Өткен жұмада облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Павлодар облысындағы тіл саясаты: аймақтық жүзеге асыру» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болды.
Осы алқалы жиында еліміздегі тіл саясаты бағытындағы өңірімізде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, жетістіктермен бірге кемшіліктер де атап көрсетілді, алда тұрған міндеттер айқындалды.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы Т.Әбілқасымов «Павлодар облысындағы мемлекеттік тілдің бүгіні мен келешегі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Баяндамашы атқарылған жұмыстарды мысалға келтіре отырып, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге барынша көңіл бөлініп отырғанын, бұл істе ілгерілеушілік бар екенін айтты. Мекемелерде тіл дамытудың барысын тексеріп қана қоймай, олқылық орнын толтыруға көмек берілетінін де жеткізді. Басқарма жарнамалардың мемлекеттік тілде сауатты жазылуын қадағалап отырады. Осы мақсатпен 851 мекеме тексеріліп, талап деңгейінде болмағандарға шаралар қолданылды. Жолаушы тасымалы көліктерінде мемлекеттік тілде хабарлауды қамтамасыз етуге айрықша назар аударылды. Мемлекеттік және ресми тілдерде жазылған коммуналдық ақы төлейтін түбіртектер пәтер иелеріне берілуде. Жастар арасында ана тілін меңгеру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру сияқты тәрбиелік-ұйымдастыру шаралары жиі өткізіліп, бұлардың алды дәстүрге айналды.
Тіл үйренемін деушілерді оқулықтармен жабдықтау жақсарып келеді. Оған электрондық оқулықтар ұйымдастырудың алғашқы қадамдары сәтті болуда. Мәселен, оқу-әдістемелік «Ана тілі» облыстық орталығының мамандары дайындаған «Жеңіс» деп аталатын тіл үйретудің жаңа электрондық оқулығы таяуда игілікке айналатыны туралы сүйінші хабар жеткізілді. Облыс әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен таяу арада әр ауданның өз қазақ газеті құрылатыны, мұның өзі жергілікті университеттің журналистика факультетінің түлектері үшін өздерінің шығармашылық күш-қабілетін, ұйымдастырушылық жағын көрсетудің мүмкіндігі екенін құлаққағыс етті.
Бүкіл еліміздегі сияқты облысымызда тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы талқыланып, қолдауға ие болды.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры Р.Қадысова оқу орнында тілдер туралы заңның жүзеге асу барысымен таныстырды. Мемлекеттік тілді дамыту, аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауыл мектептеріне қазақ кітаптарын сыйлау, түркі халықтары жазбасы сияқты мерекені атап өту, жастарды қазақ тіліне үйрету сияқты бағыттарда нәтижелі жұмыстарға қол жеткізілуде. Бүгінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу 80 пайызды құраса, алдағы жылы іс қағаздары толығымен мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сонымен бірге мемлекеттік тілде ғылыми атақтарды қорғаудың қадамдары да сәтті болуда.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Астананың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры М.Серғалиев қазақ тілінің байлығын, әдемілігін айта келіп, ана тілді сүю, құрметтеу әр азаматтың патриоттық парызы екенін қадап айтты.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, оның ішінде қоғамның Павлодар облыстық ұйымының құрылғанына жиырма жыл толды, деді осы облыстық ұйымның төрағасы М.Әбдірахманов. Өткен кезеңде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде көп іс тындырылды. Бұл тіл жанашырларының «Қазақ тілі» қоғамын қолдап, жанашырлық танытуы нәтижесінде мүмкін болды. Солардың қатарында С.Торайғыров атындағы ПМУ, оның басшысы Ерлан Мұхтарұлы Арын бар. Қамқорлық нәтижесінде қоғам тарихы туралы деректерден тұратын «Қоғам белестері» деген кітап жарық көрді. Баяндамашы қоғам тарихы туралы деректер берумен бірге атауларында, ешқандай мән-мағынасы жоқ көшелердің барын айтып, оларға жаңа атау беру қажеттігін еске салды.
«Қазақ тілін оқытудың ғылыми негізі», С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Этнопедагогика және білімдегі инновациялық технологиялар» ғылыми-практикалық орталығының директоры Е.Жұматаева осы тақырыпта баяндама жасап, тіл дамытуды, үш тұғырлы тіл саясатын іске асыруда жұмыстар атқарылғанын айтты. Сонымен бірге терминдерге байланысты өз ойларын ортаға салды.
Астана қаласындағы «Руханият» орталығының директоры Е.Тілешев «Мемлекеттік тілді оқыту жүйесі, деңгейлер мазмұны және сабақтастық» деген тақырыпта баяндама жасады. Қазақ ана тілін сүйіп, оның болашағына сенуі керек. Қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесуге тиіс. Отбасында балаларын ана тіліне баулып, тәрбиелеу ата-ананың абыройлы парызы болмақ, деді ол.
Қазақ тілі және оның Павлодар өңіріндегі әлеуметтік-коммуникативтік жүйесіндегі орны туралы баяндаған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті Қ.Текжанов облысымызда мемлекеттік тілді меңгерудің қазіргі жайы туралы көптеген деректерді келтіріп, осы бағыттағы жұмыстарды ширатудың қажеттігіне тоқталды.
Ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысының соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің Құрмет грамоталары тапсырылды. Мұндай құрметке Б.Нұрмағамбетова, Қ.Текжанов, Б.Сағындықұлы сияқты жерлестеріміз ие болды.
Түстен кейін секциялық отырыстарды тілдерді дамытуға арналған баяндамалар жасалып, талқыланған мәселелер бойынша пікір алысылды.
Ө.ТАСТЕМХАНОВ.

