Жақында облыс әкімдігінде өткен мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының отырысында аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев бірқатар аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына тапсырма берген болатын. Осыған орай, өткен жұма күні облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы және тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» орталығының өкілдері Успен ауданында басқарма күнін өткізіп, тұрғындармен кездесті.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл...»
Алғашқы кездесу Успен ауданының орталығындағы №3 қазақ орта мектебінде өтті. Оған ауданға қарасты ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мұғалімдер қауымы мен жастар қатысты.
Жиында облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы Талғат Әбілқасымов сөз алып, еліміздегі мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асу барысы жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңын ойдағыдай орындау үшін біздің аймағымызда әлі де көп жұмыс атқару керектігін тілге тиек етті. Сол үшін алдымен аудандардағы мемлекеттік тіл саясаты өз мақсатына жетпейінше, облыстағы көрсеткіш деңгейінің көңіл көншіпейтінін алға тартты. «Жоспар бойынша 2008 жылы Павлодар облысы 100 пайыз мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшу керек болатын. Біз осы талапты әлі күнге дейін орындай алмай отырмыз. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, аталған міндетті атқаруға көпшілік болып қолдау көрсетулеріңіз керек. Қуантарлығы, кейбір өзге ұлт өкілдері басқарып отырған мемлекеттік мекемелерде іс қағаздары толықтай мемлекеттік тілде жүргізілуде. Міне, осындай азаматтардан үлгі алғанымыз абзал», - деді ол.
Алқалы жиында мемлекеттік тілді дамыту, тіл мәртебесін арттыруға байланысты республикада, облыста атқарылып жатқан іс шаралар барысы да сөз болды.
Облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді үйренуі үшін Павлодар қаласында тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» орталығы ашылды. Бүгінде мұнда қазақ тілін меңгеруге ниетті барлық ұлттың өкілдері келіп, тегін дәріс алуда. Сонымен қатар жыл сайын өзге ұлт өкілдерінің арасында аудандық, қалалық, облыстық деңгейде мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған түрлі байқаулар үздіксіз ұйымдастырылуда. Республика көлемінде де мемлекеттік тіл саясатын жетілдіруге бағытталған шаралар көптеп қолға алынуда. Соның бірі - Елбасының тікелей тапсырмасымен алдағы уақытта жүзеге асатын «ҚАЗТЕСТ» бағдарламасы. Бұл жөнінде әңгімелеген Талғат Әбілқасымов мемлекеттік қызметкерлерге арналған аталмыш бағдарламаның бүгінде әзір екенін және онда үш мыңдай сұрақ барын айтып, осыған біздің мамандарымыз сақадай сай болуы керектігін жеткізді. Сол себепті ол әр қызметкер мемлекеттік тілді үйренуге көңіл бөліп, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан мол мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет екендігін жеткізді. Бұдан соң сөз алған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағасы Мұрат Әбдірахманов қазақ тілі әлі күнге дейін жетімнің күйін кешіп жүргенін, сол үшін көпшілік болып күресу керектігін, тіпті кейбір қаракөздеріміздің өз туған тілін менсінбейтіндігін де ашына айтты. Сондай-ақ ол кездесуге келгендерге өзі басшылық етіп отырған қоғамның атқарған жұмысы жөнінде баяндап, барша қауымды тіл жанашыры болуға шақырды. №3 қазақ мектебінің кітапханасына өткен жылы жарық көрген «Қоғам белестері» атты шежіре кітапты сыйға тартты.
Тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» орталығының директоры Ерлан Мұсапов аталмыш орталықтың атқаратын жұмысы жөнінде баяндады. «Ана тілі» орталығының алдына қойған басты мақсаты - Елбасының мемлекеттік тіл туралы саясатының жүзеге асуына үлес қосу, қолдау көрсету. Осы бағытта орталық барлық мемлекеттік қызметкерлерді оқытып, қазақша сауаттарын ашуда. Болашақта орталық ішінде типография жұмысы жанданып, түрлі мекемелерге қажетті Алғыс хаттар, дипломдар, бланкілер, буклеттер, басқа да қажетті құралдарды қазақ тілінде қатесіз шығаруға мүмкіндік жасалады. Тіл үйренушілер үшін жаңадан электронды оқулық та әзірленуде. Ең бастысы, қазақшасы ақсап тұрған аудандарға курстар қажет болса, әркез қолұшын беруге дайынбыз», - деді ол.
