Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесі күннен-күнге артып, оған деген қажеттілік қоғамның барлық салаларында арта түскенін уақыт өзі көрсете бастады. Облысымыздағы 2009-2010 жылдарға арналған тілдерді қолдану мен дамытудың облыстық іс-шаралар жоспары шеңберінде Павлодар облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қолдауымен Тілдерді дамытудың оқу-әдістемелік «Ана тілі» облыстық орталығы мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдірген барлық облыс тұрғындары үшін тегін оқыту курстарын ұйымдастырған болатын. Тегін оқыту курстарында Павлодар қаласындағы мектеп және балабақша оқытушылары тілді оқып-үйренуге ерекше ниет білдірді. Бұған мемлекеттік тілді үйреніп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрін, өнерін меңгергендіктерін көрсеткен №115 балабақша қызметкерлері дәлел. Олар мемлекеттік тілде өлең оқып, ән айтып қана қоймай, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының журналистеріне сұхбат берді.
Мемлекеттік тілді бұдан әрі жетілдіру мақсатында Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы Т.Әбілқасымов №115 балабақша ұжымымен кездесу өткізді. Мекеме басшылығына жүрекжарды алғысын білдіріп, балабақша ұжымына тіл үйренуге қажетті оқу құралдар мен электронды оқулықтар табыс етті.

