ЖАҢА БАҒДАРЛАМА БЕЛСЕНДІЛІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында тілдерді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Көп тілді және көп конфессиялы қоғамда бейбітшілік пен келісімнің орнағанын жоғары бағалай келе, «Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылыққа бастап бара жатқан туған жерге атауын берген қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты» деді. Мұның өзі елімізде тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылға жуық уақыт ішінде  тілдерді дамыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы сан қырлы қызметтің игі нәтижесі екені анық.

Жолдауда бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайтыны, 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға, 2020 жылға дейін кемінде 95 пайызға жеткізу міндеті алға қойылды. Бұл тілдерді дамыту бағытында жаңа серпінді, шығармашылық ізденісті, бұқараның белсенділігін қажет етеді.

Жақында облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың алқа мәжілісінде атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, алдағы міндеттер жан-жақты сөз болды. Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Қ.Еділбай «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 2010 жылы орындалуы туралы» ақпарат берді.

Бүгінде мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақша үйренгісі келетін жандарға тегін курстар ұйымдастыру, мекемелерді саналуан мақсаттағы сөздіктермен қамтамасыз ету, келешектегі игі істің бастамасы – электронды оқулықтарды шығару қолға алынды. Басқарма тілдерді дамыту барысын қадағалаумен бірге әдістемелік жағынан көмектесуге мән береді. Өкінішке  қарай, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атүсті қарап, мәтінді орысшадан қазақшаға аударумен шектеліп жүргендер кездеседі. Көлік, көпшілікке қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілдің қолдану аясына көңіл толады деп айту қиын. Мемлекеттік тілді үйренуде басқа ұлт өкілдері ынта көрсетіп, арасында қазақ тілін жетік меңгерген жастар қатары арта түсіп келеді. Ал қазақтар арасында ана тілін үйренуге салғырт қарайтындар аз емес. Тегін курстарда қазақтар саны аз болғаны алаңдатады.

Мемлекеттік тілді үйренуде, мәртебесін көтеруде аудандардағы атқару органдары тарапынан белсенділік байқалмайтыны осы алқа мәжілісінде бой көрсетіп қалды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ертіс аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ғ.Қайырсқақов жасалған жұмыстарды баяндап берді. Ал Лебяжі, Павлодар ауданынан бөлім меңгерушілері әртүрлі себеппен алқа мәжілісіне келмей, мамандарына есеп беруді жүктепті. Мұндай тапсыра салушылық бұрыннан бар екендігіне, қайталана беретініне басқарма басшылығы қынжылыс білдірді.

Осы алқа мәжілісінде есімі көпке әйгілі қаламгер Мүбәрак Жаманбалинов марқұмның Ертіс ауданында тарихи атауларды қалпына келтіру бағытындағы үлкен жұмысы мысалға келтірілді. Мүкең 34 елді мекеннің 32-сінің тарихи, қазақ атауын қалпына келтіруге бастамашы болған екен. Қазақ тілді аудандық газет шығару, қазақ мектептерінің санын арттыру, қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттау бағытындағы азаматтық белсенділігі - кейінгі толқын жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Жалаң сөзбен тіл саясаты жер-жерде жүзеге аспайды. Мүкең сияқты іспен көрінетін тіл жанашырлары көптеп керек. Осы тұрғыдан алғанда алқа мәжілісінде өз міндеттерін абыройлы атқарған жастарға облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Алғыс хатының тапсырылуы көңілге үміт отын ұялатады. Атап айтқанда, Успенка ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсем Бекенова, Ертіс ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Дәмен Оспанова марапатқа ие болды.

Алқа мәжілісін облыс тілдерді дамыту басқармасының бастығы Т.Әбілқасымов қорытындылады. Мемлекеттік тілді дамытуға байланысты түйінді мәселелерді шешу жөніндегі алқа мүшелерінің ұсыныстары ескеріліп, шешім қабылданды. Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындау, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру қоғам болып жұмылып, белсенділік көрсетуді талап ететіні айқын.

Ө.РҮСТЕМОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28