Міндеттеу де, талап ету де керек

Баршаға белгілі, еліміздегі тіл саясатының басты мақсатықоғам өмірінің әр саласында мемлекеттік тілдің негізгі қарым-қатынас тілі ретінде қолданылуына қол жеткізу. Мұның жолдары тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқын көрсетілген-ді.

Міне, биылосы бағдарламаның қағидаттарын іске асырудың соңғы жылы. Әр мекеме мен ұйымның осы жылдардың не беріп, не қойғанын сарапқа салатын кезі.

Айталық, Ертістің Павлодар өңіріндегі байырғы жоғары оқу орындарының бірі саналатын Павлодар мемлекеттік педагогика институты ұжымының бұл бағыттағы жұмысын сөз етер болсақ, шүкір, атқарылған істер баршылық. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту оқыту, зерттеу, насихаттау және қолданысқа енгізу сияқты төрт бағытта жүргізіліп келеді.

Қазақ тілін тиісті көлемде оқыту және оның тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, студент жастарға ұлттық тәрбие беру мәселелеріне басты назар аударылуда. Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер зерттеу жұмыстарына ден қоюда. Бұл бағыттағы көрсеткіштер жылдан-жылға арта түсуде.

Тілді насихаттау басқа ұлт өкілдері арасында «Қазақшаңыз қалайбайқауы, «Қазақша сөйлесейікакциясы түрінде жүргізілсе, жаппай белгілі ғалымдармен және жазушылармен тағылымды кездесулер, оқырмандар конференциясы, дебат, «Бір елбір кітап» акциясы, «Қазақ тілім, қарыштаатты әдеби-сазды кеш, «Ана тілі аруы» және «Тілбіздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» тақырыбына жазылған шығармалар байқауы, жекелеген ғалымдар шығарма-шылығына арналған салтанатты кештер, облыс жұртшылығына танымал ақындар мен жас ақындар мүшәйрасы сияқты іс-шаралар арқылы жүзеге асуда.

Бұл істе Б.Сағындықұлы, Қ.Зағыпаров, А.Бақраденова, Б.Найманов, Т.Сабыров сынды Қазақстанның болашағы мемлекеттік тілінде екенін сөздерімен де, нақты істерімен де дәлелдеп, туған тілін жоғары мектепте қолдануға лайықты үлес қосып жүрген ондаған профессорларымызды орынды мақтан етеміз.

Олардан дәріс алып, «солардай болмасам да, ұқсап бағамын» деп жүрген болашақта бірі кәсіптік оқыту пәнінің, екіншісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің, үшіншісі дене шынықтыру пәнінің білікті мұғалімі мамандықтарын қалаған өзге ұлт өкілдері Сергей Ларцев, Марися Евтехова және Татьяна Лобода сияқты бірқатар студенттерімізинститутымызда мемлекеттік тілді құрметтеуде өз қабілеттерін көрсетулерімен көпшілікке танылып жүргендер. Әрқайсысы – «Тіл тағдырыел тағдыры» атты институтішілік, облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, әр дәрежедегі Дипломдармен және Алғыс хаттармен марапатталғандар.

Күні бүгін жоғары оқу орны құрылымдық бөлімшелерінің денінде қолдарынан іс қағаздары мен кеңсе құжаттарын ресімдеу келетін қызметкерлер құрамы қалыптасты. Бұлардың қатарын ғылым департаментіндегі Дарья Зарипова, ұйымдастыру-бұқаралық жұмыс бөліміндегі Анастасия Фоломеева, оқу үдерісін ұйымдастыру департаментіндегі Гита Эшчанова, мемлекеттік сатып алу бөліміндегі Татьяна Нүркенова, кадрлар бөліміндегі Ольга Драбинога және шаруашылық департаментіндегі Светлана Федотовалар секілді өзге ұлт өкілдері де толықтыра түсуде. Жуырда өткізілген мамандар байқауында Дарья Зарипова өз қабілетін айқын көрсетіп, 2-орынға ие болды.

Бұл келтіріліп отырған мысалдар білім ордасындағы туған тілге деген көзқарастың деңгейін көрсетсе керек. Мұндай нәтижелер институт басшылығы тарапынан болған талаптың әрі мамандардың өзіндік ізденістеріне тікелей байланысты. Іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілу және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері білім ордасының Ғылыми кеңесі отырысында қаралып отырады. Мұның өзі ұжымда қазақ тілінің үстемдігін орнатуға деген игі ықпал болып отыр.

Десек те, бұл бағытта атқарылар істер де жоқ емес. Біздіңше, мұндай істердің бастылары: өткізілетін түрлі отырыстарды, кеңестер мен мәжілістерді қазақ тілінде жүргізу; Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген қағидасын профессорлар-оқытушылар құрамы мен студенттер қауымы болып іс жүзіне асыру; қазақ тіліне деген жауапкершілікті арттыру мақсатында кафедралар мен институт колледжінде қазақ тілінде дәріс оқитын оқытушылар арасында «Ұстаздық қызмет және мемлекеттік тіл» тақырыбында байқаулар өткізу; қазақ тілін үйренуге, жете үйренуге ниет білдірген оқытушылар мен қызметкерлер үшін ұйымдастырылатын курстардың пәрменділігін арттыру; институт пен колледж ішінде шығарылатын пәндік және тақырыптық қабырға газеттерінің тілі мен сауаттылығына, мазмұндылығы мен көрнекілігіне баса көңіл бөлу, оларды шығарушылардың жауапкершілігін арттыру. Осындай іс-шараларды барынша түсіністікпен әрі құлшыныспен атқару тіліміздің мәртебесін бүгінгіден де жоғары көтере түскен болар еді демекпіз.

