Қазақстан Республикасы егемендік алған күннен бастап, өмірге қайта келгендей күй кешті. Бұрынғы «Үлкен елге» жалтақтаудан арылып, өз тіршілігін жаңа бағыт, жаңаша көзқараспен жоспарлап, жандандыруға кірісті. Жетпіс жыл тұмшалаған түнекті ысырып тастап, алдан зор үміт күттірген шуағы мол, тәуелсіз өмірге қадам басты. Әр қазақ баласы бұл атаулы күнді сөзбен айтып жеткізгісіз, естен кетпес ең бақытты күн деп біледі.
Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңында: «Тіл ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы-тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген. Қазақ тілі-дүние жүзіндегі астары, оралымы кең, ең бай тіл. Тіл-қадір-қасиеті айырықша маңызды халықтық мұра. Ол-халықтың жан-дүниесі, болмысы, сәні, әні, дәстүрі, танымы. Ғылымның барлық тұстарын қамти алатын бай лексикасы мен жазу жүйесі және ерекше дара стильдік нормасы бар көркем тіл. Біз тіл арқылы ұлттық тарихты, өнер мен білімді, заман ағымындағы ғылыми жаңалықтар мен өзгерістерді танып, білеміз. Рухани құндылықтарымызды меңгереміз. Бабалардың өсиет-аманатын өзіміз біліп, болашақ ұрпаққа үйретеміз. Тіліміз арқылы еңселі, іргелі ел екенімізді көреміз. Ал сол ана тіліміздің тазалығын сақтау жүрегінде «мен қазақпын» деген ұлттық намыс оты бар әр азаматқа артылар парыз. Елбасымыз өзге тілдерді меңгере отырып, өз ана тілімізді әдеби, көркемдігі сақталған түрде білуге міндетті екенімізді айтады. Әр қазақ баласын қазақ мектебінде оқытып, қазақша сөйлетсе, сол-тіл мәселесін шешудегі қосқан зор үлесі болмақ. Бірде Баянауыл ауданына барған сапарымда ауыл ағаларының арасында болған мына бір сөзқағыс жайлы естідім. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Қайрат ағамызға ауыл ақсақалдарының бірі «Қазақ тілі, қазақ тілі деп айтуды ғана білесіңдер, ал, атқарып жатқан жұмыстарың қайда?»-деген ғой. Айтылған сөз шымбайына батып кеткен ағамыз ауданда өткізілген шараларды тізбелеп, мен балаларымды өз ана тілінде оқытып, тәрбиеледім, ал ақылшым өзің не бітірдің, сенің балаларың мен немерелерің неге орысша оқып, сөйлеп жатыр? Тілге жаның қатты ашығаны сол ма?-дейді. Бұл сөздер ақсақалдың намысын қамшылап жіберсе керек, келесі күні екі бірдей немересін орыс сыныбынан алып, қазақ сыныбына отырғызған екен. Бір қарағанда жай сөзталас көрінгенмен, «Сөз сүйектен өтер» дейді. «Аталы сөзге арсыз ғана таласар» деген өрелі сөздің өлшемін, түсер салмағын байыптай білген екі салауатты азаматтың әрекеті ар-намыстың құнын өмірінен де жоғары бағалаған намысшыл халқымыздың басқаларға дәріптер бұлтартпас үлгісін көрсетті. «Өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер» дегендей, өз ұлтының тілін, намысын құрметтей білген адамның тұғыры қашанда биік. Ұлтжанды адам-ел тағдырын табыстауға лайық азамат. Қазақ десе ішкен асын жерге қояр біздер үшін осындай өнегелі, тәлімі мол ел ағаларымен дастархандас болғанымды үлкен мақтанышқа баладым. Бүгінде күн сайын теледидер, радиодан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл мәдениетін өркендету, өз тілімізде дұрыс сөйлеу, қиындықтармен күрес жайлы хабарлар үздіксіз беріліп жатады. Республика көлемінде талай мәдени-шаралар өткізіліп, қазақ балабақшалары мен мектептер ашылып жатыр. Діттеген мақсат бірден орындала қоймаса да, жақсылық нышаны сезіліп-ақ келеді. Соның бір себебі, қалалық көліктерде, мекемелерде, дүкендерде тілдері келмесе де, қазақ тілінде сөйлесетіндер көбейді. Тіпті, қазақша бірер ауыз білетіндерін байқатуға тырысқан орыстың балаларын да көріп жүрміз. Елдің елдігі-тілінде дейді. Халықтың сақталуы тіліне байланысты болмақ. Сондықтан да, теңдесі жоқ «халқым», «қазақ», «ана тіл» деген қасиетті сөздерге шаң жуытпай, әрдайым тұғыры биік, төрткүл әлемге төрелік етер құдіретті қалпында бағалап, көздің қарашығындай сақтай білейік, ағайын!
А. САИТОВА,
Павлодар қаласы.

