ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?

     Бір айдан кейін жаңа оқу жылы басталады. Аймақтың білім беру ордалары оқушыларға есігін айқара ашып, оларды қарсы алуға қаншалықты дайын?
    Негізінен, облыста бүгінгі күні 420 мектеп жұмыс істейді. Оның 293-і жалпы орта мектеп болса, 69 – негізгі, 58 – бастауыш мектеп болып саналады. Бір қуантарлығы, бұған дейін жиі айтылып, апатты жағдайда саналған аймақтың қос бірдей білім ошағының мәселесі биыл шешімін тапты. Атап өтер болсақ, бірі – облыс орталығындағы 1200 орынға шақталған №16 мектеп болса, бірі - Ертіс ауданына қарасты Иса Байзақов атындағы ауылдың 150 орындық мектеп. Алғашқысының құрылыс жұмыстары 2011 жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал кейінгісі биыл жаңа оқу жылының басында оқушылар игілігіне берілмек.
    Биыл білім беру саласының 103 нысаны күрделі жөндеу жұмыстарына іліккен. Оның 26-ында «Жол картасының» шеңберінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни 20 мектеп, бір балабақша, 2 кәсіптік лицей және 3 колледж жаңа оқу жылында жаңа кейіпте болады. Оған 771,2 миллион теңге бөлінген. Сонымен бірге аймақтың 350 білім ордасында ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараларға облыстық және қалалық, аудандық бюджет есебінен үш жүз миллионға жуық қаржы жұмсалуда. Ағымдық жөндеу жұмыстарының көбі дерлік аяқталған. «Жол картасы» аясында жөнделіп жатқан нысандардың екеуі бүгінде жаңа оқу жылына сақадай сай тұр. Облыстық білім беру басқармасының мемлекеттік сатып алулар бөлімінің бас маманы А.Рахимованың сөзіне сенсек, қалған мектептер ағымдағы айда, яғни жаңа оқу жылының басталуына дейін толығымен аяқталатын болады.
     «Жол картасы» шеңберінде жөнделіп жатқан мектептердің бірі – Павлодар қаласындағы №19 білім мекемесі. Айта кету керек, «Жол картасының» жемісін аталмыш мектеп екінші жыл қатарынан көріп отыр. Өткен жылы бұл мекемеде мәжіліс және спорт залдары, асхана күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған. Биыл жөндеу жұмыстары білім ошағында 6 бағытта атқарылып жатыр. Бұл мақсатқа 33 миллион теңге бөлінген. Ашық конкурста жеңімпаз атанған «НВС-Строитель» ЖШС мердігер фирмасы барлық жұмыстарды 29 миллион 700 мың теңге мөлшерінде атқаратындарын уәде еткен. Терезелердің 80 пайызы пластикалық әйнекке алмастырылуда. Кіреберіс және дәліздер жаңа заман талабына қарай өзгертілуде. Кіреберістегі тозығы жеткен баспалдақтар да ауыстырылып жатыр. Ішкі еден, қабырғалар тегістелуде. Канализация жүйесі жаңартылып, сумен қамтамасыз ету ісі жүргізілуде. Сонымен қатар сантехникалық тұрғыдағы шаралар да жасалуда. Мектеп директоры Баян Сұханқұлованың айтуынша, жөндеу жұмыстары тамыз айының жиырмасына дейін аяқталуы тиіс. Бүгінде жұмыстың 80 пайызы атқарылды.
     Тағы бір айта кетерлігі, білім беру саласының мамандары жөндеу жұмыстарымен қатар мектептерді жылыту маусымына дайындау шараларын да ойластыруда. Мәселен, 106 миллион 7 мың тонна көмір сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 374,8 миллион теңге қарастырылып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жауапты тұлғалар жаңа оқу жылында шәкірттердің алаңсыз білім алуларына жан-жақты жағдай жасауға қызмет етуде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31