Қазақстан - өзін «Отаным, туған жерім, елім» деп жан жүрегімен сүйген адамзат атаулыға басын иіп, барынша қолдау көрсетіп отырған мемлекет.
Біздің Ата Заңымызда мемлекеттік тілді бірлікті сақтаудың тетігі ретінде құрметтеу, оның қолдану аясын кеңейтуге барынша атсалысу - барша азаматтардың борышы екендігі көрсетілген. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері туған тілдің тарихын тілге тиек етіп келеміз. Тілімізді сақтай білсек, Қазақстанның болашағы да жарқын болмақ. Ал мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің мемлекеттік тілде сөйлеуі-бүгінгі заман талабы. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдарда қазақ тілін оқыту курстары жүргізіледі. Осыған орай қазақ тілін оқытушы мамандар оқытудың жоспарын жүйелі түрде жасап, оқулықтардың электронды нұсқасын пайдалану мүмкіндігін қарастырулары керек. Мемлекеттік тілді оқытудың жүйесі дұрыс болмай, қазақ тілін игерту қиындыққа соғады. Тіпті тіл үйренудің арнайы курстарын жүргізетін орталықтары да бар. Алайда, осынау орталықтарға баруға мемлекеттік қызметте отырған адамдардың уақыты бола бермейді. Сондықтан да оларды жұмыстан босатып, тіл үйренуге жағдай туғызу қажет деп ойлаймын. Яғни, мемлекеттік тілді үйренуге ниетті мемлекеттік қызметкердің білімін жетілдіру үшін бір ай көлемінде еңбекақысын сақтай отырып, тіл үйрететін орталықтарда қазақ тілін оқытуға жіберу қажеттілігі туындайды. Осындай жағдайда ғана қазақ тілінің бір айлық курсын оқығандар қазақ тілін жақсы меңгеріп алады. Сабақ уақыты күнделікті жұмыс уақытындай есептеліп, қатыспаған қызметкерге жұмысқа келмей қалуымен бірдей шара да қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар курсқа қатысушы бағдарламаны толық меңгергенде ғана қолына сертификат беру қажет. Осындай тәртіп болса, қазақ тілін үйренушілер сапалы білім алуға тырысады. Мемлекетті басқарып отырған мемлекеттік қызметші қазақ тілін жақсы білсе, тәуелсіздігіміздің тұғыры да берік болмақ. Сондықтан да, намысқа тырысып, тіліміздің мерейін асқақтату үшін аянбай еңбек етіп, мемлекеттік тілді қолдап, қорғап жүрейік, ағайын!.
Қазақ тілі пәнінің мұғалімдері өз пәнін тереңдете оқытуға мән беріп, сабақ оқытудың ең оңай, тиімді деген әдіс-тәсілдерін таңдап алғаны жөн. Себебі, қазақ тілі сабағын баланың санасына дұрыс жеткізу арқылы ғана оқушыларды қызықтырып, қазақ тілін игертуге болады.
Дамыған тіл мәдениеті-зиялы ұлттың күш-қуаты. Оқушылардың қазақша оқуын, сауатты жазуын, сөйлем үлгілерін үйрету арқылы ауызекі сөйлеу дағдыларын дамыта аламыз. Мемлекеттік тілді көпшілікке таратуда «Қазақша сөйлесейік!», басқа да мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған акцияларды өткізудің маңызы зор. Тілді білмейтіндер және нашар білетіндер үшін сөздіктер, тілашарлар өте керек. Жан қалтаға салып жүретін шағын сөздіктер болса тіптен тиімді болар еді.
Қазіргі таңда мектепте қазақ тілін жүргізіп жүрген ұстаздар мемлекеттік тілдің жағымды бейнесін қалыптастырып жүр ме? Қазақ тілі пәнінің мұғалімі дипломдары болса да, әлі күнге дейін көпшілігі сабақты дұрыс жолға қойып, тілді өз деңгейінде үйрете алмай жүр. Олар үшін қазақ тілі пәнін үйрету - тек сөздік жаттау, оқулықтағы мәтіндерді аудару, дәптерге жазу деген ұғымда келе жатыр. Сондықтан да болар тіл үйренудің нашар сатыда жүргені. Бұл ретте жоғары оқу орындарындағы тіл мамандарын дайындап жүрген ұстаздар мемлекеттік тілді мектепте оқытатын мұғалімдерді дұрыс дайындап шығару жолында көп еңбектену қажет. Өйткені, жас мұғалімдердің сабақта оқулық құшып, күнделікті сабақтарында мәтіндерді аудартумен шектеліп жүрген жайлары да жоқ емес. Балалар осындай сабақтан жалығып шуылдап отырады, ал сабақ жүргізуші мұғалім қоңырауды күтумен болады. Мұндай сабақ үлгісімен, орашолақ әрекеттермен қазақ тілін үйретуге бола ма? Осындай әдістер тиімді ме? Кейбір мектептің директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері: «Біздің жас ұстаздар істесін, зейнеткерлер мектептен тайып тұрсын»,-деп үкім жасауға шебер-ақ. Мемлекеттік тілдің осындай мүшкіл жайын көріп тұрып тілге жандары ашымайтындар да баршылық. Сол үшін мектеп басшылары күңкіл сөзге құлақтарын тосуды қойып, көптен істеп келе жатқан тәжірибелі тіл мамандарын қудалауларын доғарып, керісінше олардың жастарға тәлімгер болуларын өтінулері керек.
Егерде мектеп басшылары жиналыстарда тіл жөнінде, тілдің болашағы жөнінде жылы сөздер айта алмаса, оны несіне мектепте ұстап тұру керек?.. Мектепке тілге жанашыр адамдар керек.
Бақыт БҰЛАНБАЕВА, мұғалім,
Ақсу қаласы.


Пікірлер
RSS лента .