ҰЛТЫҢДЫ ҰЛЫҚТАУ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫҢ!

Тіл тағдырына қатысты жазылған мақала, сұхбат – ұзынсонар, шығын сөз. «Қазақтың басқа жұрттан сөзі ұзын» деген Абай. Сөз бар, ісіміз шала-науқаншыл. Елең құлақ қазақ бүгінде керең құлақ, самарқау, енжар. Елбасы: «мемлекеттің болашағы – қазақ тілінде», «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деді. Президент сөзін тыңдамаған жергілікті әкім-қаралар мен мекеме басқарып отырған қандастарымызға қандай ақыл айтуға болады?

 

Өтіп бара жатқан, жүйткіп бара жатқан өмір-ай!

Өткен мен бүгінгі тірліктің өлшемі уақыт пен кеңістік қана ма? Рух пен санадағы өзгеріс, болмысты қабылдау қабілет-қарымымыз қай деңгейде? Жаһандану көшіне ілескен қазақ ұлтының алдағы ұлттық бейнесі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қандай болмақ? Өз ортаң өгейлік танытып жатса, оған қарсы тұрарлықтай рухани өрісіміз қандай? Ақыл адасып, алда-жалда өтірік алға озса не істемек керек? Сансыраған сан сұрақтың бір жауабы: ұлтыңды ұлықта, рухтан, санадағы дерттен арыл, өзіңді сыйла, ана тіліңді құрметте дегенге саяды. Асылы, рухың биікке көтерілсе ғана көкжиегіңді танисың, өзіңді танисың, өзгеге де қадірің артпақ. Тек осылайша ой терсең, ұлт мүддесін асқақтата аласың. Өмірден санақ емес, сабақ терген ұтады. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан -ата-бабалардың орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы, оның туын жықпай ұстап тұру өскелең ұрпақтың ұлттық рух-қуатына сын. Ақиқатқа жүгінген жөн. Бір кездері басқаға еліктеген қазақ бүгінгі күні өркениетті, өнегелі, ғылым-білімі дамыған, ғарышты бағындырған өрісті ел. Халықаралық деңгейде салмағы, үні бар, басқаға сөзі де, ісі де өтімді мемлекет құраушы ұлт. Экономикамыз тұрақты, әлеуметтік хал-ахуалымыз да жақсарып келеді. Жақсы сөз – жарым ырыс. Ұлт тағдырына қатысты кейбір ой-түйін көкірегі ояу жан үшін сенім кепілі десек, көкірегі көрсоқыр пенделер үшін аттандаған айқай-шу болуы да мүмкін. Оны уақыт үлесіне қалдырайық. Қалай десек те, ұлт болашағына енжар қарауға, өз бойымыздағы жақсы мен жаманды айтпасқа болмайды. Амал нешік, ащы айтсақ – жақпаймыз, тәтті айтсақ – ұқпаймыз. Әркім өзін сыннан өткізіп, өз мінін біліп, өз осалдығын сезіну керек.

Кінәліні сырттан іздеп әуестенгендер аудармашы арқылы сөйлескенін тіл мәртебесіне қосқан үлесім деп есептейді, жалған сөйлеп, өзін де, ұлтын да алдап отырғанын сезе ме екен? Жала жапты десеңіз, қала ішіндегі кез келген мекеменің аударма қағаздарымен танысып көріңіз. Торайғыров көшесінде орналасқан «көші-қон» департаментіндегі, академик Сәтбаев көшесіндегі №1 дәріхана, Қамзин көшесіндегі №5 емхана төріндегі аудармалардың мәтінін түсіну үшін тіл маманы болу аз. Мына аударманы тыңдап көріңіз. ...Қателік табылған уақытта агент тиісті жинақтаушы зейнетақы қорына қателікті түзету жөнінде өтініш берсе, 2006 жылдың 1 шілдесінен бастап қателік табылған жағдайда агент қате жіберілген міндетті зейнетақы салымдары аударымын қайтару үшін, сәйкес жинақтаушы зейнетақы қорына жіберу үшін қатенің орын алған себебін атай отырып...

