Кеше облыс орталығындағы «Достық үйінде» ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді дамытудағы өзекті мәселелер. Оны шешу жолдары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымов, «Жазаларды орындау» журналының директоры Әлімжан Жарылқағанов, ҚР Әділет министрлігінің Ішкі әкімшілік департаменті Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы Алуа Төлеуханқызы, ҚАЖ комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы, әділет полковнигі Әбдель-Насер Әлменов, аймағымыздың тіл жанашырлары және ҚАЖ комитетінің аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйі сөз болған жиында Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы Алуа Төлеуханқызы қазақ тілінің аясын кеңейтудегі маңызды мәселерді тілге тиек етті. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, бос сөзден нақты іске көшетін кез келді. Олай болса, мемлекеттік тілді білмейтін адамдарды қызметке алғанда оларға қатаң талап қоюымыз тиіс. Әйтпегенде, атадан балаға мирас болып келе жатқан ана тіліміздің қадыр-қасиетін қашырып аларымыз анық»,- деді ол. Барша қазақстандықтарды тіл мәселесіне бей-жай қарамауға шақырып, бірлесіп жұмыс атқару керектігін айтты. Сондай-ақ, шет мемлекеттердегі тіл саясатын біздің елімізде тәжірибеден өткізу керектігіне де тоқталды.
Іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру жұмыстарына сәйкес, қазіргі таңда ҚАЖ комитетінің 15 облыстық департаменті мен 3 оқу орынында іс-қағаздары қазақ тілінде жүзеге асырылып жатыр. Республика бойынша ҚАЖ комитетінде 18 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Оларға қойылатын басты талап - мемлекеттік тілді білу тиіс. Мемлекеттік тілді дамытуға байланысты жыл сайын ҚАЖ саласында еңбек ететін қызметкерлер арнайы қазақ тілі курсынан өтіп, облыстық, республикалық деңгейдегі семинар-кеңестерге қатысады. Маңғыстау облысынан келген Нұрдәулет Қарабеков: «Қазақ тілін құрметтеу - нағыз патриоттардың ісі. Туған елін шексіз сүйетін азаматтар ғана тамыры терең ана тілінің бүгінгі жағдайына алаңдаушылықпен қарайды. Тіліміздің көсегесі көгерсін десек, балаларымызды кішкентай кезінен қазақы салт-дәстүр бойынша тәрбиелеп, өсіруіміз қажет. Қазақ тілді балабақшалар мен мектептерге оқуға беруіміз тиіс. «Отан отбасынан басталады» демекші, барлығын өз ортамыздан бастауымыз қажет»,- дейді.
Жиын барысында басқа да тіл жанашырлары мемлекеттік тілдің мәртебесін биікке көтереміз, қазақ тілін дамытамыз деп байбалам салғаннан, нақты іске көшу керектігін атап өтті.
Фархат ҚЫЗДАРБЕК.

