ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАРДЫҢ ҚОЛДАУЫ ҚАЖЕТ

    Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт - Қазақстанда тұңғыш рет заман талабына сай салынған қасиетті орданың бірі. Ғажайып сәулетімен көз тартатын Алланың үйі тұрғызылғанда барша қазақстандықтардың назары Павлодар қаласына ауған болатын. 2001 жылы бой көтерген орталық мешіт Ислам дінінің ел арасында кең таралуына орасан зор септігін тигізді әрі павлодарлық тұрғындарды имандылыққа бастай білді. Дегенмен Мәшһүр Жүсіп мешітінің құрылысымен айналысқандар Алла үйінің сыртқы келбетін тамаша қылып жасағанымен, ішкі бөлмелері мен төбелерін салғырттықпен істеген сыңайлы.     Олай дейтініміз, тұрғызылғанына 10 жыл уақыт енді ғана толатын мешіттің төбелерінен су ағып, кей бұрыштарының сылақтары өздігінен құлап, қабырғалар сарғайып кеткен.
     Алла қаласа келесі жылы павлодарлық мұсылман қауым Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің онжылдық мерейтойын атап өтпекші. Орталық мешіт Павлодар қаласының сәулетті жерлерінің бірі әрі діни тәрбие беру мен толеранттық орталығы болып саналады. Аз уақыт ішінде бой көтеріп, тұрғындар үшін есігін айқара ашқан мекеме бұл күндері күрделі жөндеу жұмыстарын талап етіп отыр. Ал онжылдықтың қарсаңында мешітке жөндеу жұмыстарын жасамау - елдігімізге сын. Мешіттің күмбезі, әйел адамдардың намаз оқитын бөлмесі және басқа да қосымша бөлмелерге күрделі жөндеу жұмыстары керек. Қасиетті жұма күні облыстың бір топ азаматтары осы мәселеге байланысты Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінде бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Мешіттің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы жинау үшін арнайы қамқоршылық кеңесі құрылды. Игі бастамаға қалалық мәслихаттың депутаттары Асқар Бахралинов, Мирхат Серікбаев, Арман Әлиакпаров және Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, наиб имамдар Жұмабай қажы Ықылас пен Али Михайлов демеушілік етіп отыр. 
     Баспасөз мәслихатында сөз алған Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы мешіттің мемлекеттен еш көмек алмайтындығын жеткізді. «Дін мемлекеттен бөлек», сондықтан мешіттерге үкімет тарпынан ешқандай да қаржы қарастырылмайды. Сол себепті жөндеу жұмыстары мешіттің өз қаражаты мен жеке демеушілердің көмегіне жасалатыны белгілі. «Биыл да мешіттің ішкі бөлмелеріне жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын атқардық. Бірақ, ғимарат соған қарамастан толық жөңдеуді қажет етіп отыр. Әйелдер бөлмесі мен асхана бөлмесі тозып кеткен. Оны жөндеуге біздің мүмкіндігіміз келмейді. Алдымен мешіттің бірінші қабатын жөндеуіміз керек. Сосын 46 метр биіктіктегі күмбезді де ретке келтіру ойда бар. Қатты желдер мен бұрқасын борандарда алюкабонд ұшып жерге түседі. Әйтеуір, Аллаһ разы болсын, «Қазақстан алюминийі» АҚ-на хабарласамыз, олар альпинисттерін жіберіп, жөндеп береді»,- деді ол. Алла үйіне бас сұққан сайын жабындары желбіреп тұрған күмбезді көріп ішің ауырады. Одан кейін «Бұл салақтық пен салғырттықтың салдарынан болса керек» деген ойға қаласың.
     Қайырымдылық қорын жинау уақыты бір ай ішінде, яғни қасиетті Рамазан айында жүзеге асырылмақ. Мәшһүр Жүсіп орталық мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін орташа есеппен 10 миллион теңге қаражат керек дейді баспасөз мәслихатына қатысқандар. «Қайырымдылық қорын жинауға тек қана павлодарлықтар ғана емес республика тұрғындары мен қаламызға қыдырып келген қонақтар да үлес қоса алады. Егер тұрғындар қаржылай көмек бере алмаса, өздері келіп көмектесіп, еңбектерін сіңіре алады. Осы мақсатта әр сенбі сайын сенбіліктер мен мешіттің ауласын тазарту жұмыстарын ұйымдастырамыз», - деді Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Асқар Бахралинов. Иә, әсіресе мұндай кішігірім жұмыстар студент жастар үшін тиімді. 
     Қайырымдылық қорын жинау мақсатында мешіттің интернет желісіндегі адресі де белсенді жұмыс атқарады деген сенім бар. «Алла үйінің жөндеу жұмыстарына кей тұрғындар мешіттің интернеттегі сайты арқылы қаражат аудара алады және «кімнің қандай көмек жасағаны» мешіттің сайтында күнделікті беріліп отырады. Қайырымдылық іске Павлодар қаласының кәсіпкерлері, мекемелер мен ұйымдар қол ұшын созады деген үміт басым»,- деді баспасөз-мәслихатын ұйымдастырушылар.
     Игі шараға ұйытқы болғандар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мешіттің күрделі жөндеуді талап етіп отырған жерлерін аралатты. Алдымен бірінші қабаттағы әйел адамдар намаз оқитын бөлмені көрсетті. Бұл бөлмеде әйелдер 2009 жылдың 31 шілдесіне дейін намаз оқыған екен. Бөлменің төбелерінен су тамшылағаннан кейін және әжетханалар іске жарамсыз болғандықтан мешіт басшылығы бұл бөлмені пайдалануға тыйым салған. Қазір мұсылман әйелдер намаздарын үшінші қабатта оқып жүр. Ол жердегі жағдай да дәл осындай. «Үлкен жастағы апаларымыз бен екіқабат әйелдерге үшінші қабатқа көтерілу қиынға түседі. Бірақ, осында оқуға тура келеді» ,- дейді Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Әли Михайлов. Наиб имам мешіттің алюкабондты қатты желдерде сыпырылып жерге түсетінін айтты. Дәл қазіргі уақыттың өзіңде алюкабондтың кей жерлері жел өтімен бірге жалбырап тұр. Әли Михайлов сонымен қатар мешіттің асханасының сыртқы қабырғасы әрдайым көгеріп тұратынын көрсетті. Яғни, төбеден аққан судың салдарынан асхана орналасқан жақтың қабырғалары көгеріп, мешіттің сәнін бұзып тұрады. Асығыстықпен бой көтерген Алла үйінің бүгінгі келбеті осындай. «Асыққан шайтанның ісі» деген сөзге құлақ аспаған құрылысшылардың негізгі мақсаты – мешіттің құрылысы барлық жағдайға төтеп беретіндей етіп жасау емес, тез арада апыл-ғұпыл жасап, «әйтеуір тапсырсақ» болса керек. Олардың көзбояушылық істерін мешіт басшылығы жіті қадағаламаса да, Алла Тағала оларды назарынан еш тыс қалдырмағаны анық. 
     Хазіретті Пайғамбарымыз Мұхамед (саллаллаһу алайхи уәсәллам) өзінің хадистерінде мешітке жасалған қамқорлық сауапты істердің ең үлкені екенін әрдайым ескертіп отырған. Сондықтан құрметті, мұсылман бауырлар, Аллаһ ризалығы үшін қайырымдылық жұмыстарын істегеніміз жөн. Алла ризалығы үшін жасаған істеріміз тек қана сауаптан болғай! 

Еркебұлан ӘМІРЕНОВ,
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.
 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Тамыз 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
            1
2 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31