Мемлекеттік тіл елдің басты нышандарының бірі болғандықтан, оның қолданылу аясын кеңейту атқарушы органдардан басталуы керек. Сондықтан облысымыз іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшірген сәттен-ақ облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы қызметшілердің тілді игеру мәселесіне жіті көңіл аударды. Әуелі мемлекеттік тілде іс жүргізуді талап етуден бұрын қызметшілерге тілді сапалы үйрену үшін материалдық-техникалық жағдай жасалып, әдістемелік көмек көрсету қолға алынды. Осы бағыттағы жұмыстар бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып, 2010 жылы облысымызға 10 мыңнан астам қажетті оқу-әдістемелік құралдар мен сөздіктер жеткізіліп, барлық мемлекеттік органдарға тегін таратылды. Нәтижесінде облысымыздың қызметкерлері қазақ тілін үйренуге арналған оқулықтар мен жұмысқа қажетті сөздіктермен толық қамтамасыз етілді.
Облысымыздың 14 мемлекеттік органы мен 3 мәдени-сауық мекемесі iлеспе аударма құралдарымен жабдықталып, сапалы аудармамен қамтамасыз ету мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары шеңберінде өткен жылы 12 ілеспе аудармашы оқытылды. Сондай-ақ «Тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» Павлодар облыстық орталығында» ағымдағы жылдың басынан бастап жергілікті және аумақтық мекемелердің қызметшілеріне арналған 9 айлық курс ұйымдастырылып, 406 адам қазақ тілін үйреніп жатса, бұдан өзге қалалық мекемелердегі 100 қызметкер қазақ тілін тегін үйренуде. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік қызметшілердің тілді меңгеру деңгейін анықтау, сондай-ақ олардың іс жүргізудегі біліктілігі мен тәжірибесін сараптау және мемлекеттік тілде дайындалатын іс қағаздарының сапасын арттыру мақсатында облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы екі жыл қатарынан «Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл» атты конкурс ұйымдастыруда. Биылғы жылдың жеңімпаздары Ақсу қаласының командасы Астана қаласында өткен республикалық байқауға қатысып, облысымыздың намысын қорғады.
Сондай-ақ, басқарма мамандары аймақтық басқару мектебінде мемлекеттік тіл саясаты бойынша дәріс оқып, тыңдармандарды тіл саясатындағы жаңалықтармен таныстырып отырады. Нәтижесінде қызметшілердің тілді меңгеру жағдайы артып, іс қағазының жүргізілу сапасы әлдеқайда жоғарылады. Атап айтар болсақ, 2007 жылы іс қағаздарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 43,6 пайызды ғана құраса, 2010 жыл бұл көрсеткіш 82,5 пайызға дейін көтерілді. Бұл игі істер алдағы уақытта да жалғасын табады.
Б.ҚАЙЫР,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың
мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бас маманы.

