“БҰЛ КЕДЕН БЕКЕТІНЕН ӨТУГЕ РҰҚСАТ ЖОҚ!”

 

жұртшылық жағдайдың мән-жайын түсіне алмай отыр

     Ресей Федерациясының ҚР Павлодар облысы Ертіс ауданымен шекаралас жатқан «Қараман» кеден бекетінің маңдайшасында осындай жазудың ілініп тұрғанына төрт айдың жүзі болды. Бұған дейін аталмыш бекет арқылы еш кедергісіз екі ел арасында қатынап жүрген халық бүгінде дүдәмал күйде. Өткізу бекетінің не үшін, қашанға дейін жабылып қалғанынан бейхабар тұрғындар бірнеше ай бойы шекараның арғы бетінде қалған туған-туыстарымен қатынаса алмай назалы. Ол-ол ма! Далада жайылып жүріп, байқаусызда шекарадан асып кеткен малдарын қайтара алмай жүргендер де бар. Кейін анықталғандай, бұл жағдай ұзаққа созылатын көрінеді. Себебі...
     Редакциямызға Ертіс ауданының Ресеймен шекарасындағы «Ертіс» кеден бекетінің маңында орналасқан ауыл тұрғындарының жоғарыда аталған оқиғаға байланысты қиын жағдайда жүргендіктері жөнінде хабар келіп түсті. Мән-жайды білу мақсатымен облысымыздың кедендік бақылау департаментіне хабарластық. Алайда олар да мәселенің мәнісінен бейхабар болып шықты. Тек төмендегідей жайттарды түсіндірді. «Екі ел арасындағы шекараның аталмыш бөлігіндегі өткізу бекетінің жабылып қалуы солтүстік көршілеріміздің бастамасымен қолға алынған. Ағымдағы жылдың наурыз айының аяқ шенінде Ресей Үкіметінің Омбы облысындағы Қараман мемлекеттік шекарасының екі жақтық автомобиль өткізу бекетін жауып тастау туралы қаулысы шықты. Бұл бекет Ертіс ауданының Северный ауылының Бесінші елді мекені жанындағы «Ертіс» кеден бекетімен шектесіп жатыр. Қаулыға сәйкес ағымдағы жылдың сәуір айының бірі күні ресейлік кеденшілер шекараның арғы бетіндегі өткізу бекетін жауып тастады. Не себепті екендігін білмейміз. Олар тек Үкімет қаулысын негізге алып отыр», - дейді «Ертіс» кеден бекетінің бастығы, подполковник Гелмұхан Сәрсенов.
      Осылайша, шекараның аталмыш бөлігіндегі аймағымыздың кеденшілері жұмыссыз қалып отырған жағдайы бар. Ал арғы бетте қазіргі кезде ешкім жоқ. Тек бұрынғы кеден бекетінің ғимараты ғана қаусырап бос тұр. Сол себепті өткен айдың аяғында Қазақстан Үкіметі де өз тарапынан «Ертіс» кеден бекетін алып тастау туралы қаулы шығарған. Әзірге кеденшілеріміз тиісті бұйрықты күтіп отыр.
     Ресей тарапынан «Қараман» кеден бекеті жабылып қалғаннан бері шекараның бұл аумағын тірі пенденің аттап басуына рұқсат жоқ. Соның салдарынан аталмыш аймақта орналасқан ауыл тұрғындары қол созым жерде тұрған шекараның арғы бетіндегі көршілес ауылдарға бару үшін 350-400 шақырым жерде орналасқан басқа кеден бекеті арқылы айналып өтуге мәжбүр. Дегенмен, Г.Сәрсеновтың айтуына қарағанда, «Ертіс» кеден бекетінен шамамен 30-40 шақырымдай жерде орналасқан Майқоңыр ауылында шағын өткізу пункті бар. Бірақ одан жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары демалыс күндері ғана, алдын-ала өтініш жазу арқылы арнайы рұқсат қағазымен өте алады. Және тек қана жаяу.
     Ресми деректерге сүйенсек, Ресей Үкіметінің жоғарыда аталған қаулысы мемлекеттік шекараның кейбір жекелеген аймақтарындағы өткізу бекеттерінің жұмысына өзгерістер енгізуге бағытталған. Яғни, штаттық қысқартулар жүргізіліп жатқан көрінеді. Онымен қоса, бұл шара шекара арқылы заңсыз өткізілетін тұтыну тауарларының және контрабандалық заттардың көлемін азайтуға бағытталған деген де болжам бар.
     Қалай десек те, жоғарыда аталған кеден бекеті жабылды. Құзырлы орган өкілдері шекараның бұл бөлігіндегі өткізу пункті жақын болашақта ашылмайтындығын айтып отыр. Демек аталмыш аумақта тұрып жатқан ауыл тұрғындарына бұдан былай жүздеген шақырым жерді басып өтіп, айналып жүруге тура келеді. Ал қазіргі жағдайда, халық үшін ең бастысы - төрт түлік малының шекара асып кетпеуін бақылау.

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30