Баяғыда бір қойшы «сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» деген екен. Бүгінгі аудармашының көбі «аңқау елге - арамза молла». Олардың түрін түстеп айта аламыз. Бойымызға ана сүтімен дарыған қайран қазақ тілі санамызға сіңбепті. Әрине, бағдарлама қабылдап, жөн сілтеу бір басқа, оның орнығуын бақылау, талап ету бір басқа. Жауапсыздық жайлаған жерде іс оңға бұрылмасы анық. Бізде қай салада болсын өз тіліне шекеден қарап, орысша сайрағандарды арқадан қағып, қолпаштау басым. Содан олар дандайсып, кеуде керіп, көркейіп жүреді. Туғанда қазақ атанған ұрпақ бүгінде мазақ атанып жүргеніне аса көп абыржымайтын сияқты. Намыссыздық, русыздық бүгінгі қазақ бойына жабысқан кеселді дерт, кешегі келмеске кеткен кеңестік дәуір сепкен ұрықтан өсіп-өнген өнім. Отбасың қалай сөйлесе, орманың да солай сөйлейді. Үйде, мектепте, көшеде қазақ баласы орысша сөйлейді. Өзің аялап өсірген гүлің – шөлде өскен тікенек. Тілі жат, рухы жат. Батысқа қарап ой түзеген, ұлттық тәрбие көрмеген. Кінәлі тағы да өзіміз. Менің Тиш Артур атты досым бар еді. Қазақ мектебінің түлегі. Кейін тарихи отанына көшіп, сонда өмірден озды. Хат жазысып, телефон шалып хабарласып тұрдық. Бір сөзінде: - мен қазақтың тілін, әуезді әнін сағындым. Сендер өз елдеріңде жүріп, ана тілін білмейсіңдер. Ұлттық тәрбиенің жібін үзіп алғансыңдар, - деп намысыма                 тигені бар. Әділ сөзге айтар дау жоқ. «Не ексең, соны орасың». Қазақ десең өзіңе тиеді. Ащы да болса шындықты мойындамасқа болмайды. Шетелдіктер үшін Қазақ елі –              байлық көзі. Итальяндық кәсіпкер Рональдо деген: -Мен әлемнің 141 елін араладым. Өз жерінде, өз елінде тұрып өз тілінде сөйлей алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол қазақ халқы екен, - деген пікірін республикалық басылымдар жарыса жазды. Намыстанудың орнына сүйінші сұрағандай. Ақылы жоқ желікбас, ана тілін сүймеген, халқын сүйіп жарытпас. Жақсы атқа бір қамшы, шабан атқа мың  қамшы. Бойдағы русыздық дерті асқынып кетті, созылмалы науқастан айығар түріміз байқалмайды. Автобуста екі қандасымыз жат тілде былдырап азан-қазан. Ішкен, қызу. Өзгенің өзегіне өзеуреп, өз тілін өзекке теуіп келе жатқан мүскіндер. Ара-кідік былапыт-тұздық сөз. Осыларды туған аналарын аядым. Өз тілін өгейсіткен жарымес қылық - қылмыс, ал қылмысты кешіру - ол да қылмыс. Тілді жәбірлеу - кешірілмес күнә. Қазекең шетелдік машина мінгеніне мәз. Бір арбакештің қызметіне мәжбүр болған едім. Зымыраған жүйрік машина аспандағы жұлдызбен жарысқандай жолдың шаңын қағып келеді. Рөл ұстаған орта жастағы азамат жаңа байыған, «крутой қазақ». Мақтаншақ, даңғой. Жылдамдықтың шегіне жетті. – Сіз тіл тағдыры жайлы қинала сөйлейсіз. Зачем все это, жить надо красиво. Остальное мало волнует, - деп ақыл айтқаны жанға батты. Әлгі әумесер, лепірбайды лепіртіп қойған қоғамның көзіндегі теріскен-шелді көрген кім бар екен?..