Іс қағаздарын ресімдеуде кез келген құжаттың сауаттылығы – басты көрсеткіш. Бұл ретте республикалық деңгейде күші бар «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттау мен құжаттаманы басқарудың бірүлгі ережелері» талаптары, тілдің грамматикалық қағидалары мен Мемтерминком ұйғарымдарының қатаң сақталуы тиіс.

Ал іс жүзінде қалай? Институт басшылығы атына жер-жерден түсіп жатқан хат-хабарларға жүгінер болсақ, таңданарлық жайттарды аңғаруға болады. Мысалы, бірүлгі ережелер белгілеген бланк түрлері, бекіту-келісу белгілері, жауап беру хатының, ондағы орындаушының ресімделуіне қойылатын талаптар барлық жерде бірдей ескерілмейді.

Мемтерминкомның 2004 жылғы 28 маусымдағы мәжілісінде бекітілген жоғары атқарушы органдар мен ведомстволардың атауларын жазу тәртібі де сақталмайды. Айталық, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі деудің орнына – ҚР БжҒМ немесе Қазақстан Республикасының БжҒМ деп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қаржы департаменті деудің орнына – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Қаржы департаменті деп жазылып жүр.

Хат-хабарлар мен ақпарат-тардың мәтіндерінде қайталама атаулар жиі кездеседі. Қалыптасқан тәртіп бойынша мәтін ішінде, мысал үшін, «Мойылды санаторийі» АҚ атауы бірнеше рет кездесетін болса, онда алғашқы атаудан кейін (бұдан әрі – Санаторий) деп жазу керектігі ескеріле бермейді. Болмаса, арнайы жазылған хатта мекеме басшысының аты-жөнінің бұрмаланып жазылуы, тегіне жалғанатын жалғаудың (Үсенов-ке дегеннің орнына – Үсенов-қа, Жапаров-қа дегеннің орнына – Жапаров-ке) қате жалғануы, хат ішіндегі Абай деген есімнің екінші жерде Апбай болып артық әріптің қосылып жазылуы сияқтылар сауаттылықты байқатпаса керек.

Басқа-басқа, осыдан бір жыл бұрынғы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы А.Мусиннің барлық министрліктер мен ведомстволарға жолдаған хатындағы «Мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымы (нормативтік актілерден басқа) 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс. Қажет болған жағдайда орысша нұсқасы қоса жолдануы мүмкін. Бірақ фирмалық бланкіге мемлекеттік тілдегі ғана нұсқасы басылуы міндет. Бұл талап орындалмаса, құжат қабылданбай, кері қайтарылуы тиіс» деген нұсқауын да елемей жүрген мекемелер басшыларының бірбеткейліктерін қалай түсінуге болады? Жоғары тұрған органның нұсқауларын бұлжытпай орындау, оларды қарамағындағыларға міндеттеу әрі олардан талап ету әр мекеме басшысының парызы емес пе?

Біздің құжаттың сауаттылығы мәселесін осылайша тәптіштеп жазуымыздың себебі мынада. Енді көп кешікпей тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданбақшы. Бұл бағдарлама жобасында «Бағдарламаның үшінші кезеңінде (2017-2020) басқа тілдердің қолданылуын одан әрі сақтай отырып, қоғам өмірінің барлық саласындағы мемлекеттік тілге деген сұраныс дәрежесіне, оның тиісінше қолданылу сапасына және меңгерілу деңгейіне жүйелі мониторинг жүргізу болжанады» делінген. Демек, мұндай жауапты іске күні бұрын дайын болғанымыз жөн, өйткені іс қағаздарын талапқа сай жүргізу, әртүрлі құжаттарды сауатты толтыру әр мекеме мәдениетінің өлшемі болып табылады.

Осы баяндалғанның негізінде бағдарлама жобасында:

іс қағаздарын жүргізуде республика бойынша бекітілген мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттау мен құжаттаманы басқарудың бірүлгі ережелері мен қазақ тілінің орфографиялық сөздігін басшылыққа алу;

Үкімет қаулысымен терминдерді мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен нұсқада қолдану;

мекемелер мен ұйымдарда аудармашы маманының орнына редакторлық қызмет енгізіліп, мемлекеттік тілдегі құжаттарды олардағы әр маманның өздігінен орындауы талап етілуі;

жобадағы «қоғамның тіл мәдениетін көтеру» деген тұжырымның мәні мен оны көтеру жолдарының айқын көрсетілуі қарастырылса екен деген ұсыныстарымызды енгізуді жөн санаймыз.

Ульян Мақұл,

Павлодар мемлекеттік педагогика

институты іс қағаздарын мемлекеттік

тілде жүргізу бөлімінің бастығы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 27 28 29 30 31