Еліміздегі мемлекеттік саясатқа сай іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді қамтамасыз ету - тіл саясатының негізгі бағыттарының бірі әрі бірегейі.
Мемлекеттік тілде іс жүргізу жұмысы тек тіл мамандары мен аудармашы-сарапшылардың міндеті деп қарайтын әдеттен арылуымыз керек. Мемлекеттік қызметке қазақ тілін білетін мамандарды ғана қабылдау қажет.
Елбасы Жолдауында 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға арттыру міндеті тұр, одан кейін 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу жоспарланғаны белгілі. Ендеше, белгілеген межеге жету үшін, іс қағаздарының мемлекеттік тілде орындалуына көп көңіл бөлуіміз қажет. Яғни, қызметкерлерге қазақ тілін оқып қана қоймай, өздігінен мемлекеттік тілде құжат дайындауды талап ету керек.
2011 жылғы ақпан айында бекітілген жоспарға сәйкес, Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кейбір мемлекеттік мекемелерде Қазақстан Республикасының Тілдер туралы Заңының орындалу барысын бақылады. Тексеріс жұмыстары ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, қазынашылық басқармасы, дене шынықтыру және спорт, жер қатынастары бөлімдерінде жүзеге асты.
Шара нәтижесінде мемлекеттік мекемелердің өзінде іс жүргізу 100% мемлекеттік тілде жүргізілмейтіндігі, мекемеде еліміздің тілдер туралы Заңының орындалуына жеткілікті көңіл бөлінбейтіндігі, облыс әкімдігінің 2007 жылғы 30 наурыздағы іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруді аяқтау туралы 89/4 қаулысы орындалмай отырғаны анықталды.
Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының бұзылуына кінәлі кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Осындайда Тұманбай Молдағалиевтің:
Құлағың тос кеудемдегі дірілге,
Құлағың тос сен мендегі бір үнге.
Қазақ болып көбейтпей-ақ қой елді,
Сол қазақтың сөйлемесең тіліңде! - деген сөзі еріксіз есімізге түседі.
Қазіргі кезде көрнекі ақпараттың заңға сәйкес жазылуы назардан тыс қалған емес. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы Заңның 21-бабын түсіндіру, насихаттау бойынша Ақсу қаласында бірқатар жұмыстар жүргізілді.
Заң талаптарына сәйкес барлық мәліметтер екі (мемлекеттік және орыс) тілде орындалуы керек. Көрнекі ақпараттардың барлық мәтіні мына тәртіп бойынша орналасуы шарт: сол жақта немесе жоғарыда - мемлекеттік тілде, оң жағында немесе төменде орыс тілінде, барлық әріптер бірдей өлшемде жазылуы тиіс.
Көрнекі ақпаратты қадағалау, заңнамаға сәйкестендіру үнемі бақылауды қажет етеді. Сондықтан да сөзбен емес, іспен дәлелдейтін тіл жанашырлары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылатын жұмыстарда белсенділік танытса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тіл мәселелерінің оңтайлы шешілуі ұлтаралық қатынас тұрақтылығының, Қазақстан халықтарының ынтымағын нығайту және қоғамдық келісімді сақтаудың негізгі факторы болып табылады. Осы бағыттағы мүмкіншіліктерді толық іске асыру - алдымызға қойылған басты мақсат және баршамызға ортақ іс.
Айжан ЕСЖАНОВА,
Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.

