КӨШЕДЕН КӨРГЕН ТҮЙТКІЛДЕР

 

    Бүгінгі Павлодар – республикамыздағы өнеркәсібі қарқынды дамып келе  жатқан қалалардың бірі. Өңірден шыққан тарихи тұлғалардың ескерткіштері, ескінің көзіндей бұрынғының ғимараттары мен мұражайлары, қазақ және орыс драма театрлары – бәрі Ертістің Павлодар өңірі тұрғындарының мақтанышына айналуда. Қаламыздың мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы және кадрлар даярлаудағы маңызы да айтарлықтай. Қазіргі кезде басым бағыттарға бетбұрыс жасалып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланудың арқасында жаңа өндіріс орындары қатарға қосылып, көптеген мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емханалар, тұрғын үйлер салынуда. Павлодар көшелерінің жаңалануы мен тазалығы жөнінен де еліміздегі қалалардың алдында тұр. Субұрқақтар көбейіп, гүлзарлар мен гүлбақтар қаламызды бұрынғыдан да құлпырта түсуде. Әрине, мұның барлығы да – оң істер.

    Міне, осындай келешегі кемел облыс орталығындағы көрнекі ақпарат құралдары мен жарнамалардың дені «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарына сай ресімделуде. Маңдайша жазулар, бейнелі шақырулар мен жарнамалар мемлекеттік және орыс тілдерінде, басқа да тілдерде жазылуда. Олардың орналасулары мен безендірулері көпшілік көңілінен шығуда. Бірақ, бұлардың ішінде орыс тілінен қазақ тіліне аударуда, көше аттарындағы сөздерді қысқартып жазуда жіберілген өрескел қателердің көп кездесетіні өкінішті. Мұндай мекемелер мен ұйымдар басшыларының, жеке тұлғалар мен қаланың мемлекеттік тілге қатысты құрылымы мамандарының назарын аударуды мақсат етіп, кейбір кеңестерімізді ұсынғанды жөн көрдік. Енді осы ойымызды нақты деректермен  дәлелдеп көрейік. Мысалы, Академик Сәтбаев көшесіндегі 27-үйдің көше жақ қабырғасына «Сәнқой» Сән Ательесі» деп аталатын панно орнатылған. Осындағы «Сәнқой» деген сән ательесінің атауы сәтсіз таңдалған, сонымен қатар «сәнқой» сөзінің мағынасына мән берілмеген. «Сәнқой» сөзі «әдемілікке әуес, сән қуғыш» деген мағыналарды білдіретінін, оның «сылаң, сәншіл, әсемпаз» сияқты синонимдері барлығын ескерсек, бұл атаудың осы ательенің атын шығарып емес, қайта беделін түсіріп тұрғанын да аңғаруға болады. Атаудағы «Сән Ательесі» сөздерінің бас әріптермен жазылуы да – грамматикалық қателердің айқын көрінісі.

    Аталған көше бойындағы 19-үйдегі «Аяқ киім, киім» және «Дүкендер желісі» дүкендері есіктеріндегі «режим работы» сөз тіркесі бірінде «жұмыс уақыты», ал екіншісінде «жұмыс тәртібі» деп жазылған. Дұрысы: Мемтерминкомның «режим» сөзін қазақ тілінде «режім» деп қолдануды ұйғарғанына сүйенсек, «жұмыс режімі» болуы керек. Өйткені «уақыт» сөзінің «время», «тәртіп» сөзінің «порядок» деген баламалары бар екендігін ескергеніміз жөн.

     Бұрынғы № 2 аурухана ғимаратының қабырғасында «Ген.Дюсенов к-сі, 4»   деген жазу бар. Кез келген адам мұны түсіне де бермейді. Ол «Геннадий Дүйсенов пе?», әлде «Генерал Дүйсенов пе?» «Генерал Дүйсенов» болса, есімі неге көрсетілмеген? Осы ғимараттың екінші қабырғасында «Дюсенов генерал атындағы көшесі – улица генерала Дюсенова, 4» (дұрысы – «Генерал Дүйсенов атындағы көше – улица имени генерала Дюсенова, 4») деп көрсетілсе, колледж мекенжайы «ул.Г.Дюсенова, 4» деп  көрсетілген. Қандай сауатсыздық?!

