БІЛІКТІЛЕР СЫНҒА ТҮСТІ
Үстіміздегі жылдың 22 қазанында Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен «Ана тілі» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты облыстық байқау өтті. Шараға аудандар мен қалаларда өткен байқаулардың жеңімпаздары қатысып, өз біліктіліктерін ортаға салды.
Шараның басты мақсаты – «Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Қазақстанның орыс қауымы арасындағы өзара түсіністік пен әріптестік туралы» меморандумына сәйкес қазақ тілін жетік меңгерген жастарға қолдау көрсету. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқауда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Қ.Еділбай қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі. Жалпы шара үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар лексика-грамматикалық тапсырмаларды орындаса, екінші кезеңде қазақ әдебиеті классиктерінің өмірбаяны мен шығармаларын жатқа оқыды. Әсіресе, бұл кезеңде Баянауыл, Ақсу, Екібастұз және Павлодар қаласының үміткерлері жақсы өнер көрсетті. Үшінші кезеңде үміткерлер «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тақырыпта шығарма жазды. Қазақ сыныбында білім алатын Юлия Михайленко Ақсу қаласының намысын қорғады. «Қазақстанда өмір сүретін әрбір ұлт өкілдері қазақтардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін жетік білу керек. Себебі бұл барша қазақстандық тұрғындардың басты міндеті»,- дейді ол. Үш кезеңде де тамаша өнер көрсеткен Юлия бірінші орынды қанжығасына байлап, республикалық байқауға жолдама алды. Екінші орынға Павлодар қаласының өкілі Эрика Гросс лайық деп танылса, үшін орын қашырлық Лидия Чапановаға бұйырды. Жеңімпаздардың барлығы мақтау грамоталарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ф.ӘМІРЕНОВ.