Отырыс барысында аудан тұрғындары мемлекеттік тілге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу соңында «Ана тілі» орталығының оқытушысы Полина Ташева аудармашылар мен қазақ тілі пәнінің мұғалімдерінің басын қосып, шеберлік сыныбын өткізді. Ал орталықтың мамандары шағын көрме ұйымдастырып, тұрғындарды мемлекеттік тілді жеделдете оқыту «Портфолье кешенімен» таныстырды, аудан мектептеріне балаларға арналған электронды бағдарламаны табыс етті. Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы Мәулен Ақанов ауыл әкімдерімен ономастика мәселесі жөнінде әңгімелесіп, өзге тілдегі елді мекендердің атауын өзгертуге байланысты пікір алмасты.
Павлодарлық қонақтар аудан орталығындағы «Балапан» балабақшасына да бас сұғып, ондағы қазақ тобында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің жағдайымен таныс болды.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!»
Сөз басында атап өткендей, облыс әкімінің төрағалық етуімен болған жиында Успен ауданына қарасты Тобылжан елді мекеніндегі орта мектепте қазақ сыныптарын ашу мәселесі көтерілген болатын. Осыған байланысты облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың өкілдері аталмыш ауылдың тұрғындарымен, ата-аналар қауымымен кездесіп, ой бөлісті.
Алдымен павлодарлық делегация Тобылжан орта мектебінің тыныс-тіршілігімен таныс болды. Бүгінгі таңда бұл мектепте 69 оқушы орыс тілінде білім нәрімен сусындауда. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. Онда екі интерактивті тақта бар, барлық компьютерлер интернет желісіне қосылған. Мектеп жанынан шағын орталық та ашылған. Бүлдіршіндер орыс тілінде тәрбиеленеді. Алайда, ауылдағы тұрғындардың да, мектепте білім алатын оқушылардың да, шағын орталықтағы тәрбиеленушілердің де тең жартысы өз қаракөздеріміз екенін ескерсек, осы білім ордасында қазақша сыныптар мен топтар ашу әбден орынды. Бұл ойға ауыл тұрғындары да «кет әрі» емес екен.
Тобылжандық тұрғындармен кездескен облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Талғат Әбілқасымов Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде!» екенін тілге тиек етіп, тұрғындарға балаларының мемлекеттік тілді үйренулеріне қолдау көрсетуді өтінді. «Өзінің болашағын күннен-күнге көркейіп келе жатқан Қазақстан Республикасымен байланыстырғысы келетін әр адам алдымен мемлекеттік тілді біліп, оған құрметпен қарауы тиіс. Егемен еліміз үшін мемлекеттік тілдің мәртебесі қашанда биік. Мәселен, Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білім алғысы келетін жастарға мемлекеттік тілді білу шарты қойылады. Мемлекеттік қызметкерлерден де мемлекеттік тілді білуі талап етілуде. Баласының болашағы үшін алаңдайтын әрбір ата-ана бүгіннен бастап ойланғаны жөн. Бейбітшілік пен береке-бірлікті ту еткен біздің көпұлтты мемлекетімізде барлық ұлт өкілдерінің өз ана тілдерін дамытуға мол мүмкіндік жасалып отыр. Алайда, мемлекеттік тілдің орны бөлек, тұғыры биік»,- деді. Осы сөздерді естіген тобылжандық қаракөз ағайындар ұл-қызының қазақша білім алуын бір ауыздан қолдаса, ондағы өзге ұлт өкілдері де балаларының ертеңі үшін мемлекеттік тілді меңгерудің маңызы зор екенін мойындады. Жалпы, кездесуге келген ата-аналардың көпшілігі мемлекеттік тіл саясатын қолдайтындықтарын алға тартты.
Мектеп директоры Гүлнар Қонанбаева ата-аналармен ақылдаса отырып, келешекте шағын орталықта қазақ тобын ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мамандары оған барынша қолдау көрсетуге, қазақ тіліндегі әдістемелік оқу-құралдарымен қамтамасыз етуге әркез дайын екендіктерін мәлімдеді.
Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Күләш Жүсіпбекова мықтап қолға алса, шешілмейтін нәрсе жоқ екенін айтып, ауылдағы өзге ұлт өкілдері балаларының қазақ тілін үйренуге деген ынтасы зор екенін қуана жеткізді. Мәселен, өткен оқу жылында оның 9-шы сыныпта оқитын оқушысы Лена Руденко қазақ тілі пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып, бірінші орын алған екен.
Успен ауданындағы тұрғындардың 60 пайыздан астамын өзге ұлт өкілдері құрайды. Ауданда мелекеттік тіл саясатын жүзеге асыру ісі біртіндеп жолға қойылуда. Аудан әкімі Нұрлан Әутәліповтың айтуынша, былтыр шағын орталықтарда 3 қазақ тобы болса, қазір мемлекеттік тілде тәрбие беретін топтардың саны 6-ға жетіп отыр. Сондай-ақ келер жылы таза қазақ тілінде аудандық газет жарық көреді деп жоспарлануда.
Нұржайна ШОДЫР,
Успен ауданы.