     Жалпы, құрметті адамдардың атақтары мен дәрежелері толық түрде «Академик Қ.Сәтбаев атындағы көше», «Генерал М.Дүйсенов атындағы көше» дегендей жазылуы керек қой. «Көшесі» дегенді «к-сі» деп мазаққа айналдырмай, оның түсінікті түрде жазылғаны орынды болмақ.

     Академик Сәтбаев, Лермонтов және генерал М.Дүйсенов көшелері бойындағы қазақшасыз «Аптека № 1», «Все для новоселов», «Технико-экономический колледж» деген жазулардың, болмаса, Торайғыров көшесіндегі 83-үйде ілінген екі көрсеткіш белгінің бірінде «улица Торайгырова – Торайғыров көшесі – 83» (сол жағында) деп, ал екіншісінде «Торайғыров көшесі – улица Торайгырова – 83» (оң жағында) деп орналасуы да Тіл Заңының талаптарын белінен басу болып табылмай ма?

     Көше аттарына назар аударар болсақ, бас көшеміздің бойындағы үйлерден «Академик Сәтбаев көшесі», «Акад.Сәтбаев көшесі» және «Ак. Сәтбаев к-сі» деген көрсеткіш жазуларды кездестіруге болады. Бұл деген нағыз бетімен кеткендіктің көрінісі болса керек. Көше атауын тиісті Мәслихат қалай бекітсе, оның бойындағы үйлерде де көше аттары солай жазылуы тиіс. Ал біздің қаламызда ше?

    Қаладағы автобус аялдамалары атауларында да «Музыкалық колледж» (дұрысы – «Музыка колледжі»), «Халық банк» (дұрысы – «Халық банкі»)  дегендей сәтсіз аудармалар аз кездеспейді. Ал «дүкен Аманат магазин», «мейрамхана Океан ресторан» дегендерді де бір ғана қазақ тілінде («Аманат» дүкені, «Океан» мейрамханасы) жазатын уақыт жеткен сияқты.

    Бұл түйткілдер – біздің жұмысқа барып-қайтар жолымызда көзге түскендері ғана. Басқалай да қаламыздың сән-салтанатына нұқсан келтіретіндей жайттар болып жатса, оларды да жазайық, кеңестерімізді аямайық, ағайындар! Қала – барлығымызға да ортақ мекен: мұнда тұрамыз, еңбек етеміз. Олай болса, осы қаланың көшелеріндегі түрлі жазулардың да көз тартатындай сәнді де сауатты болуына назар аударалық. Шіркін, қаламыз қай жағынан да кісі қызығарлықтай болса ғой!

    Облыс орталығындағы игі істерден басқа қалалар мен аудандардың үлгі алатындарын, сондай-ақ сырттан келген қонақтардың да қала көшелеріне сыни көзбен қарайтындарын ескерер болсақ, мұндай еркіндікке, тіліміздің емле ережелерін мойындамауға әрі көрінеу бұрмалаушылыққа жол бермегеніміз жөн. Демек, көшедегі түрлі ақпараттық және танымдық құралдарда жазу тәртібін сақтап, әр сөзді талғаммен қолданып, сөз жүйесін бірізділікке түсіргеніміз абзал. Жасалған аударма біржақты болмай, қазақ тілінің өзіндік сөз жасалымы бойынша үстемдік құруға тиіс. Осылайша, көрнекі ақпарат, үгіт құралдарында да, көше және басқадай орындардың аттарын жазуда да мемлекеттік тілдің қадірін арттыруға жаппай күш жұмсалсын демекпіз.

Ульян МАҚҰЛ,

Павлодар мемлекеттік педагогика институты

іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бөлімінің бастығы.

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31