Қазақ тілінің қолданыс аясы өнеркәсіпті орындарымызда кеңейе бастады! Осыдан бірнеше жыл бұрын зауыттарда қазақ тілінің өрісі қысқа деп ұнжырғамыз түсетін еді. Тіпті, бір кездері тілдің жайын айтпақ түгілі, өндірістерде қаракөздердің қатары сирек болған шақты да бастан өткіздік. Шүкір, қабырғамызды қайыстырған бұл жағдай соңғы кезде біршама түзеле түсті. Өнеркәсіп ошақтарында мемлекеттік тілді меңгерту мәселесі де бұрынғыдан гөрі едәуір ілгері жылжығаны байқалады. Бұған біз таяуда «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Өндірістік-жөндеу бөлімшесінде болғанымызда көз жеткіздік.
Өткен аптаның жұма күні кәсіпорынның жұмысшылары арасында «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты байқау болды. Маңызды шараны ұйымдастырған - «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Өндірістік-жөндеу бөлімшесінде бірталай уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз-аудармашы Бақытжамал Төлегенқызы Данкина. Айта кетелік, біз осы бір тіл жанашырымен бұған дейін де жүздескен болатынбыз. Аталмыш өндіріс орнын аралап, кейін одан алған әсерлерімізбен «Өндірістің қазанын қайнатқан, өнегелі істерді жайнатқан» атты арнайы мақаламызда бөліскенбіз. Сол кезде Б.Данкина өндіріс орнында қазақ тілін меңгерту мәселесіне басшылықтың көп көңіл бөлетінін айтып, талғаммен жабдықталған қазақ тілі бөлмесін мақтанышпен көрсеткен болатын.
Бұл жолы ұстаз-аудармашы тіл мерекесін өткізуді қолына алыпты. Оған бөлімшенің металдар мен дәнекерлеу зертханасы, қазандық цехы, өндірістік-техникалық бөлім, жөндеу базасы, электр цехы, экономикалық жоспарлау бөлімі, еңбек және еңбекақы бөлімі, автоматтандырылған басқару жүйесі секілді әртүрлі құрылымдарда жұмыс істейтін кәсіби мамандар қатысты.
Байқауда барлығы төрт команда бақ сынады. Олар – «Армандастар», «Жорға», «Достық» және «Жібек жолы». Шарт бойынша әр топта бес адамнан болды. Байқау барысында топ мүшелері өздерінің тілдік қорын, ойлау қабілеттерін, өнерлерін көрсете алды.
Алғашқы сынақта әр команданың қатысушылары өздерін таныстырып, кейін телеарна дикторы ретінде танытты. Қазақ тіліндегі теледидар бағдарламасын оқып беруге өзге ұлт өкілдерінің кәдімгідей ынта-ықыласпен дайындалғаны байқалды.
Екінші кезеңде де командалар бір-бірінен озып шығуға талпынды. Олар «бастықтың шұғыл мәжілісі» деген тапсырма алды. «Жібек жолы» командасы хатшыны қызметке қабылдау барысынан көрініс бейнеледі. Әңгімелесу сәтінде қатысушы өзге ұлт өкілдері қазақ сөздерін айтуға біршама төселіп қалғаны көрінді. Олардан «Достық» командасы да қалыспады. Одан кейін «Жорға» мен «Армандастар» өнерін көпшілікке ұсынды.
Төртінші сайыста топ басшылары өздерінің білімін танытты. Тақтаға жазылып қойған «Қазақстан» сөзіндегі әріптерді қатыстыра отырып, қазақ тілінде неғұрлым көп сөз құрай алған қатысушы жеңіске жететін болды. Ұпай санын есептеуде қазылар тобы қатысушылардан әрбір сөздің мағынасын түсіндіруді талап етті.
Одан әрі байқаудың шарты бойынша музыкалық сайысқа кезек берілді. Жиналған көрермендер өнерпаздардың дайындығына тәнті болды. Бұл кезеңде «Армандастар» тобының мүшелері қазақша патриоттық әнді сыйға тартты. «Жорғалықтар» қазір елімізде кеңінен танылып келе жатқан «Қара жорға» биімен тамсандырды.
Қазылар алқасына байқау қорытындысын шығаратын кезең таяды. Төрт топтың ішінен мемлекеттік тілді білуімен ерекшеленген, өнерге жақындығын танытқан үздікті анықтау оңай болмады. Десе де, басқасына қарағанда «Достық» тобының бағы жанды. Олардың көрсеткен өнері жоғары бағаға ие болды. Сайыс нәтижесінде ешкім сый-сыяпатсыз қалған жоқ. Әрбір командаға бағалы тартулар табысталды. Айтпақшы, қазылардың шешімі бойынша «Жорға» тобының таңбасы басқаларға қарағанда әлдеқайда тартымды деп бағаланды. Команда мүшелері өздеріне аспанға шапшып тұрған сәйгүлікті таңдап алған екен.
Бақытжамал Төлегенқызының айтуынша, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге бағытталған «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты байқау осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Қызықты шараны өткізуге жұмысшылар тарапынан да қызығушылық байқалады. Бүгінде байқауға өзге ұлт өкілдерімен қатар кезінде орысша тәрбие-білім алып өскен өзіміздің қандастарымыз да қатысып жүр. Б.Данкинаның сөзіне қарағанда, кәсіпорында қазақ тілінің қолданысы бірте-бірте кеңейіп келеді. Әрине, бұған біз де қуанамыз.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

