеп сатуды ұсынды депутат В.Дорохин.

Сөзін қорытындылай келе, кәсіпкерлік бөлімінің бастығы жоспарлы істердің нәтижесі көп кешікпей жемісін беретініне уәде етті. Қазір көкөніс сақтау қоймалары көптеп салынуда. Құдай қаласа, келер жылғы өзіміздің өнімдеріміз қысқы мезгілге жетіп қалуы әбден мүмкін.

Биыл кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға бюджеттен бөлінген қаржы мөлшері өткен жылғы көрсеткішке жақын, деп мәлімдеді баяндамашы. Былтыр бұл мақсатқа  5 млн. теңгеден астам қаржы шығындалған.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Маусым 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30