«Жеңіс» электронды оқулығы – ел игілігі
Өткен сейсенбіде Павлодар қаласындағы Достық үйінде облыс тұрғындары үшін мемлекеттік тілді тегін оқыту курсының аяқталуына және жаңа ғана жарық көрген «Жеңіс» атты электрондық оқулықтың тұсаукесеріне арналған салтанатты жиналыс өткізілді.
Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің мәртебесі күннен күнге артып, оны үйренуге деген құлшыныс айқын байқалады. Осыны ескере отырып, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мемлекеттік тілді оқып-үйренуге ынта танытып, құштарлық көрсеткен жерлестерімізге арнап тегін оқыту курсын ұйымдастыруда. Мәселен, былтыр мұндай курсты 270 адам бітірсе, биыл 250 адам осындай игілікті істі тындырып отыр. Мұның өзі өңірімізде мемлекеттік тілді үйретуге ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді. Қаржының тапшылығына қарамай, қаражат бөлу нәтижесінде «Тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» Павлодар облыстық орталығы» биылғы наурыз айының бірінен бастап, қараша айының соңына дейін мемлекеттік тілді тегін оқытып-үйретудің курстарын ұйымдастыра білді.
Мұндай курстарға тәжірибесі мол, білімді де білікті мамандар тартылып, 80 сағаттық жеделдете деңгейлік оқыту бағдарламасы бойынша жыл бойы үздіксіз оқыту мүмкін болды.
Бір атап өтерлігі, өзге ұлт өкілдері тіл үйренуге ынта қойып, тыңдаушылардың 65 пайызын құрады.
Курстың жабылу салтанатына облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы Т.Әбілқасымов қатысып, жиналған қауымды айтулы оқиғамен құттықтады. Ол өңірімізде жүргізіліп жатқан тіл саясатына тоқталып, алдағы іс-жоспарлар туралы айтты.
Салтанатты жиында курсты бітірген жандарға білім алғаны жөнінде сертификаттар мен сөздіктер, «Жеңіс» атты электрондық оқулықтар тапсырылды. Тегін оқыту курсының 500-ші тыңдаушысы Е.Пушковаға «Ана тілі» орталығының арнайы сыйлығы табыс етілді.
Облыс бюджетінен қаржыландырылып жасалған, тіл үйренушілерге арналған жаңа электрондық оқулықтың тұсаукесері қызықты да мазмұнды болып, курс бітірушілердің тілді жеңіл меңгеруіне көмектесетін құнды құрал болатыны айтылды.
Бұл – Е.Мұсапов басқаратын «Ана тілі» орталығының жыл бойғы үлкен шығармашылық ізденісінің лайықты нәтижесі. Курс бітірген әрбір талапты жанға алдағы уақытта да мемлекеттік тілді үйреніп, өзімен бірге отбасына, туған-туысқандарға, дос-жарандарға осындай қызығушылықты ұялатуға белсене атсалысыңыздар деген тілек те айтылды.
Ө.ТАСТЕМХАНОВ.

