Май ауданы Қаратерек ауылында шыққан мына ауыл шаруашылығы техникасы бір қарағанда зауыттық өнімнен еш айырмасы жоқ. Ауылдағы орта мектептің еңбек пәнінің мұғалімі кәдімгі «Москвич» жеңіл көлігінен осындай трактор жасап шыққан.
-Алғашқы тракторым емес, бұған дейін де үш данасын жасағанмын. Ауылда таптырмайтын көлік. Қызығушылық танытқандар көптеп саналады. Қомақты қаржы ұсынып та көрді. Сатқым келмейді. Себебі, мен мұны пайда табу үшін жасаған жоқпын ғой. Күнделікті күйбең тірлікте көмегі көп,- дейді Берік Жанысовтың өзі.
Тозығы жеткен жеңіл көлігін күресінге сүйрей салмай, кәдеге жаратқан шебер болашақ иесі - балғындарды да кәсіпке баулуда. Темір-терсек қалдықтарынан осындай дүние жасауға үлкен ұлының да ынтасы зор.
Жұмабек СМАНОВ


