ҰЛЫ АБАЙ ЖҮРЕГІМІЗДЕ

 

Таяуда Павлодар қаласындағы №25 қазақ орта мектебінде Абайдың шығармашылығына арналған «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-музыкалық концерт болды. Бұл игілікті шараны ұйымдастырушылар – Павлодар қаласындағы «Достық», «Замандас» үйлерінің ұжымдары.

 

Осы заманғы тамаша жабдықталған ғимаратта білім алып жатқан оқушылар Абай атасының шығармашылығымен сусындауды мақсат етіп, мәжіліс орнына көптеп жиналған. Сонымен бірге, шәкірттердің ата-аналары да бұл шараға келіпті. Көрермен жұрт сонау Абай заманын бейнелеп, көзге елестететіндей безендірілген сахнадағы өнерлі жандармен жүздесті.

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ - барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін», деп Абай шығармашылық мақсатын айқындаған болатын.

Сахнаға Абайды бейнелеп, ақынның қарасөздерін, өлеңдерін жатқа оқыған белгілі жыршы Даниял Әсеновті жиналғандар зейін қоя тыңдады. Осының алдында ақынға байланысты бейнефильм көрсетілсе, енді адамды ойландыратын, жігерін жанитын сөздер сахнадан ерекше әсерлі естілді. Достық үйінің «Жетісаз», «Япурай» сияқты топтарының музыкалық сүйемелдеуі концерттің ажарын арттыра түсті.

Д.Әсенов Абайдың өлеңдерін бірінен соң бірін оқыды. Арасында айтылған «Сегізаяқ», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» деген әндердің әуендері жұрттың құлағынан кіріп, бойын алды. Раушан Ерасылова, тағы басқа өнерпаздарды көрермендер жылы қабылдады.

Концерт қысқа да нұсқа болды. Ол өзінің мақсатына жетті деуге болады. Көрермендер ұлы Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін шебердің аузынан естіп, Абай әлемімен тағы да жүздесу бақытына ие болды.

Ардагер ұстаз Тәжібай Шәймерденов осы шараның сәтті өткенін атап өтіп, ұйымдастырушы азаматтарға деген ризашылығын жеткізуге асықты. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ Абайды, оның шығармаларын жетік білуге тиіс, деді. Сондықтан бұл концертті Екібастұз, Ақсу қалаларындағы, облыстың ауылдық жерлеріндегі мектептерде өткізу дұрыс болатынын айтты. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, ардагер аға №25 қазақ орта мектебін шәкірттері концертке ұйымшылдықпен қатысып, мәдениетті көрермендер болғанын, концерттен көп нәрсені біліп, үйренуге тырысқанын да жеткізді.

№25 қазақ орта мектебінің директоры Бұлғын Жалмағамбетова осы оқу орнында Абай шығармашылығын оқып-үйренуге ерекше көңіл бөлінетінін әңгімелей келе, бүгінгі шараның маңызы зор деді.

- Былтыр еліміз Абайдың туғанына 165 жыл толуын атап өтті, деді «Замандас» ардагерлер клубының директоры Қабидолла Шәкәрімов. – Біз бұл мерейтойды ардагерлер арасында өткіздік. Бірақ мұнымен шектелмедік. Мерейтойлы жылда ғана шаралар өткізумен шектелуге болмайды. Сондықтан жыл бойы Даниял Әсенов бастаған өнерпаздардың игі істерін мектептерде жалғастырған жөн деп ұйғардық. Бұл шара – осының іске асқаны. Бүгінгі бала Абай шығармаларын жақсы білуге тиіс.

Қорыта айтқанда, достыққа, бірлікке, ынтымаққа, қоғамның дамуына шақырған Абай шығармаларын жете білген ел ұрпақтарының болашағы жарқын, алатын орны төр болмақ. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекеленетін мерейтойлы жылда Абайды танып, шығармаларын оқып-білудің маңызы арта түсетіні айқын. Ұлыларымызды ұлықтау бағытында бір игілікті істің бастау алғанына күмән жоқ. Ендігі мәселе – Абайды насихаттаушыларды жұртшылық болып қолдауда және оны кең өрістетуде. Жас ұрпақты Абайдың қарасөздерімен және өлеңдермен тәрбиелеуде. Білім саласындағы мемлекеттік мекемелер ұлы Абай шығармашылығын халыққа жеткізу жолындағы бұл бастаманы жете қолдап, облысымыздың айтулы оқиғасына айналдыруына белсене атсалысуы қажет деп есептейміз.

 

Өскенбай ТАСТЕМХАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Ақпан 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28