Бүгінгі қазақтарды төрдегі қара жәшік тәрбиелеп жатыр. Жас та, жасамыс та, бүлдіршін періштелер де теледидарға тәуелді. Батыстың даңғаза әуендері жастардың эстетикалық талғамын бұзды. «Супер стар», «Азия дауысы», «Екі жұлдыз» тобырлық мәдениет. Ұлттық дәстүрді насихаттайтын «Шыңның жүзі», «Ұят болмасын», «Ақжүніс», «Үзеңгі жолдас» сияқты басқа да бағдарламалар бүгінде көрсетілмейді. «Інжу-маржанның» «тақтан түспегеніне» шүкіршілік айтамыз. Сәбилердің болашағы да қатты алаңдатады. Құбыжықтардан қорықпайтын балалардың өсіп келе жатқаны тым қорқынышты. Балабақша, мектептердің бір бөлігі әлі де орыс тілді, аралас мектеп-дүбаралар мен қойыртпақ тілді орда, түлектері шұбар тілді. Ал жоғары білім беретін оқу орындарында қазақ тілін білмейтін шәкірттерге талап қатаймаса, ана тілі өз мәресіне жете алмасы - беті ашық мәселе. Қандастарымыздың өз тағдырына жауапсыз қарайтыны өкінішті-ақ. «Ашу не дегізбейді, аштық не жегізбейді». Қазақтың батыр ұланы Бауыржан атамыз 1944 жылы қысқа мерзімді демалысқа келіп, сол кездегі астанамыз Алматы қазақтарының ұрпақ тәрбиесіндегі олқы тұстарын көріп, көңіл-күйі келіспеген көрінеді. «Өз ұлтын құрметтеп, мақтан тұтпайтын адам - сөзсіз сатқын және қаңғыбас» деп қатты сөзге барғанын білеміз. Ұрпақ болашағына, ұлт тағдырына немқұрайды қарай алмайтын Баукең: - Оттан да, оқтан да қорықпаған Бауыржан едім. Кейінгі кезде қорқынышым көбейіп барады. Балаларға бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқам, екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқам. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген ұрпақтың көкірегі көрсоқыр бола ма деп қорқам. Ал көрдің қолына балта берсең, ойланбай шаба салады, бақыр берсең ала салады, найза берсең, намыстанбай сұға салады. Мен табиғатынан, тағдырынан болған соқырлықты айтып отырғам жоқ, тауып алған соқырлықты айтам. Егер ондай соқырлықтан жазылмасақ, халық болудан қаламыз ба деп қорқам, - деген екен. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Баукеңнің жан айқайы - қазақ ұлтының қазіргі рухани өресіне қойылған дәл диагноз. Төзімнің де шегі бар. Алға жетудің басты шарты санадағы сілкініс болғай, кері кетудің себеп-салдары рух әлсіздігінен екенін есте сақтаған жөн. Адасқанның айыбы жоқ. Өз ортасына оралудың жолын табу – санаға сын. Жаһандану тәнімізді жалаңаштап, қазақи мінезден айыру үшін жанталасуда. Бүгінгі жомарттық бақай есеп, ағайыншылық бұл да сатулы, ақжарқын жарастық қытымыр қатыгездік, кеңпейіл, кісілік тыз етпе, тікбақай, ашушаң даңғой шуға айналды. Бабалар              тілі шешендік, бүгінгі тіл шоқалақ, міңгір, қойыртпақ шүлдір. Бабалар аталы сөзге тоқтаған. Бүгінгілер төрелер сөзіне «ләппай тақсыр» деп шұлғиды. Тыңдаушысын тамсандырып, толғандыратын ақ өлеңмен өрілген, ақ маржан боп төгілген қайран қазақ тілінің болашағы өзіміздің рух пен сана үндестігіне құштар. «Намыстан жаралған наркескен халықпыз, елдіктің найзасын ерлікпен жаныған халықпыз» деп кеуде керіп сөйлегенде аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін қазақ үшін сәт сағаты соғып тұр. Ынтымақ, бірлігі жарасқан іргелі мемлекетпіз. Әр ұлт тілін, дінін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын дамыту үшін жасалып жатқан игі істер жақсылық нышаны деп қабылдағанымыз               жөн. «Қара тасты қақ жарып шыққан таудың кәусар бұлағы қандай мөлдір болса, қазақтың тілі сондай таза. Мәселе оны көздің қарашығындай сақтай білуде. Сақтап қана қоймай, қасиет тұта, қастерлей де білу керек» деген Елбасының сөзі тіл тағдырына қатысты ұлы көштің жаңа мәнді бетбұрыс, ендігі бетбұрыс ұлты қазаққа сын. Әлеуметтік тәжірибеде мемлекет құраушы ұлт 60 пайыздан асса, онда сол мемлекетте мемлекеттік саясат мемлекет құраушы ұлттың мүддесі мен мұратына жұмыс істеуі қажет. Оған біз дайынбыз, алғы шарттың бәрі де бар. Тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытпен салыстырсақ, қазіргі сәтте демографиялық жағдай ұлт мүддесіне қызмет етуге сәйкес, қолайлы. Елімізде өзге этнос өкілдерінің көзқарасында жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік қалыптасты. Мемлекеттік тіл туралы заң қазақ халқына ғана емес, Қазақстанды туған елім, өз жерім дейтін басқа этнос өкілдеріне де қажеттілікке  айналды деуге негіз бар. Оны кейінгі кездегі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерден айқын байқауға болады. Ендігі мәселе тек өзімізге, ұлттық рухымыз бен санадағы оң  өзгерістерге байланысты. Жер үсті, аспан астында қазақ деген халық жалғыз, біз басқа ұлттан өсіп-өнген дүбара ұрпақ емеспіз. Қанымыз таза, текті, намысты ұлттың өкіліміз. Қазақтың қамын ойлайтын қазақ қана. Ұлтыңды ұлықтау перзенттік парызың. Тіл тағдыры өз қолыңда, ойлан ағайын!

 

Әбентегі Қайрат Мұзапарұлы,

ардагер ұстаз.

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Наурыз 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31