Бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсету салаларында мемлекеттік тіл аясы мен тіл құқығын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар белсенді жүргізілуде. Облыс аумағында осы тұрғыда көптеген жұмыстар атқарылып отыр. Павлодар облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен дәстүрлі түрде өтетін «Басқарма күні» шарасы - солардың бірі. Аталмыш шара жуырда «Қазақтелеком» АҚ облыстық телекоммуникациялар дирекциясында ұйымдастырылды. Оған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбілқасымов, жоғарыда аталған мекеменің бас директорының орынбасары, қаржы директоры және мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі комиссия төрағасы Сәкен Мейрамбаев, сондай-ақ, қазақ тілінің жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтар қатысты.
Талғат Шәйкенұлы облыстағы мемлекеттік тілдің хал-ахуалы төңірегінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты жанынан құрылған «Тәуелсіз зерттеу орталығының» аймақтағы мемлекеттік тіл қолданысы бойынша жасаған әлеуметтік зерттеу жұмыстарының қорытындыларымен таныстырып өтті. «Бүгінгі таңда кез келген азаматтың мемлекеттік тілді меңгеріп, оқуына зор мүмкіндіктер жасалған. Облыс орталығында қазақ тілін оқыту орталықтарының саны он сегізге жетті. Жылына 13 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді меңгеруде», - деді. Мәлім болғандай, «Қазақтелеком» облыстық филиалында іс жүргізу мен халыққа қызмет көрсету мемлекеттік тілге көшірілген. Мекеменің аудандық және қалалық телекоммуникациялар тораптарында 1600-ден астам қызметкер бар. С.Мейрамбаевтың айтуынша, филиалда мемлекеттік тілге оқыту жүйесі қалыпқа келтіріліп, мамандармен қатар техникалық қызметкерлер де оқумен қамтылған. Жиын соңында облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері мекеме басшылығына сөздіктер мен оқу-әдістемелік құралдарды сыйға тартты.
А.ӘДІЛБЕК.

